Кейіпкер

Ел-жұртына «жақсылық жасаумен» өткен ғұмыр үзілді

Өмірден қазаққа ғана емес, күллі түркі дүниесі мен әдебиетіне еңбегі сіңген ақын өтті. Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген, ақындығы мен азаматтығы арқылы өзінің тұтас келбетін көрсете білген ақын. Бүгін ұлтымыз орны толмас қазаға ұшырады. Орны ойсырап тұратыны рас.

Шаханов

 Алып таудың асқар шыңы құлағандай күй кешіп отырмыз. Ақынның жас кезінде жазған «Танакөз», «Сенім патшалығы» сынды поэмалары мен басқа да туындылары жұрттың жүрегінен орын алған-ды, сөзін жазған әр ән жұрттың көңілін баурап алған еді. Тұтас ғұмырында үлкен миссияны арқалаған және сол өзі арқалаған жауапкершілігін толығымен орындай алған дарынды һәм талантты тұлға бақиға аттанды. Оның поэзиясынан тек қазақтың ғана үні емес, тұтас түркі дүниесінің тамыры бүлкілдеп соғып тұратын. Ақын атаулы іңгәлап дүние есігін ашып, өмірге келгенде Құдай тарту еткен ақындық талантымен қатар азаматтық парызы да қатар келеді. Мұхтар Шаханов – азаматтық парызын адал атқарған, ұлттың, халық пен елдің, мемлекеттің алдында табандылық, қайсарлық, батылдықпен оқ бойы озық тұрған біртуар тұлға. Ана тіліміздің ар-намысын, ұлтымыздың рухы мен жігерін Шахановтай қорғай білген азамат кемде-кем. Шахановтың азаматтық ұстанымын оның шығармашылығынан бөлек қарауға келмейді.

Ол қай кезеңде де үнсіз қалған жоқ. Сөз айту керек жерде сөйледі, шындықты айту керек жерде тайсалмады. Желтоқсанның шындығын ашық айтып, содан кейін әртүрлі мінбелерде қазақ тілі мен халық мәртебесі үшін аянбай күрескені бәрімізге белгілі. Олжас Сүлейменов, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев бастаған ақындар сеңді бұзып, қазақ әдебиетін әлемге таныта бастаған тұста Мұхтар ағамыз да поэзиясы арқылы қазақ әдебиетін биікке көтерді, шырқау шыңға шығарғаны рас. «Түрік дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» деген абыройлы сыйлықты алған алғашқы қазақтардың бірі – Мұхтар ағамыз болды. Сол үшін де тек қазақ халқына ғана емес, күллі түркі дүниесіне ақынның даңқы тарады, ақындығы абыройын асқақтатты. Егер әдебиеттің кеңінен таныла бастаған кешегі өткен дәуіріне қарасақ, Шаханов орыстың Евтушенко, Вознесенский сынды әйгілі ақындарымен үзеңгілес болған. Бұдан бөлек, Расул Ғамзатов, Қайсын Кулиев, Мұстай Кәрім сынды ақындарымен де қанаттас бола алды.

Біз ағамыздың өзінен бұрын, өлеңімен алғаш танысқан едік. Поэзияға ерекше екпінмен келген Мұх­тар Шаханов та ә дегеннен жас­тардың іздеп жүріп оқитын ақынына айналды. Сыйлық алған «Танакөз» поэмасын жастар қауымы жатқа со­ғып жүрді. Сол кезең біздің студенттік шағымызбен тұспа-тұс келген еді. Университетте Мұхтар Шахановпен кездесу ұйымдастыратын болып, бізге ақынның алдында өлең оқу мәртебесі бұйырды. Сондай шығармашылық кездесулердің бірінде мен студенттер атынан ағамыздың алдында сөз сөйледім. Кейін ағамыз телехабар жүргізіп жүрген шағында бағдарламасына қонаққа келген жас ақындардың қатарында бар едім. Сол хабарда мен де өлеңімді оқыдым.

 Түсірілімнен кейін бірге шығып, троллейбустың ішінде келе жатыр едік. Ағамыздың сол кезде айтқан сөзі әлі есімде. «Маған бір үлкен кісінің айтқан ақылы көкейіме орнап қалды, мен соны өмір бақи іске асыруға бел буған адаммын», – деді. Қандай ақыл екенін сұрағанымда: «Күн сайын бір адамға жақсылық жасап отыруым керек. Мен осынау сөзді өмірлік темірқазығыма айналдырдым», – деді. Мұхтар ағамыз – тұтас ғұмырында тек бір адамға ғана емес, күллі халыққа талай жақсылығы мен септігі тиген жан еді. Қазақ тілі мен тағдыры үшін аянбай күрескені көпке аян, маған «сен менің бастамаларым мен үндеулерімнің біреуінен де бас тартқан емессің, біреулер қол қоюдан бас тартып жатса, енді бірі келісіп алып, кейін сыртымнан сөз айтып, айнып жатқан кезде, сен еш қобалжымай, қорықпай қолдаушы едің. Сол үшін саған дән ризамын», – деп бірнеше рет айтқаны есімде.

Шынымен-ақ, сексенінші жылдардың аяқ шенінде Наурыз мейрамын тойлауымыз керек деп алғаш бастама көтерген Мұхтар ағамыз болатын. Сол бастамаға Сафуан, Қалихан, Смағұл сынды ағаларымыз үн қосып, жеті адам «Жас Алаш» газетіне наурыз мейрамын қайтару жөнінде үндеу жариялаған едік. Кейін мемлекеттік билікте отырған Өзбекәлі ағамыз қолдап, комиссия құрылып, Наурыз мейрамын тойлау рұқсат етіле бастады. Бұл – ағамыздың бастамасымен қолға алынған істердің біреуі ғана. 

Бұдан бөлек, Қырғызстанға елші болып барған кезде, төсекте басы, төскейде малы қосылған қазақ-қырғыз ағайынның арасы алшақтап жатқанына налып, арамызды жалғаған адамның бірі еді. Қырғызстан елшісі Акбар Рысқұлов болса, біздің елші ретінде Мұхтар Шаханов ағамыз қос елдің арасындағы мәдени әрі саяси байланыстарды жолға қойды. Адамзаттың жазушысы атанған Шыңғыс Айтматовпен тығыз шығармашылық байланыс орнатты, сол арқылы екі елдің қоян-қолтық араласуына септігін тигізді.

Мұхтар ағамызбен талай мәрте шетелдерге шығып, сапарлас болдым. Ішкі жан дүниесі таза, біреудің бетіне жел болып тие қоймайтын адал адам еді. Ел-жұртқа «жақсылық жасаумен» өткен ғұмыр үзілді...

Ұлықбек Есдәулет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз