«Бірлік – дамудың негізі»
Бірлік пен тұрақтылық – ел дамуында назарға алатын басты фактор. Ауызбіршілік пен тұтастық, тұрақтылық болмай, алға басу да болмайтыны анық.
Әсіресе елімізде ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының маңызы зор. Көпұлтты мемлекет болу, шашырап, әркім қара басының қамын ойлау емес, әр адамның таңдауы мен болмысына сыйластық таныта отырып, қазақы тіл мен ділдің мәртебесін көтеру. Осы орайда, ағымдағы жылдың 3 шілдесінде Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Ассамблея жастары» ҚБ ІІІ республикалық слеті өткізілді. Бірнеше күнге созылған шараға республика көлемінде қоғамдық бірлестіктің жас қызметкерлері қатысып, іс-шаралар өткізді.
Атап айтсақ, бірінші күні қатысушылармен «Жастар – есірткіге қарсы» атты дөңгелек үстел өткізу арқылы, тимбилдинг жүргізілді. Жас белсенділер бір-бірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Дөңгелек үстел барысында есірткінің заңсыз айналымға енуінің құқықтық салдары, психоактивті заттардың таралуы мен синтетикалық есірткілердің зияны жөнінде талқылап, пікірталас ұйымдастырды. Ал іс-шараның екінші күні Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен қатысушыларға Кербұлақ ауданы, «Алтын емел» ұлттық қорығында экскурсия өткізілді. Республика көлемінен жиналғандар өлке тарихымен танысып, жаңа мекендерге сапар шекті. Экскурсия барысында іс-шараға қатысушыларға Жетісу облысының көрнекті жерлері таныстырылды. Келесі кезекте қатысушыларды үшінші күннің іс-шарасы күтіп тұрды. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік – дамудың негізі» Жетісу облысындағы III жастар сессиясын «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмұрбаев ашып, сөз сөйледі.
«Ынтымақтастық пен бірлік, тұтастық пен татулық – қай мемлекет үшін де қадірлі ұғымдар. Осы орайда, қоғамдық бірлестіктің маңызы ұшан-теңіз екенін жоққа шығара алмаймыз.
Біз осыған дейін негізгі алты бағытта жұмыс істеп келдік. Ең бастысы – «Бірлік тілі» жобасы арқылы мемлекеттік тілді оқытып, түрлі этникалық топтардың жастары қазақ тілін үйрене алатын speaking-club форматында нетворкинг алаңдарын ұйымдастырдық. Қазақстан халқының мәдениетін, тілдерін және дәстүрлерін дамытудың шоғырландырушы факторы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін күшейту аясында этномәдени бірлестіктер өкілдеріне арналған тіл мектебі, «Ұлы даланың – Ұлтаралық тілі» республикалық форумы, «Мың бала» ҚХА мәдени-ағартушылық сынды жыл сайын өтетін жобалар – осы сөзіме мысал. Жалпы, айтылған бағыттар «Ассамблея жастары» қызметін шектемейді. Өткен жылдары да өте қызықты жастар жобалары жүзеге асырылған аймақтық бастаманың да маңызы зор. Мысалы, BIRLIK жастар лагерін 10 жыл бойы өткізу бастамасы бүгінде халықаралық дәрежеге ие болдық», – дейді Т. Жұмұрбаев.
Татулық пен бірлікті ту еткен, отансүйгіштікке жастарды баулыған мұндай іс-шаралар әрбір қазақстандық жасты Отанын қалтқысыз сүюге, қазақ тілін үйреніп, оның терең тарихын білуге жол ашары сөзсіз. Жалпы отансүйгіштік сияқты аяулы сезімдер осындай шынайы істерден басталары анық.
С.БАҚБЕРГЕН
Жетісу облысы