Бұқараның басты сауалы: Билік білгенін істей бере ме?
Орталық сайлау комиссиясының бақылаушылардың еркіндігі мен құқын шектеу туралы жаңа қаулысынан кейін халықты былай қойғанда, сарапшылардың өзі қандай жол ұсынарын білмей қалды.
Оның үстіне тіркелген жалғыз оппозициялық партия – ЖСДП парламенттік сайлауға барудан бас тартты. Сонда халық кімге дауыс бермек?
Бұл оқиғадан кейін саяси жауырыншылардың болжамдарының өзі тығырыққа тірелді. Енді бірнеше күннен соң партиялардың үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ал оған дейін саясаттанушылар өз жорамалдарын
айтып қалуы керек. Сонымен, сан түрлі пікірлерге негізделіп, ортақ тұжырымға келе алмай жатқан сарапшылар не айтқысы келеді? ОСК-нің жаңа қаулысына дейін бүкіл бақылаушыларды оқытып келген ХАҚ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева тобы амалдың жоғынан басқа жол іздеуге мәжбүр болды. Бас прокуратураға, жоғарғы сотқа қаншама өтініш түсіргенмен, енді ОСК қаулысын өзгертпейді. Не істемек керек? Қазір Тоғжан Қожалиева Әлнұр Ильяшев, Дастан Қадыржанов, Димаш Әлжанов секілді азаматтардан құралған бастамашылдар тығырықтан шығар жол іздеп, «Азаматтық балама» атты ашық платформа құрғанын мәлімдеді.
Сонда олар не істемек?
— Қазақстанда өткізілген бірде-бір сайлау әлемдік қауымдастық тарапынан тәуелсіз және әділ деп танылған емес. Сайлауды ұйымдастыру жүйесі тек қазіргі биліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін құрылған жүйе. Ол бізді таңдау құқымыз бен мемлекетті басқаруға қатысу құқымыздан толықтай айырды. Қолданыстағы Конституцияда «Биліктің қайнар көзі – халық» делінгенімен, дәл қазір халық биліктің шынайы көзі болудан қалды. Алдағы сайлауға қатысатын барлық партиялар – режимнің жобасы, ал олардың партиялық тізімдері билікке адал, мойынсынғыш адамдардан құралған және «жоғарыдан» бекітілген. Билік тағы да мәжіліске тек өздеріне тиімді болатын құрамды тағайындауға және жемқор олигархиялық топтардың мүдделері үшін заңдар қабылдауды жалғастыруға бел буды. Қазақстандықтардың басым көпшілігі мұнымен келіспейді. Қоғам жаңару мен өзгерісті күтеді, – дейді «Азаматтық балама» ашық платформасын құрушылар.
Сондықтан да «Азаматтық балама» тобы «10 қаңтар күні барлық шаруаны ысырып қойып, сайлау учаскесіне келіп, бюллетеньдегі барлық партияларды сызып тастау керек» дейді. Бастамашылдар осылайша билікке бағынышты партияларға дауыс бермеуге шақырады.
– Әділетсіз сайлауға қарсы халықтың бірлігі мен ынтымағы қажет. Біздің бірлігіміз жаңару жолындағы алғашқы қадам болуы мүмкін. Барлығыңызды нық сеніммен бір ғана әрекет жасауға шақырамыз, сайлау күні жемқор режимге «жоқ» деп айтамыз, – дейді «Азаматтық балама» ашық платформасын құрушылар.
Осы платформаны жақтаушылардың бірі, саясаттанушы Дастан Қадыржанов: «Қолымызға тиген сайлау бюллетені қағазында барлығына қарсы дауыс берейік. Біз өз таңдауымызды және еркіндігіміз бен қарсылығымызды осылай ғана білдіре аламыз. Өйткені бізде бір мақсатқа біріккен ортақ оппозиция жоқ. Сондықтан біздің нұсқа ғана тиімді», – деген пікірде.
Алайда бұл тығырықтан шығар жол ма? ЖСДП-ны сайлауға қатысу құқынан айырып, билікшіл өз партияларын ғана қалдырған бұл жүйе, шындығында, халыққа таңдау құқын білдіретін балама жол қалдырмады. ХАҚ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның өзі «сайлауға түсетін барлық партияларға қарсымыз» деп, бюллетеньді сызу арқылы бұл сайлаудың әділетсіз екенін көрсетеміз» деген пікірде. Оның ойынша, сызылған бюллетень жарамсыз деп танылғанымен, ол бәрібір хаттамаға тіркеледі.
Әрине, «Азаматтық балама» ашық платформасы тобының бұл пікірін қоштамай отырғандар көп. Біріншіден, бұл топтың арнайы штабы жоқ. Олар халықты осындай қадам жасауға ғана шақырып отыр. Сондықтан бұл жоба сайлауда өз нәтижесін бере қояды дегенге сену қиын.
Қазіргі жағдайды саралай қарағанда, бұл ОСК-нің қаулысынан кейін құрылған бастамашылдар тобының ұсынған алғашқы жобасы. Ал екінші қадам – бойкот жариялайтындар тобынан құралған. Оны Жанболат Мамайдың жақтастары мен ЖСДП партиясы қолдап отыр. Ал оларға тоқталу артық. Өйткені ел үшін сын сағаты соққан кезде сайлауға бойкот жариялау еш нәтиже бермейді.
Ал енді саясат маңайында жүрген азаматтардың үшінші тобы сайлауда «Nur Otan» партиясынан басқаға дауыс беру қажеттігін айтады. Мысалы, Францияда жүрген қашқын банкир Мұхтар Әблязов барлық оппозицияны сайлауда ЖСДП-ға дауыс беруге шақырды. Бұл жоба жүзеге аспағаннан кейін кеше «Ақ жолға» дауыс берейік» дегенге көшті. «Сол арқылы билік партиясының сайлауда масқара боп жеңіліске ұшырауына ықпал етеміз» деп отыр. Бірақ сыртта жүрген қашқын банкир қаншалықты ішкі саяси жағдайды есепке алып, бағамдап отыр? Мұны дереу түсінген «Ақ жолдың» төрағасы Азат Перуашев екі айға дейін партияға ешкім мүшелікке қабылданбайтынын жария етті.
Парламенттік сайлауда «Nur Otan» партиясынан басқаға дауыс беру жобасы қаншалықты нәтиже береді? Оппозиционерлердің әзірге жалғыз ұстанған ұраны сол ғана болып тұр.
Осы уақытқа дейін әлеуметтік желі арқылы бақылаушыларды оқытып келген Ермек Нарымбай ОСК-нің жаңа қаулысынан кейін кеше өз ойынан айнып, енді «Ауыл» партиясына дауыс беруге шақырды. Неге «Ауыл» партиясы?! Ермек Нарымбай: «Барлығына қарсы дауыс беріп, бюллетеньді сызу жобасы ешқандай нәтиже бермейді. Ол жарамсыз деп саналып, жәшікке төгіледі», – дейді.
– Біз басқа партияға дауыс беру арқылы «Nur Otan-ның» көрсеткішін күрт төмендетеміз. Ал «бюллетеньді сызу» позициясын қолдансаңыз, онда саяси ойыннан шығып қаласыз. Сондықтан «Ауыл» партиясына дауыс беруге шақырамын. «Ақ жолдың» сайлауға ұсынған кандидаттары көп. Ал «Ауылдың» ұсынып отырған адамдары аз. Осы әрекетіміз арқылы бүгінгі қалыптасқан авторитарлық жүйеге соққы береміз. Осылай дауыс беру арқылы біз парламентті қабілетсіз мәжіліске айналдырамыз. Елде парламенттік саяси дағдарыс тудырамыз. Содан кейін ғана билік бізбен санасуға мәжбүр болады. Сондықтан қарсылық ретінде бюллетеньді сызып тастау немесе бойкот жасау еш пайда бермейді. Бұл – баланың ойыны. Біз ақылды іс-әрекетке көшуіміз керек. Ең аз кандидат ұсынған партияға дауыс беру арқылы жеңіске жетуіміз қажет, – дейді ол.
Нарымбайдың бұл айтқаны қаншалықты ақылға қонады, бұл түсініксіз. Болмайтын қисынсыз нәрсе. Әміршілдік-әкімшілік, авторитарлық билік жүйесі сайлау процесінде дегенін істейді. Білгенін жасайды. Қазақстан билігі қаймықпайды, біздің ел Белоруссия немесе Қырғызстан емес. Сондықтан біздің сарапшылардың сайлау алдындағы ұсынып отырған жобалары жүзеге асып, орындала қояды деуге сену қиын.
Жалпы, ютуб арнада, кабинетте немесе диванда отырып жорамал жасау ешқашан шындыққа сәйкес келе бермейді. Осыдан біршама уақыт бұрын тұңғыш президенттің саяси мәселелер жөніндегі экс-кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаевтың «Nur Otan», «Ақ жолмен» бірге ЖСДП партиясы парламентке өтуі мүмкін» деген жорамалының өзі іске аспай қалғанда, қазіргілердің айтқанына сену күмәнді. Бұл нені көрсетеді? Билік сайлауда халық таңдайтын жол қалдырмады. Сарапшылардың сайлау алдында балама жол іздеп, «басын тау мен тасқа ұрып жатқанының» себебі де сол.
«Ал бүгінгі билік кімнің қолында? «Nur Otan» партиясының қолында. Алдағы сайлауда кімнің мүмкіндігі мен есебі артық? «Nur Otan» партиясының! Бұл – табиғи, тарихи факт. Бұл факт біреуге ұнауы немесе ұнамауы мүмкін. Бірақ өмір шындығы мен бұл фактіден аттап кету мүмкін емес». Бұл – билеуші партияның атынан мәжіліске ұсынылған сарапшы Айдос Сарымның пікірі. Өзі де мойындап, ағынан жарылып отырған билікшіл партия кандидатының сөзі.
Демек, халық жолайрықта қалды. Қайда барарын, қай партияның соңынан ерерін білмейді. Сайлау технологтары да дұрыс бағыт көрсете алмай тұр. Мүмкін, «Nur Otan» партиясынан басқаға дауыс беру жобасы» дұрыс жол шығар. Бірақ сайлаудан позициясы жоқ оппозицияны тайдырған, халыққа партия таңдауда балама жол қалдырмаған биліктің дегені қашанғы бола береді? Басты сауал да осы.