Блогер Әділетхан Молдаханның үкімі өзгеріссіз қалды
Бүгін, 22 қыркүйекте Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында блогер әрі заңгер Адилетхан Молдаханның ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтті.
Сот бірінші инстанция шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, Молдаханға тағайындалған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы күшінде қалды.
Блогердің жұбайының айтуынша, отбасы зардап шеккен тарапқа моральдық өтемақы төлеген. Сондықтан ол күйеуін қамаудан босатады деп күткенін айтты.
Еске салайық, Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылған. Бұдан бөлек, сот оған бес жыл бойы қоғамдық-саяси, публицистикалық және блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салған.