Бурабайда демалған отбасының денесін күлдіреген бөртпе басты: санитарлық дәрігерлер суды қайта тексереді
Көкшетаулық отбасы Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдерінде демалғаннан кейін денелеріне бөртпе мен күлдіреуік шыққанына шағымданды. Осы оқиғадан кейін Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті судың сапасын қайта тексеретінін мәлімдеді.
Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада әйелдің айтуынша, ең көп зардап шеккен – оның кішкентай ұлы. Дәрігерлер оған буллезді дерматит диагнозын қойып, ем тағайындаған. Осындай белгілер қыздың анасы, әкесі және 75 жастағы әжесінде де байқалған.
Автордың айтуынша, нақты себеп белгісіз. Алайда бірнеше отбасы мүшесінде бірдей белгілердің пайда болуы алаңдаушылық туғызған.
Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Кейбір қолданушылар Бурабай көлдерінде демалғаннан кейін өздерінде де осындай тері мәселелері болғанын жазса, енді бірі бұл өсімдіктерден болған аллергиялық реакция болуы мүмкін деген болжам айтты.
Зардап шеккен әйелдің сөзінше, отбасы 21 маусымда демалысқа барып, алдымен Үлкен Шабақты көлінде, кейін Бурабайда болған. Үйге оралған соң бірнеше адамның денесіне бөртпе мен күлдіреуік шыққан.
«Балама бұрын-соңды дерматит диагнозы қойылған емес. 75 жастағы әжемнің де өмірінде мұндай болмаған. Қазір оның қызуы көтеріліп, терісі қатты қышып, ашып ауырып жатыр», – дейді ол.
Отбасы ешкімді кінәламайтынын, тек демалушылар сақ болғанын және мамандар көл суының қауіпсіздігін тексергенін қалайтынын жеткізді.
Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы мұндай шағымдар түспеген.
Ведомство мамандары биыл мамыр айында Бурабай ауданындағы су айдындарынан санитарлық-химиялық, бактериологиялық және паразитологиялық зерттеулер үшін сынамалар алып, ешқандай ауытқу анықталмағанын хабарлады.
Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін санитарлық дәрігерлер көл суының сапасына қосымша мониторинг жүргізетін болды.