Кейіпкер

«Менің атақ-даңқым, абыройым «командировкаға» кеткеннен кейін көтеріледі» дейтін

Мұхтар Шаханов – аты аңызға айналған ақын. Өлеңдерін бірнеше буын өкілдері жатқа оқиды. Тіпті өлең оқылмайтын заманда да Мұхаңның шығармашылығы сұраныста болды. Дәл осылай халық іздеп, өлеңі жатқа оқылған ақын кемде-кем. Бұл – Мұхаңның маңдайына жазылған бақыт.

Мұхтар Шаханов

«Бірнеше буын өкілдері өлеңдерімен тәрбиеленді, көп оқылатын ақын» деп қанша жерден дәріптесек те, өзі «Мені өз елімізге қарағанда шетел жұртшылығы жоғары құрметтейді, бағалайды» деп айтатын. Шынтуайтына келгенде, Мұхтар Шаханов туралы ғылыми еңбектер жазылған жоқ. Сыншылардың өздері де назар аудара қоймады. Оның шығармашылығы өз бағасын алды дегеннің өзінде өлеңдерін талдап, ерекшелігіне тоқталып, ғылыми-философиялық ойларына мән берген адам жоқ. Ол бірнеше романға жүк болатын дүниелерді бір шумақ өлеңге сыйдырып жіберетінін айтатын.

М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғыс ханның пенделік құпиясы») атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде танылып, қызу пікірталас тудырды. Жапонияда, Германияда, Пәкістанда бірнеше кездесу өтті. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне тәржімаланғанда қазақ оқырманы тіпті назар аударған жоқ. Шыңғыс хан туралы дау-дамай ауыл арасындағы өсектің деңгейінде қалды. Яғни шығармаға назар аудармай, дақпыртқа ілесіп кетті. Бұл да өз бағасын алған жоқ.

Мұхаңды әу баста өз деңгейінде, биігінде қабылдамады. Алдыңғы буын ағаларымыз «Жастар ақыны» деп баға берді. Себебі өлеңдерін кезінде жастар сүйіп, жатқа оқыды. Шын мәнінде, бұл да Мұхаңды бір деңгейде кемсіту, бөліп тастау. Осындай әңгімеден аса алмағандай сияқтымыз. Одан бөлек композитор Шәмші Қалдаяқовпен бірлесіп жазған әндері өз алдына бір бөлек. Кейде «Шәмшіні пайдаланып, соның жанында жүріп танымалдылыққа қол жеткізді» деген кереғар әңгімелер айтылды.

Ал енді ұлт, тіл үшін күресі, қоғамдық қайраткерлігі, сол жолдағы белсенділігі бір төбе. Күйіп тұрған түйткілді көтерсе де, мемлекет тарапынан қолдау таппады. Бірақ Мұхаң айтқан мәселеге мемлекет кейін иелік етті. Мәселен, кезінде Наурыз мейрамын тойлау, Арал теңізінің жай-күйі, Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты, мемлекеттік тілдің тұғырына қатысты ащы пікір айтып, талай таяқ жеді. Ол кісі жай ғана айтып қойған жоқ, соған жанын салды, талантын арнады. Айталық, Наурызға да, Желтоқсан көтерілісіне де, тілге де өлең жазды. Соның бәрі қазір мемлекеттік деңгейде көтеріліп, дәріптеліп отырған жоқ па?!

Мұхтар Шаханов Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматовпен ағалы-інілі жақын араласты, бір-бірін бауыр тұтты. Әсіресе Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітабы қырғыз елінде танымал болды. Екеуінің достығының құрметіне Қырғызстан халқы өмірге келген балаларына «Мұхтар» есімін қойды. Оған 1994 жылы Қырғызстан халық ақыны атағы да берілді. Әдебиетте екі тұлғаның үндестігі «Қос бәйтерек достығы» атауымен қалған болатын. Бір өкініштісі, біздің Мұхаңды осындай тұлғалармен қатар көргісі келмейтіндер де кездесті.

Мұхаң бір пікірінде: «Менің атақ-даңқым, абыройым «командировкаға» (өмірден) кеткеннен кейін көтеріледі. Бәрі де менің өлген күнімді күтіп отыр...» дейтін. Сол сөз шындыққа айналады. Мұхтартану енді басталады.

Құдияр Біләл

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз