Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:46, 25 Қаңтар 2024

Бізге молда, шоумен, тиктокер емес, нақты ғылым көмектеседі

Елдос Орда
Фото: из открытых источников

Алматыдағы жер сілкінісінен соң қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып, қызу талқыланып жатыр, меніңше, мұнда төмендегі түйіндер ескерілуі тиіс.

Бірінші, Алматы жер сілкініс белдеуі аймағына жатады, бұл ғылымда әлдеқашан дәлелденген, оған бал ашып, жаңалық айтудың керегі жоқ. Орталық Азияның қауіпті сілкініс белдеуінің бір жолағы Қазақстанның біраз аймағын қамтып жатыр. Жер кеше сілкінген, бүгін сілкінді, түптің түбінде ертең де сілкінеді және сілкіне береді. «Жер – күнәнің көптігі үшін сілкінді» деп аңыраған жұртқа құрғақ ақыл, уағыз айтатын қаймана қай қоғамда болсын табылады, жер – атеист пен тәңіршілге «Аллаһты еске салды» дейтін міскін ой, асығыс тұспал қай жамағатта болсын табылады, мұндай ой пікірлей жер сілкінген сайын айтылады, айтыла береді, мұнда ең маңыздысы – табылмай тұрғаны ғылым, мән берілмей тұрғаны, ескеріп, кәдемізге жаратпай тұрғанымыз да осы.

Екінші, жерді кім сілкісе де мейлі дейік, маңыздысы ол емес, онсыз да сілкініс белдеуінде тұрып жатырмыз, «ұйқыдағы» сілкініс пен жанар тау бізде онсыз да жетеді. Меніңше, басты түйткіл біздің жердің сілкінуін қалай қабылдағанымызда болып отыр. Бізде отандық нақты ғалымдар бар. Олар жер сілкінісі туралы ғылыми-зерттеу еңбектерін жазып, академиялық тұспалдар жасайды. Жер сілкінген жағдайда және болжамды сілкініс кезеңдерінде неге сол ғалымдармен санаспаймыз? Қаншама құрылыс компаниялары тұрғызған тұрғын үй кешендері бар, қай кешен сілкініске қаншалық жарамды? Осыны біліп, қатаң тексеріп жатқан біреу бар ма?!

Үшінші, жер құдайды ұмытқан қазақ қоғамына Алланы есіне түсірді дейік, жарайды. Біздің қоғам соңғы 30 жылдан бері нео-исламданған қоғам екенін ескере отырып солай қабылдайық. Бірақ Алланың 99 көркем аты бар, біздің кейбір діни белсенділер соның «қаһарлы» аттарын көбірек еске алып, күнәсін есіне түсіріп, діни жамағат көбейткісі келетін сияқты көрінеді. Неге Алланың «ғылым», «ілім», «халық», яғни ғылым-күш, білім-күш дейтін ақылды ортаға қоятын нақты концепциялды аттарын еске түсірмейді. Сонда біздің аңтарылған қоғам ғылымның қажетті күшін басқа қырынан сезінер еді.

Төртінші, тағы да қайталап айтамын, жер сілкініп тұрады, ол тұрақты жағдай. Жер сілкінген жағдайда біздің қоғам нақты салалық ғалымдарды көбірек басшылыққа алуы тиіс. Жапондар жүз жылдан бері солай істеді. Әр жойқын сілкіністен сабақ ала отырып адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайтты. Жапондар жер сілкінген жағдайда «молданы», «әулиені» іздеген жоқ, нақты инженер ғалымдарды басшылыққа алды, сол үшін жапон қоғамында миф тараған жоқ. Ал бізде ше? Мифтің жетпіс жеті атасы тарап, онсыз да аңыраған жұртты кеміріп жеп жатыр.

Бесінші, қазір тас лақтырсаңыз құрылыс компанияларының басына барып тиеді. Қаншама тұрғын үй кешендері мен нысандары бой тұрғызылды. Олардың жарнамасын көрсеңіз, сол тұрғын үйде өмір сүргіңіз келіп кетеді. Аталған кешендер күтпеген апатқа қаншалық дайын және адам шығыны мен материалдық шығынды қаншалық төмен көрсеткішке дейін түсіре алады деген сұрақ мазалайды?! Осы реткі сілкіністен соң біз қандай сабақ алдық? Егер жер сілкінісі құдайдың ескертуі болса, онда құдай бізге нені ескертіп тұр? Садақаны аз бердің деп ренжіп тұр ма, әлде ғылымсыз-ілімсіз қалмаңдар деп меңзеп тұр ма?

Алтыншы, жер сілкінісі бәрінен бұрын біздің санамызды сілкуі керек еді. Осы реткі төтенше жағдайдан соң қоғам болып ойлануымыз тиіс. Бізде бисмилләні айтатын ауыз табылады, іс қылатын қол табылмай тұр. Тек қана жер сілкінісіне қаратып айтқым келмейді, барлық саланың күйі осындай. Әр саланы өз мамандары айналысып зерттеуі, сын-пікір айтуы тиіс. Елдің басына күн туса бізге молда да, шоумен де, тиктокер де, әнші де көмектеспейді, бізге нақты ғылым көмектеседі. Барлық ситуациядан ащы сабақ ала отырып, елдің ертеңі, халықтың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруі үшін нақты шешімдер қабылдауымыз керек. Сонда біз күтпеген апатты жағдайда адам шығыны мен материалдық шығынды ең төменгі шекке дейін азайта аламыз.

Елдес Орда, тарихшы