Асылжан МАМЫТБЕКОВ: Егер біреу-міреу «мына жұмысың қате болды» десе, пікірталасқа дайынмын
Асылжан Мамытбеков министр болған тұста ауыл шаруашылығы саласына әлемдік тәжірибе мен жаңашылдықты енгізуге күш салды. Шаруалар «сол жылдары тынысымыз ашылып, жұмысымыз алға басты» деседі. Дегенмен сол тұста реформаны енгізумен қатар кедергілер де аз болмаған. «Жас Алаш» тілшісі экс-министрмен сұхбаттасып, саладағы өзекті мәселелер туралы пікірін білді.
«Басымнан сөз асырмайтын мінезім бар...»
– Асылжан Сарыбайұлы, сіз бұған дейін бірнеше лауазымды қызметті атқарып, соның ішінде 2011-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы министрі болдыңыз. Сол кезеңде бірқатар реформалар жүзеге асқанымен, қызметтен кетуіңіз күтпеген шешім ретінде қабылданды. Отставкаға кетуіңіздің негізгі себептері қандай болды?
– Әрине, ауқымды саланы республикалық деңгейде басқару оңай емес және жеке басым үшін маған үлкен тәжірибе болды. Ауыл шаруашылығының өзі бірнеше салаға бөлінетіні белгілі. Көпсалалы бағыт болған соң көп ізденуге тура келді. Алайда сынға көп ұшырасақ та, сол уақытта бірталай жұмыс атқарып үлгердік.
Ал отставкаға кеткен себебіме келсем, есіңізде болса, 2016 жылы еліміздің бірқатар өңірлерінде жерге қатысты митингілер өршіді. Халық «Қытайға жер бермейміз!» деп көшеге шықты. Сол оқиғаның алдында заңға енгізілген өзгерістерде «жерді шетелдіктерге сату» туралы ешқандай заң нормасы да, сөз де болмаған еді. Оны кез келген адам ғаламтор желісіндегі заң мен заңнамалық актілерді жариялайтын ақпараттық базалардан көре алады.

– «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды», «жер шетелдіктерге сатылады» деген әңгіме қайдан шықты?
– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін фермерлерге мемлекет жалға берген. Қазір де сондай. 2003 жылы Үкімет Парламентпен соқтығыса жаздап, Жер кодексіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын алу мүмкіндігін енгізген болатын. Бірақ содан бері талай жыл өтсе де, ол мүмкіндікті жер көлемінің бір пайызы шамасындай жерінде орналасқан шаруалар ғана пайдаланды.
Ал жердің 99 пайызға жуығы сол күйі ұзақ мерзімге (49 жылға дейін) жалға беру статусында қалып отырды. Оның себебі фермерлердің үкіметтен өзі жалға пайдаланып жатқан жерлерінің жекеменшік құқығын сатып алуға ақшасы болмады. Бұл жерде аса маңызды жайт ретінде айтатыным, бұрын да, кейін де талай өзгеріс енгізілген «Жер кодексінде» «шетелдіктер және шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғалардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатып алуға құқығы жоқ» деп анық жазылған еді. Алайда кейбір «реформаторлардың» ұсынысы бойынша «Фермерлердің арендада отырғаны дұрыс емес, арендадағы жерлерін жекеменшік құқығына ауыстыру керек. Яғни оларға жерді не сатып аласың, не босатып бересің» деген талап қоямыз деді. Сөйтіп, Жер басқару ресурстары комитеті әкімдіктерге «Жерді жаңадан жалға беруді тоқтатыңдар» деп хат жіберді. Естеріңізде болса, «100 нақты қадам» деген бағдарлама қабылданды. Соның аясында бірқатар заңға өзгеріс енген еді. Мұнда жаңадан «ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шаруаларға тек жекеменшік құқығы ретінде ғана берілуі тиіс» деген норма енгізілді. Өмір болған соң, кейбіреулер жалдағы жерін келесі біреуге беріп, енді бірі жерін қосып, ортақ кәсіп жасап жатқан еліміздің 160-тан астам ауданында жер құқықтырын рәсімдеу процестері тоқтап қалды. Күрт өзгерісті халыққа ешкім түсіндірген жоқ. Осы арада қоғамда ішінара «Қытайлар келіп, жерді сатып алмақшы, үкімет соған жерді дайындап жатыр» деген сыбыс шықты. Шыны керек, дәл солай айтатындай негіз болған жоқ. Бірақ оған жауапты министрлік халық алдына шығып «ондай норма заңда жоқ, өзгеріс енгізу ойда да болмаған» деп түсіндірмеді. Осылайша, мәселеге немқұрайлы қараған соң, өзі де шарықтау шегіне жетіп қалған мәселе тұтанып кетті. Халық мұны «жер митингілері» деп атады. Мұнда да бүлік шығаратын мүдделі күштер жұмыс істеп, «Жер Қытайға сатылайын деп жатыр. Үкімет қайда қарап отыр?!» деп арандатты.
Сол уақытта өршіген халықтың наразылығын, дүмпуін басудың екі ғана балама жолы болды: не үкімет түгел отставкаға кету керек, не бірқатар министрлерді орнынан алу керек. Сценарий бойынша бір ғана министрліктің басшысын қызметінен босатса, халық тыныштала қоя ма? Сол кездегі үкімет басшысы да «мен кетейін, бәріміз де отставкаға кетейік» дегісі келмеді. Ең оңай жолы – екі министр қызметінен кетсе, соның өзі құрбандық болып саналады деген шығар.
Сол кезде Жер ресурстарын басқару комитеті Ұлттық экономика министрлігінің құрамында еді. Яғни жер басқаруға Ауыл шаруашылығы министрлігінің ешқандай қатысы болмаған. Сонда да митингілер басталмай тұрып «қоғамда мынандай сұрақтар туындап жатыр, түсіндірме жұмысын қолға алу керек» деп үлкен басшылықты алдын ала ескерткенмін.
Бірақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты сұрақ болған соң ең қолайлысы біздің министрлікті де жауапқа тарту болды. Осылайша, маған сөгіс жарияланды. Мұнымен келіспедім. «Менің не қатысым бар? Керек болса, орнымды босатып берейін. Бірақ бұл мәселеге қатысым да, кінәм да жоқ. Маған сөгіс жариялауға ешқандай негіз жоқ», – деп наразылық білдірдім. Басқалар сияқты «Құп, тақсыр! Сіздікі дұрыс!» деп тыныш қана отыра берсем де болар еді. Алайда басымнан сөз асырмайтын жаратылысым, яки мінезім болар, негізі жоқ айыпқа іштей ренжіп, өзім отставкаға арыз жазып кеттім. Бұл шешіміме еш өкінбеймін.

«Екпелерді көрші елдерге сатып жіберген»
– Сіз бастамашы болған бағдарламалар мен енгізген реформалардың қайсысы нақты нәтижесін көрсетіп, салаға оң өзгеріс әкелді?
– Менің атымды көбінесе, мал шаруашылығын дамыту мен ет экспортының әлеуетін арттыру жобасымен ғана байланыстырады. Бірақ одан басқа талай реформа жасадық. Реформа деген – жай өзгеріс қана емес, мағынасы терең, ауқымды дүние ғой. Қазір салық реформасы жүргізілді деп айқай салып жүрміз. Қосымша құн салығын (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға көтеруді салықтық реформаға жатқызуға бола ма? Кез келген реформа халық пен бизнестің жағдайын жақсартуды көздемей ме? Менің түсінігімде, мысалы, ҚҚС-ын мүлдем алып тастап, оның орнына табиғаты мүлдем басқа (мысалы, айналымға төленетін) салық енгізсе және бұл өзгеріс жеңілдік әкелсе, бұл реформа болар еді деп ойлаймын.
Осыған сәйкес, біз кезінде жеңіл-желпі өзгеріс емес, нақты және түбегейлі бетбұрыс жасап, ауыл шаруашылығы саласына оң нәтиже беретін іс-шараларды қолға алдық. Бәлкім, соңына дейін жетпегендері, орта жолда тоқтап қалғандары бар шығар. Бірақ бұл өзгерістің көбі межесіне жетті. Өз басым ештеңеге өкінбеймін, атқарған жұмыстың ешқайсысынан ұялмаймын.
Мысалы, «Агробизнес-2020» бағдарламасын алайық. Сараптап қарасаңыз, осыған дейін барлық салалық бағдарламалардың мерзімі 3 жылдан аспаған болатын. Жалпы айтқанда, мемлекетте жоспарлау жұмысы үш деңгейде өтеді: салалық, мемлекеттік бағдарламалар және ұлттық стратегия болып бөлінеді.
Өкінішке қарай, қанша жалбарынсам да, сол кезде бізге «мемлекеттік бағдарлама» мәртебесін бермеді. Дегенмен ауылды дамыту ол тек агробизнес мәселесімен шектелмейді. Байланыс, жол мен транспорт, әлеуметтік инфрақұрылым, атап айтқанда, мектеп, аурухана, мәдениет нысандарын салу, тәртіп сақтау және тағы басқа көптеген сұрақтар ауылдың дамуына тікелей байланысты. Мемлекеттік бағдарламаның өзгешелігі мен артықшылығы: салалық бағдарламадағыдай бір ғана саланың сұрақтарын қамтымай, бірнеше саланың алдына тапсырма мен мақсат қояды, үкіметтің қаулысы емес, президенттің жарлығымен бекітіледі, оны орындау, қадағалау деңгейі мүлдем басқаша, әлдеқайда жоғары және жауапты. Бірақ «Мынау жұмысын жақсы жағынан көбірек көрсетіп қоя ма? Дамымай тұрған саланың тамырына қан жүгіртіп қойса, үлкен басшылардың көзіне жақсы жағынан түсіп қала ма?» деген қызғаныш болды ма, білмеймін. Солардың кесірінен бе, сол кезеңде бізге мемлекеттік бағдарлама мәртебесін қимады.
«Жарайды, бермесеңдер, салалық бағдарламаны ұзақ мерзімге қабылдайық» деп алдыма мақсат қойдым. Өйткені кеңес уақытынан кейін тұралап қалған салаға тың өзгеріс енгізіп, орнынан жылжыту үшін 3 жыл жеткіліксіз. Содан не керек, бағдарламаны 2020 жылға дейін жоспарлап, алғаш рет салалық бағдарламаны 7 жылға қабылдадық. Бұл жерде басқа министрліктерге де тиісті тапсырма қоя алдық. Соның негізінде талай жұмыс атқарылды. Бюджет үш жылдық мерзімге ғана қабылданса да, бағдарламамызға жеті жылға бюджеттік қаржы ассигнованияларын дәлелдеп, шегелеп бекіттік. Осы жұмыстың өзін реформа деп бағалаймын.
Екіншіден, ветеринарлық саланы айтуға болады. 2006-2007 жылдары кейбір «ақылгөйлер» «біздің елде нарықтық қарым-қатынас дамып кеткен, сондықтан мемлекеттік ветеринарлық қызмет қажет емес» деп жұмыс істеп тұрған ветеринарлық станция мен пункттерді жауып тастаған еді. Сөйтіп, өздерінше конкурс жариялап, оны жекеменшік дәріхана мен дәрігерлер ұтып алып, әркім өз ауылдық округында жұмыс істейді деп ойлады. Олар осы өзгерісті енгізгенде малдың 80 пайыздан артығы жеке қосалқы шаруашылықтың үлесінде екені ескерілмеген. Ұйымдастырылған шаруашылықтарда, яғни АҚ, ЖШС, шаруа қожалығына тиесілі мал 18-ақ пайыз болды. Қалған 82 пайызы нақты жеке тұлғалардың қолында еді. Сондай жағдайда қандай жануардың қожайыны ветеринарды шақырып, қызметін сатып алады? Иә, қауіпті ауруларға қарсы екпені, диагностиканы мемлекет қаржыландырып отырды.
Бірақ «сол қызметті атқарамыз» деген адам ауылда кеңсе ашып, тиісті құрал-жабдық, тоңазытқыш сатып алуы керек еді. Ауылды аралап, екпе салу үшін көлік қажет. Оны ешкім істеген жоқ. Содан кейін ветеринар биыл бір ауылдан тендер ұтып алып, келесі жылы басқа ауылға өтіп, одан кейін мүлдем басқа кәсіпке ауысып, ауылға жауапты адам қалмады. Ауыл ветеринарсыз күн кешті.
Кейін ет бағдарламасы бойынша экспортқа жол ашуды көздеген соң ветеринарияның мүшкіл жағдайын түзеу керек болды. Ол үшін әлем бойынша жануарлардың денсаулығын қорғауға жауапты үкіметаралық мекеме – Халықаралық эпизоотиялық бюродан арнайы техникалық миссия шақырдық. Олар біздің жағдайымызды зерттеп, отандық мамандармен пікір алмасып, бізге жоспар бекітуге көмек берді. 2013 жылы заңға өзгеріс енгізіп, құрдымға кеткен Ветеринариялық бақылау комитетін қайта құрдық. Барлық аудан, ауылдарда мемлекеттік ветеринарлық станция мен пункттердің ашылуына жол ашатын заң дайындадық. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін құрал-жабдықтар, көлік, тоңазытқыш сатып алуына қаржы қарастырдық.
Бюджет қаржысына сатып алынатын екпелердің сапасына көп көңіл бөлдік. Осы салаға келгенге дейінгі он жыл бұрын да мемлекет қаржы бөліп, екпелер салынды. Бірақ сапасына назар аударылмаған. Көбінесе Үндістан, Пәкістанда шығарылған нәтижесі төмен, арзан екпелер әкелінген. Бұл екпелер біздің аумақтағы аурудың түріне сәйкес келмейді. Өйткені тұмау сияқты аусылдың да түрі көп. Ол ол ма, бұл екпе сонау түкпірдегі ауылдағы малға егілді ме, жоқ па, ол да жауапты қызметкерлер мен ұйымдардың жоқтығынан қадағалаусыз қалды. Бір қызығы, талай екпе Тәжікстан, Қырғызстанға сатылып кеткен оқиға жиі кездесті. Байқауға қатысқан ветеринарлар тегін берілген екпені «егілді» деген қағаз беріп, басқа жаққа сатып отырған.

– Бұл мәселе қалай реттелді? Министрліктің қадағалауымен жаңа екпе жасау қаншалықты қиынға соқты?
– Біз Халықаралық эпизоотиялық бюроның техникалық миссиясының көмегімен соңғы бес жылда аусыл ауруының типтері, түрлеріне сараптама жасап, соның негізінде Мәскеу облысы, Владимир қаласындағы жануарларды қорғау жөніндегі бүкілодақтық (ресейлік) ғылыми зерттеу институтында арнайы жасаттық. Ең бастысы, оны Бюро бекіткен шетелдік зертханада тексеріп, тиімді нәтиже беретініне көз жеткіздік. Содан кейін ғана түкпір-түкпірдегі ауылға дейін жетуін қадағаладық.
Одан бұрын идентификациялық жұмыс жүргізіп, әр малдың құлағына сырға салдық. Білсеңіз, идентификация – ветеринарияның іргетасы. Оған дейін ауыл әкімдері жоқ малды қағазға түсіре беріп, «6,5 млн ірі қара мал бар» деген дерек берген. Сырға салып, есеп-қисапты түгендегенде 4,5 млн ғана ірі қара мал бар екені мәлім болды. Малдың басқа түрлері де қағаздағы мәліметтен әлдеқайда аз болып шықты. Бұның өзі «Мамытбеков келіп малдың саны күрт азайып кетті» деген әңгімеге түрткі болды. Шын мәнінде, мал азайған жоқ, бірақ есеп-қисап дұрыс жүргізілді. Бірақ мұндай қауесет пікірге жауап беруге бізде уақыт та, мұрша да болмады.
Сырға салынбаса, екпенің қандай малға егілгені қайдан білінеді? Идентификациялау жұмысынан кейін әр малдың өз нөмірі пайда болды. Малға уақытылы әрі сапалы екпе салынып отырғандықтан, аусыл дертін толықтай ауыздықтадық. Мұндай нәтижеге Қазақстан Кеңес дәуірінде қол жеткізе алмаған. 2015 жылы Халықаралық эпизоотиялық бюроның «аусыл ауруынан толық таза ел» деген мәртебесін алдық. Онсыз ешбір ел ет, тірі мал бойынша сауда-саттық жасай алмайды. Яғни біз осылай еліміздің мал өнімдерінің экспортын жасауға негіз қаладық. Қазақстанда 2011 жылдың басында бірде-бір келі шикі ет экспортталмаған еді. Ал 2019 жылы 63 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарғанымыз үлкен жетістік деп ойлаймын. Міне, бұл жұмысты да реформа деп атай аламын.

«Ет бағасының күрт өсуі – қолдан жасалған дүние»
– Соңғы жылдары еттің бағасы айтарлықтай қымбаттады. Сиыр етінің құны шарықтап еді, енді қой еті сол деңгейге жетті. Баға неге ырыққа көнбеді? Бағаны тұрақтандыру үшін қандай тетіктер тиімді деп санайсыз?
– Бүгінде қай тауардың бағасы қымбаттамай жатыр?! Инфляция деңгейі 25 пайызға дейін жетіп отырғанын көрдік. Жанар-жағармай, мал азығы, техника мен құрал-жабдық қымбаттап жатқанда еттің бағасы неге қымбаттамауы керек? Біздің мемлекеттік органдар бағаны, сауда-саттықты, экспортты тежеу шараларын нарықтағы бағаны реттеу құралы ретінде қарастыруды әдетке айналдырған. Бұл көбінесе қала тұрғындарының мүддесі үшін жасалатын тірлік. Ал ауыл тұрғындарын неге ойламаймыз? Олардың өмір деңгейі, материалдық жағдайы өздерінің өнімін сату бағасына байланысты емес пе? Өкінішке қарай, бізде ауыл халқына қарағанда қала тұрғынының мүддесі әлдеқайда алға қойылады. Олар үшін жол да жақсы, мектеп те жаңа, қоғамдық көлігі де жайлы, байланыс құралы да дамыған.
Ал нарықтық бағаға келсек, бұл министрлік пен мемлекеттік жоспармен бекітілетін өлшем емес. Нарықтық баға – ұсыныс пен сұраныстың теңескен деңгейі. Сұраныс көп, ұсыныс аз болса, баға өседі. Ал ұсыныс көбейіп, сұраныс сол деңгейде қалса, баға түседі. Сондықтан бағаны орта мерзімде, қысқа мерзімде қолдан тежеп, реттеп отыруға болады. Алайда ұзақ мерзімде әкімшілік жолмен бағаны бір деңгейде сақтап қалу мүмкін емес.
Ет бағасының күрт өсуі – қолдан жасалған дүние. Егер біз экспортты, нарықтық бағаны тежемей, инфляцияға сәйкес аз-аздан көтерілуіне жол бергенде дәл осылай күрт өсіп кетпейтін еді. Мұны қолмен реттеу тетігі жоқ. Реттеудің жалғыз жолы – етті өндіру көлемін, басқаша айтқанда, ұсынысты көбейту керек. Яғни бұл бизнеспен айналысу тиімділігін арттыру үшін бағаны тежемеу қажет. Осы кәсіппен айналысамын деген адамдардың құлшынысын қолдап, санын арттыру қажет. Қысқасы, мал шаруашылығын дамыту керек деген сөз.
2019 жылы Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға тоқтаусыз кетіп жатқан ет экспортын жауып тастағаннан кейін бұл ол саланың тиімділігі төмендеп, өндіріс әп-сәтте тоқтап қалды. Сыртқа сатылып жатқан ет ішкі нарыққа «құйылып», баға төмендеп, өсім тоқтады. 5 жыл көтерілмей тұрған баға қашанғы шыдайды? Тежеуден жиналған потенциалдық энергия серіппе сияқты атылды. Өйткені билік экспортты түгел жауып тастады. Қазір сол энергия қайтадан жиналып жатыр. Бұл үрдіс осылай сақталса, баға 3-4 жылдан кейін тағы да жоғары қарай атылады. Бұл жерде парадокс – өндіріс пен ұсыныс бағаны реттеп, тежеп отырғанда, ешқашан дамымайды, баға ұзақ мерзімде ешқашан реттелмейді.
– Сол кезеңде аграрлық секторда субсидиялар мен институттарға сүйенген модель басым болды. Қазіргі жағдайға қарап, біз тиімді өндіріс экономикасын қалыптастырдық па, әлде бюджетке тәуелді жүйе қалып қойды ма?
– Мен министрлікке келгенде субсидиялаудың 100-ден астам түрі болған еді. Оның бірі тиімді, екіншісі тиімсіз болды. Бірақ бүкіл субсидиялаудың бюджеті 60 млрд теңге еді. Ақырында 100 шақты субсидияның 50-60 түрі қалды. Қалғанын қысқарттық. Оған қарсы шыққандар қаншама? Тіпті алты-жетеуін ғана қалдыруды мақсат етіп ем, соған үлгере алмадым.
Субсидиялардың саны қысқарғанымен олардың қаржы көлемі күрт өсті. Орнына ешқашан болмаған субсидия түрлері келді. Мысалы, инвестициялық, агросақтандыру шығындарын өтейтін және етті бағыттағы мал шаруашылығына арналған субсидия түрлерін айтуға болады. Бұл жаңа субсидияларды алушылардың саны ұлғайды. Мысалы, сүтке берілетін субсидия көлемі етке берілетін субсидиядан көп болмаса, кем емес. Бірақ сүт бағытында субсидияны алушылардың саны 150-200 ғана болса, етті бағытта ашылған жаңа субсидия алушылардың саны он мыңдап саналатын.
Сондай-ақ субсидиялардың санын азайтып, тиімділігін арттырып қана қоймай, оларды беру тәсілдері мен рәсімдерін жақсарттық. 2015-2016 жылдары субсидияларды автоматтандыру, цифрландыру ісін жолға қойдық. Бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы, бюджеттік шығынсыз жасалды. Оған дейін фермер жылына бір рет бүкіл құжатын нотариус арқылы рәсімдеп өткізуге міндетті болды. Оның бәрі шығын. Одан бөлек, ай сайын, тоқсан сайын тиісті құжатты облыс, аудан орталығына жеткізуге мәжбүр. 2015 жылы енгізілген жүйе бойынша фермер үйден шықпай-ақ компьютер, телефоннан-ақ субсидия алуға өтініш бере алатын болды. Ақпараттық жүйе қажетті анықтамаларды ақысыз, автоматты түрде өзі алатын. Яғни біз жемқорлық тәуекелін азайттық. Өйткені жеке бизнес пен шенеуніктердің өзара әрекеттесуі цифрландырудың арқасында күрт азайды.
Мұның бәрі ішкі мәселеге жатса, ал ауқымды масштабта қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтасымыз Ресей мен Беларусьпен салыстырғанда, біздің ел ауыл шаруашылығын субсидиялау мақсатында қаржыны ең аз бөлетін ел еді. Оның есесіне, біздің табиғи жағдайымыз Ресей мен Беларуське қарағанда әлдеқайда нашар. Себебі жауын-шашын аз, жердің құнарлығы төмен. Мұндай одаққа кірген соң отандық агробизнестің бәсекелестікке төтеп беру мәселесі алдыға шықты. Мысалы, Ресей саладағы өндірілген өнім көлемінің 10 пайызынан артық, Беларусь – 18 пайыз, ал біз 3-ақ пайызға жуығын субсидияладық. Олардың сүті, майы, еті біздің нарығымызды жаулау қаупі төнді.
Осы себеппен біз «Агробизнес-2020» бағдарламасында мемлекеттік қолдау іс-шараларын бес еседен артық көтеру керек деп, тиісті қаржыны бюджетке енгіздік. Бұл мақсатқа да жеттік. 2011 жылы осы қызметке келгенде бүкіл субсидияның көлемі 60 млрд болса, 2016 жылы 240 млрд теңгеге жетті. Төрт есе ұлғайттық. Бірақ бұның өзі әлі де болса жеткіліксіз еді. Өйткені жалпы саладағы өнім көлемі ұлғайғаннан, субсидия өнім көлемінің 5 пайызын ғана құрады. Ал кедендік, Еуразиялық экономикалық одаққа кірген кезде үш елдің ортақ ратификацияланған келісімшартына сәйкес, бізге 10 пайызға дейін көтеру мүмкіндігі болды, ал одақтастар 10 пайызға дейін түсіру міндеттемесін алған болатын. Десек те, қанша жерден шырылдасақ та, қаншама бағдарлама қабылдасақ та, бұл салаға дұрыс көзқарас болмады.
Қысқасы, ауыл шаруашылығындағы субсидияның төленуі мен көлемінің өсуі мәселе емес. Ең бастысы, төленіп жатқан субсидиялардың тиімділігі жоғары және саланың дамуына оң ықпалы болуы қажет.

«Қазақстанда жасалған» деген жапсырманың өзі Қытайда жасалған»
– Кедендік одақ пен ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграциядан кім көбірек ұтты? Қазақстан үшін оның нақты пайдасы болды ма?
– Сіз айтқан интеграция процестері ауыл шаруашылығы саласына анау айтқандай зиянын тигізген жоқ. Бірақ өнеркәсіпке және басқа салаларда кері әсерлері байқалады. Мысалы, біз Ресейге трактор, құрылғылар сатып жатқан жоқпыз. Олардың тракторы, су соратын құрылғылары, тағы басқа құралдары бізде көп сатылады. Ал біздің халық осы тауар түрлерін басқа елден сатып алам десе, қомақты кедендік баж салығын төлеуге мәжбүр. Әрине, мұндай жағдай біздің елге тиімсіз. Айналаңызға қараңызшы, үстелдегі тамағыңыздан басқа Қазақстанда өндірілген не бар? Бәрі шетелдік. Мұнайлы ел атансақ та, жанармай да, дизель отыны да жетпейді. Оны да Ресейден сатып аламыз. Бірақ ауыл шаруашылығы мақсатында олардан сатып алатын өнім аз. Ал біз осыны ескермей, әлеуеті бар саланы дамытпай отырмыз. Біз аграрлы ел деген атаудан қорықпай, керісінше, осы салаға үлкен басымдық беруіміз керек.
Біз Тайланд, Жапония сияқты компьютер жасай алмаймыз. Бөлшектері түгел шетелден келіп, бізде құрастырылып жатқан көліктегі «Қазақстанда жасалған» деген жапсырманың өзі Қытайда жасалған. Тым болмаса, этикетка шығаратын зауыт ашуға болмай ма?!
– Сол кезде жұмысыңыз оң бағаланды ма? Бүгінде «Мамытбеков кезінде дұрыс жұмыс істепті» деген жылы пікір естисіз бе? Егер қайтадан министр болу ұсынысы түсе қалса, келісер ме едіңіз?
– Аса бағаланғанын байқамадым. Соған қарамастан, осы уақытқа дейін агросаланың басшылығында ең ұзақ, яғни 5 жыл жұмыс істеппін. Керісінше, арыз-шағым, сын мен мінді оқтай боратып, ақпарат құралдарын маған қарсы айдап салған кездерді бастан кешірген уақыт болды. Телеарна эфирлері, газет беттері менімен басталып, менімен аяқталатын еді. Сынға көп ұшыраған шенеунік болдым. Бірақ оның бәрі бос сөз еді. Ал ауыл шаруашылығы мамандарынан, фермерлерден жылы пікірді сол кезде де естідім, қазір де келіп жатады. Әрине, бұл көңіліме демеу береді.
Уақыт өте келе көп нәрсенің өтірігі кетіп, шындығы қалады. Ең дұрыс баға беретін – халық. Ол кезде халықтың 45 пайызы ауылда тұрды. Олар жеке бизнесінің дамуында саланың саясатынан оң әсерді сезінді. Мен велосипед ойлап таптым деуден аулақпын. Бар істегенім – әлемдегі нарықтық қарым-қатынастағы ережелер мен тәжірибені әкелдім. Жоспарлық экономикадан нарықтық экономикаға көшеміз десек, неге ауыл шаруашылығы кеңестік дәуірдің инерциясында қалып қойды? Соның бәрін өзгерту оңайға түспеді. Жау да көбейді, сын да естідік. Бірақ бәріне жағам десең, жұмыс ілгері жүрмес еді. Сол кездегі басталған жұмыстың бүгінде жалғасы мен жемісін көргенде қуанып қаламын.
Біз қабылдаған «Сыбаға» бағдарламасы бүгінде «Игілік» деп өзгеріпті. Аты бөлек болса да, заты бір. «Сыбаға» деп қала берсе не болар еді, оны қойшы, ең бастысы – осы жобаның жалғасын тапқанның өзі біз таңдаған бағыттың дұрыс екенінің, өміршең екенінің дәлелі. Ең маңыздысы – осы.
Әрине, жұмысым, бастаған жобаларым бәрі мінсіз болды деуден аулақпын. Бірақ стратегиялық деңгейде қателік жібердім деп ойламаймын. Министр лауазымынан кеткелі де 10 жыл болды, бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Алайда қазірге дейін сол кездегі сынға ұшыраған таңдалған бағыт пен жобалар саламыздың діңгегін құрап тұр. Олар дұрыс болмаса, әлі күнге дейін өзгермей тұрар ма еді? Мақтанғаным емес, егер біреу-міреу «мына жұмысың қате болды» десе, пікірталасқа дайынмын. Бірақ осы салаға қайтадан министр болу ұсынысы түсе қалса, бас тартар едім.
Сұхбаттасқан
Динара Мыңжасарқызы