Бішкекте жаппай төбелестен кейін ұсталған Мысыр азаматтарына үкім шықты
Қырғызстанда қонақ үй маңындағы жаппай төбелестен кейін ұсталған Мысыр азаматтары үйқамақпен босатылды. Бұл туралы Бішкек қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Vesti.kg басылымының жазуынша, бір күн бұрын Бішкектің Свердлов аудандық соты шетелдіктердің қамауға алынуын заңды және негізді деп танып, 17 шілдеге дейін үйқамақпен босату туралы шешім шығарған.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан астанасында мамырдың 17-нен 18-іне қараған түні рұқсат етілмеген митингіге байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген болатын. Шеруге қатысушылар 13 мамырда жатақханалардың бірінде шетелдік азаматтар мен жергілікті тұрғындар қатысқан жаппай төбелеске наразылықтарын білдірді. Оқиғаның видеосы кейін әлеуметтік желіде тарады.
Митингтен кейін 29 адам медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің үшеуі ауруханада жатыр. Бірнеше шетелдік ұсталып, Свердлов аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Күдіктілер қырғыз халқынан кешірім сұрады.
Ал, Пәкістанда 18 мамыр күні Бішкекте ұсталған шетелдік студенттерге күш қолдануға қарсы шерулер өтті. Кейінірек 19 мамырда Бішкектен бір топ пәкістандық мінген ұшақ Ислам республикасының астанасына қонғаны белгілі болды.
Қырғызстан мен Пәкістан сыртқы істер министрлері 21 мамырда Астанада өтетін ШЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аясында кездеседі.
Фото: vesti.kg