Рахман Алшанов: Қазақстандағы бүкіл оқу орындарының қаржысын қоссақ, Назарбаев университетінің бюджеті шығады
Елімізде ғылымды дамытуға жыл сайын едәуір қаржы бөлінеді. Алайда өндіріс ошақтарындағы технологиялық серпіліс әлі де баяу. Жаңа ғылыми жобалар мен зерттеу нәтижелері көбіне университет қабырғасында немесе есептік құжат деңгейінде қалып, нақты зауыт, фабрика және шағын-орта бизнеске толық енгізілмей отыр. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: қаржы да бар, мемлекеттік бағдарлама да бар, бірақ нәтиже неге күткендей емес?Біз жоғары білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановпен талқылаған едік.
– Рахман Алшанұлы, жоғары білім саласын жеке министрлік етіп бөлудің нақты нәтижесі қандай болды? Жүйеде шын мәнінде қандай өзгеріс бар?
– 30 жылдай министрліктің ақылдастар кеңесінің мүшесімін. Сол жылдары отырыста әңгіме балабақша мен мектептен басталып, жоғары оқу орнына таяғанда уақыт жетпей қалатын. Осы жағынан дұрыс деп санаймын. Оның үстіне әр тағайындалған министр әйтеуір жаңалық енгізгісі келеді. Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі болған күннен-ақ жасанды интеллектті дамытуға ден қойды. Шетелдік оқу орындарында білім мен ғылым ұштасқан ғой. Бірінші күннен бастап ғылымға бейімделеді. Инновацияны тез меңгереді. Бұл – білім мен технологияны іске асыру. Ал біз оқу орындарында басқаша оқытамыз. Алшақтық жер мен көктей. Ғылыммен ұштастыру деген мәселеге енді келе жатырмыз. Қандай да бір жаңалық шықты ма, бірден ғылымға енгізу керек. Оны сынақтан өткізгенше талай уақыт кетеді. Әншейін грант алғанға, патентке ие болғанға мәзбіз. Шын мәнінде, кәдеге аспаса, ондай ғылым кімге керек? Президент те «Әй, сендерге қыруар ақша беріп отырмыз ғой» деп сынға алғаны содан. Бұрын 80 млрд, 120 млрд теңге жеткіліксіз дедік, қазір жылына 250 млрд теңге бөлініп отыр. Әрине, мұның өзі көп емес. Десек те, нәтижесін өндіріске енгізу керек емес пе?!
Қытай баласын соңғы тиынына дейін жұмсап, өздерінде тұрмақ, АҚШ-та, Еуропада оқытады. Тіпті кезінде Қытайды қағаздан жасалған «жасанды жолбарыс» деп те атады. Бүгінгі таңда Қытай біраз дүние бойынша АҚШ-пен теңесті, Жапониядан озды. Әлемде автокөлік шығарудан бірінші орынға шықты. Әрине, мұның бәрі білім мен ғылымның арқасы. Біздің министр де «Сырттағы елдерден қалып қоймайық, жасанды интеллект – сән емес, қажеттілік» деген болатын. Солайы солай шығар, бірақ сапалы бағдарлаушылар, машина құрастырушылар дайындау керек. Содан «шетелдік оқу орындарының филиалын өзімізге әкелейік, ол жаққа бару, тұру, оқуға көп қаржы кетеді» деген жоспар да болды.
– Бұған дейін Назарбаев университеті тәжірибесі негізінде 20 академиялық артықшылық орталығын құру, сондай-ақ өңірлік және педагогикалық жоғары оқу орындарын күшейту жоспары айтылған еді. Одан бөлек, әлгінде сіз тілге тиек еткен шетелдік университеттердің филиалын ашу міндеті қойылды. Осы жобалардың нақты жүзеге асу барысы қазір қандай деңгейде?
– 42 шетелдік оқу орнының филиалын әкеліп, Ақтөбеде, Петропавлда ашты. Екі жыл осында оқытады да, қалған екі жылын өздеріне алып кетеді. Бұған сол шетелдік оқу орындары мүдделі болған сияқты. Себебі, бұрынғыдай емес, қазір шетелде абитуриент тапшы. Халық саны азайып келеді. Ал мына үрдіс бойынша біздің жастар білім іздеп, сырт елге бара бермейді. Бірақ олардың мамандықтар бойынша білім беруінде өзгешелік бар. Кейбіреулер «Өзіміздің ЖОО бар емес пе? Оларды қайтеміз?» деген сыни пікір айтты. Бұған «Бар болса, неге дамымадық?» деген уәж де бар.
Қарасаңыз, біздегі кәсіпорынның көпшілігі әлі күнге ескі технологияны пайдаланып жүр. Айналып келгенде, бәрін Қытайдан алады. Қытай 100 университетті қаржыландыруға ақша бөлді. Әрқайсысына 1 млрд АҚШ доллары, яғни 540 млрд теңге. Ал бізде ең қомақты қаржы жалғыз Назарбаев университетіне ғана жұмсалып келді. Назарбаев университетінің жарты жылдық бюджетін қысқартсақ, жылына 100 жатақхана салуға болады дейтінім – сол. Мәселен, Назарбаев университеті мен мектептері, сонымен бірге «Бөбек» орталығы 2026-2028 жылдары республикалық бюджеттен 261 млрд теңгеден астам қаражат алады екен.
Қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, бір ғана Назарбаев университетінің өзі үш жылда, Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы, шамамен 126 млрд теңге алады. Салыстырар болсақ, бұл «Болашақ» бағдарламасына қарастырылған 28,5 млрд теңгеден әлдеқайда көп. Ал тағы бір деректе 340-460 млрд теңгенің төңірегінде екені айтылған. Бір оқу орнының бюджеті Қазақстандағы бүкіл оқу орындарының қаржысын қосқандағымен бірдей. Алайда нәтижесі қайда? Бүгінде Назарбаев университетінің түлектері шетелге кетіп жатыр. Оларға ақшаны біз жұмсадық. Сонда басқа елдер үшін оқыттық па? Осы сауалды қойсақ, «Қазақстанда олар жұмыс істейтін технология жоқ» дейді. Былтыр 1 мың түлек бітірді. Оның бәрі қайда кетті? Дайын маманды шетел қағып кетсе, өз обалымыз өзімізге.
Одан кейінгі орында тұрған әл-Фараби мен ҚазҰУ-ға – 42 млрд, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ға – 36 млрд теңге шамасында қаржы көзделген.

– Сонда мемлекет бөліп жатқан қыруар қаржы мен бағдарламалардың нақты нәтижесін қашан көреміз? Қарапайым «Қазақстанда жасалған» деген жапсырманың өзін әлі күнге дейін Қытай мен Ресейде шығаратын жағдайдамыз. Бұл – технологиялық тәуелділік пе, кадр тапшылығы ма, әлде жалқаулық па? Біздің өнеркәсіптің алға басуына ең үлкен кедергі не?
– Енді өзімізде жоқ болса, арзан жасап беретін жаққа мойын созамыз ғой. «Көлік құрастырамыз» дейміз де, қосалқы бөлшектің бәрін, тіпті бұрандаға дейін солардан әкелеміз. Ғылымы, өндірісі дамымаған елде оның бәрін жасау қайдан? Машина құрастыру да мүмкін емес. Оның да электромобиль, гибрид сияқты жеті атасы шығып жатыр. Бұл жағынан қазір Германияның өзі Қытайдан ұтылып жатыр. Оңтүстік Кореяның ғалымдары «Біз Қытайды менсінбей жүрсек, алға кетіп қалыпты ғой» дейді. Біздің де күні-түні жұмыс істейтін халықтан үйренетініміз көп.
Біз табиғатымыздан жалқау емеспіз. Бәрі жүйеге байланысты. Ақшаны бөлу бар да, оны игеру жоқ. Ғылым қоры бар, басқа ұйымдар аз емес. Бірақ соларды ұштастыру жоқтың қасы. Біз «Тұран» университетіне 500 кәсіпорын өкілін шақырдық. Соның ішінде 70-інен өндіріске үлес қосып жатқан 19 компания шықты. Бірақ әлі де қолдау жетіспей тұр.
Айталық, Алматы – білім мен ғылым шоғырланған қала. Бас салып сауда орындарына, базарларға көңіл бөле бермей, шағын кәсіпорындары дамыған инновациялық қалаға айналдыруға болар еді. Мысалы, ҚазҰУ-дың ғалымдары өндіріске қажетті заттар шығарып жатыр екен. Сұраныс та бар. Одан бөлек, Өскеменде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде титаннан сүйекті имплант жасайды. Ал травматология институты мұны Германиядан сатып алып отыр. Неге өзіміздің өндірісті қолдамаймыз? Өкінішке қарай, өндіріс пен ғылым арасында алшақтық бар.
– Бір пікіріңізде Toyota компаниясының ғылым мен инновацияға жыл сайын 7 млрд доллардан астам қаржы құятынын айтқан едіңіз. Ал бізде де Forbes тізіміне кіретін ауқатты кәсіпкерлер аз емес. Неліктен қазақстандық ірі бизнес ғылымға, технологияға дәл осындай көлемде инвестиция салуға асықпайды? Мәселе мемлекет ынталандыруының әлсіздігінде ме, әлде бизнес әлі күнге дейін ғылымды табыс әкелетін сала ретінде көрмей ме?
– Ғылымға жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын ғана көздеп келдік. Қазір кейбір мұғалімнің жалақысы 700 мың теңгеге жетеғабыл. Ал ғылыми-зерттеу институтының қызметкерінің жалақысы – 80 мың теңге. Сосын ғылымда кім қалады? Әрине, адам жақсы өмір сүру үшін жақсы жалақы ұсынған мекемеге кетеді. Ғылымды дамытамыз десек, олардың жалақысын көтеріп, лабораторияларын жаңалау керек.
Мысалы, Германияда көбінесе химия өнеркәсібіне қатты көңіл бөледі. Сәйкесінше, химияны тереңдетіп оқытатын оқу орындары мен химия ғылымын терең дамытқан. Тіпті оларды қаржыландыратын инвесторлар көп. Сондай-ақ машина жасау өнеркәсібі қарқынды жұмыс істейді. Сол сияқты біз де әр салаға шашырамай, біреуін мықтап қолға алып, дамытсақ, нәтижесі көрінер еді. Айталық, ауыл шаруашылығына көңіл бөлсек те жарап тұр. Ет өндіруге қаншама қаражат бөлініп жатса да, елде ет өнімі жеткіліксіз. Бидайды алсақ, оны егетін жердің құнарлылығы Украина, Ресеймен салыстырғанда төмендеп кеткен. Малға жайлы жердің көбін егіске айналдырып жібердік. Одан егін де бітік шығып жатқан жоқ. Мәселен, Латын Америкасы елдері Парагвай мен Уругвайда жылқының етін жемейді. Олардан бізге жыл сайын 2 мың тонна жылқы еті келеді. Сол жылқыны өзімізде де өсіруге мүмкіндік бар ғой.
Бұрынғы иелік етіп, алып алған жайылымды жерлер қайтарылып жатыр. Осыны Ауыл шаруашылығы министрі нақты міндет қойып шешуіне болады ғой. 3 мың тонна тауық етін де шетелден әкелеміз. Бізде тауық өспей ме? Оған көп ақыл керек емес қой. Бұл нені білдіреді? Ауыл шаруашылығын бұл саланы түсінбейтін адамдар басқарды. Біз өз артықшылығымызды көрсете алмай отырмыз.
Дәл осы жайтты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке де талай айттық. Ғылыми қызметкерлердің жалақысын екі есеге көтереміз деді. Бұл да жеткіліксіз. АҚШ-ты айтпағанда, Ресейдің ғылымға бөліп отырған бюджетімен салыстыруға мүлдем келмейді. Нарықтық экономикада дүниежүзілік жаһандану кезінде ғылымның қай саласын дамытуымыз керек? Ғылымды жан-жақты қаржыландырып, зертханаларды жабдықтап, кадр дайындауды қолға алмасақ, құрғақ сөзбен ештеңе шешпейміз.
Енді байларға келсек, егер өндіріс орындары BI Group компаниясына қажетті құрылыс материалын жасап берсек, өндіріспен байланыс болып, қаржыландыру сол арқылы жүзеге асатын еді. Ал былайша оларға «Ақша бер!» деп қол жаю қажет емес. Мысалы, Қазақстандағы автокөлік құрастыру саласының ірі өкілі Нұрлан Смағұловқа «Сендер көлік құрастырғанша Қытай басқа моделін әкеп жатыр. Бірден жаңасын жасау керек емес пе?!» деген ойымды айттым. Біз байларға керек дүниесін жасап беруіміз керек. Илон Маск та ғылымның арқасында өсіп кетті ғой. Бәсеке де, қабілет те. Ақша бөледі, жаңалық ашады.

– Қазір әлемдегі технологиялық бәсеке мүлде жаңа деңгейге өтті. Себебі АҚШ пен Қытайдың өзі жыл сайын жасанды интеллект бағытына 500 млрд АҚШ долларын бөліп отырған жоқ па?
– Бізде бұл салаға енді ғана бет бұруда. Бір өкініштісі, бізде бөлінген ақшаны не істеу керектігін білмейді. Ғылыми-зерттеу институттарында небәрі 40-50 адам ғана жұмыс істейді. Ал шетелде мұндай орталықта мыңдаған адам бар. Зертханасының бәрі озық. Жасанды интеллектті де орынды пайдаланып келеді. Біз осыған қашан келеміз, білмеймін. Ниет те, талпыныс та бар. Маңдайға таяқ тимей, үйрену қиын. Тәжірибе жоқ. Бізге жаңа сала, жаңа маман керек.
Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асты. 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асып жығылады деген жоспар бар. Ал 2035 жылға қарай Қазақстанда 14 мамандық мүлдем жойылып, 46 кәсіп түрі қысқаруы мүмкін. Салыстырмалы түрде бұл салада Беларуссия 3 млрд, соғыс болып жатқан Украинада 11 млрд, тіпті Арменияның өзі бізден озып кеткен. Біз бидай мен мұнайды алға тарта береміз. Бидайды көбі алмайды, шектеу бар. Одан да түрлі өнім жасауға болады. Германияда наннан түрлі жаңа өнім жасайды. Бидайы көп елміз, неге әртүрлі өнім шықпайды? Италияның өзі бізден 140 мың тонна қатты бидай алады. Есесіне, олардың макарон өнімдері бізге келіп жатыр.
Баяғыдан үшінші, төртінші мұнай өңдейтін зауыт салу керектігі айтылып келеді. Мұнай бар, неге жанармай тапшы? Осы уақытқа дейін авиаотынды шетелден алып келеміз. Бүгінде елдің бәрі ұшақпен жүк тасиды. Қарағандының үлкен әуежайы бос тұр. Соны неге ұтымды пайдаланбасқа?
Марқұм академик Әбдіғаппар Әшімов 20 жыл бойы басқару жүйесі саласын автоматтандыруды, цифрландыруды айтып келді. Оның тәсілдемесі дәстүрлі экономикалық әдістерден гөрі жүйелі талдау, кибернетика және математикалық модельдеуге негізделген. Инфляцияны статистикалық көрсеткіш емес, уақыт өте келе өзгеретін динамикалық жүйе ретінде қарастыруды айтты. Инфляцияны тек ақша массасының көбеюі деп емес, өндіріс, тұтыну, баға және табыс деңгейінің өзара байланысындағы теңгерімсіздік ретінде талдауды ұсынды. Тіпті ғалымды Қытай, АҚШ пен Жапония да мойындады. Ол кісі осыны айтып, билікке хат жазғанда «өзіміз шешеміз» деген жауап алады. Шешкені қане? Қазір инфляция жеп барады. Лапылдаған отты бензинмен сөндірген сияқты боласың. Қолға түскен нақты қаржы мен қағаздағы мәлімет арасында үлкен алшақтық бар.
– Экономика саласын жетік білетін маман ретінде айтыңызшы, ресми статистикадағы өсім мен халықтың күнделікті тұрмысы неге бір-біріне сәйкес келмейді? Әлде, халықтың басым бөлігі несие мен инфляцияның арасында күн көріп отыр ма?
– Ашығын айтайық, халықтың тұрмысы нашар. Өкінішке қарай, тауып отырған табысын инфляция жеп қояды. Үкімет салықты көбейтіп, инфляцияны ұстап тұрамыз деп ойлады. Бірақ оны баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Яғни салықты күшейтсең, экономиканың күйі кетіп, күнгейге түседі. Бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың өзі жұмысын әрең жүргізуде. Өткенде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «бүйттік-сөйттік» деп сөзбен жайғап отыр. Өздері инфляциямен күреседі де, сол инфляцияны қолдан жасайды. Жоғары аудиторлық палата тексергенде Ұлттық қордың ақшасын қалай болса, солай жұмсағаны айтылды. Миллиардтаған ақша жоқ болып кеткен.
Ұлттық қордың қаржысы – болашақтың ақшасы деп келдік қой. Түкке тұрмайтын жобаларды қолдайды. Бұл не, пара ма? Кейбір тұлғалар қалай да өздерінің жобасын өткізуге тырысады екен. Президент Склярды мақтап, әкімшілікке тартып алды ғой. Оның орнына Қызылорда облысы әкімін отырғызды. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ, бәлкім, қолынан іс келетін азаматтардың беталысын құптау керек шығар. Осыдан кейін қаражатты дұрыс пайдаланбасақ, шетелден инвестор тартудың керегі жоқ.
– Ұлттық қорды талан-таражға салғаннан бөлек, сыртқы қарызымыз да 155 млрд АҚШ долларына жетіпті ғой...
– Мұны талай айтсақ та, ештеңе өзгерер емес. АҚШ-тың да қарызы ЖІӨ-нен өсіп кетті. Бірақ мәселе қайтаруда ғой. Қазір сенім артып отырған мұнай саласының жағдайы мәз емес. Қарызды қайтару үшін төрт құбыла тең болу керек. Осы жағынан алғанда қазіргі үкіметтің жұмысы талапқа сай емес.
– Жаңадан қабылданған Салық кодексіне қатысты көзқарасыңыз қандай? Әсіресе ҚҚС мөлшерлемесінің 16%-ға дейін көтерілуі шағын және орта бизнеске салмақ түсіріп отырған жоқ па?
– Жалпы, өзім қарсымын. Біз кәсіпкерлікті қолдауымыз керек. Бизнесті дамыту жолдарын жауып тастасақ, кім өнім өндіреді? Қаржыны үнемдегің келсе, дұрыс пайдалануды меңгер. Әлеуметтік салаға жұмсалған ақша бес есе көп. Шығын мен табыс көзі бірдей болу керек. Табыс таппай, қалай шығын жұмсайсың? Ал банктер «Үкімет өзі жұмсағанша, бізге берген дұрыс қой» дейді. Қарап тұрсаң, олар да өз мүддесін көздейді. Жұрт ақшасын банктегі депозитке салады. Оны банк сатып алып, үкіметке береді. Осыны инфляция қолдап отыр. Банк ештеңеден ұтылмайды, екі жеп биге шығады. Сондықтан үкімет халыққа, кәсіпкерлерге тиіспей резервті басқа жақтан іздеу тиіс еді. Кәсіпкерлер өз міндеттемесін орындап, салық төлемін де асырып төлеп отыр. Ал оларға қысым жасау – үлкен қателік.

– Біз соңғы кезде университеттердің халықаралық рейтингтерде жоғарылағанын жиі мақтан етеміз. Бірақ осы рейтингтер шын мәнінде білім сапасын көрсете ме? Әлде бұл көбіне имидждік көрсеткіш пе? Жалпы, рейтингте жоғары тұрған университет пен нарыққа білікті маман даярлау арасында нақты байланыс бар ма?
– Жоғары оқу орындары қауымдастығының жұмысы – министрлік ұсынған, қабылдаған жобаларға пікір білдіру, керек болса сын айту. Ертеңгі күні «бүйректен сирақ шығаратын» құжаттар шықпасын деген ой. Екінші, оқу орындарын әртүрлі жобамен қолдау. Оксфорд, Гарвардтан шыққан оқулықтарды аударып, таратып келдік. Жоғары оқу орындарына қатысты 100 бағдарлама бар. Оның керегі қанша? Қазақстанда жастардың саны өсіп, жыл сайын «Болашақпен» білім алатындар саны артуда. Олар келген соң қайда жұмыс істейді? Осы мәселелерді назарда ұстап келеміз.
Ал рейтингке келсем, шетелдің дамыған оқу орындары бұған көңіл бөлмейді. Германиядағы ғалымдармен пікірлесіп қалғанда «Бізге рейтингтің керегі не? Онсыз да деңгейіміз белгілі ғой» дейді. «Рейтинг жасайтын ұйымдар ақша алады» деген сыбысты естіп қаламыз. Биыл QS жаһандық рейтингінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 166-орын алған. Бұл қалай? Білмеймін, рейтинг те керек шығар. Бірақ болашақта рейтингті оқу орнының шынайы көрсеткіші деп айтуға келмейді.
– Қазір жасанды интеллектке ерекше басымдық беріліп жатыр. Тіпті биыл «Жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бірақ біз бұл бағытта нақты технология жасап жатқан елміз бе, әлде әлемдік трендтен қалып қоймау үшін ұран деңгейінде айтып жүрміз бе? Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы шынайы әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Бір жағынан, жасанды интеллект сәнге айналып кетті. Оның қажет екені түсінікті, бірақ қай салада қалай қолдану керектігін ойланып, тиімді пайдалану керек. Өткенде тарих жөнінде сұрақ қойса, Қытайда жарық көрген материалдарды шығарып беріпті. Өзіміздің тарих қайда? Меніңше, сондай ғылыми материалдарды интернет желісіне көптеп жүктеу керек. Әлбетте, жасанды интеллект не бар, соны береді. Мейлінше, ағылшын тіліндегі мәлімет көп енгізу қажет. Қазір жоғары оқу орындары студенттерінің 5 пайызы ғана ағылшынша біледі. Ғалымдар да жетік сөйлемейді. Ал бізге Әзербайжаннан келген ғалымдар түгел ағылшынша сайрап тұр.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы