Дәріханадағы заңсыз сауда: пайда мен пациент қауіпсіздігі
Дәрі-дәрмек нарығы – қарапайым сауда қатынастарынан әлдеқайда күрделі, адам денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін сала.
Кез келген тауардың сапасыздығы тұтынушыға материалдық шығын келтіруі мүмкін болса, талапқа сай сақталмаған немесе заңсыз айналымға түскен дәрілік препараттың салдары әлдеқайда ауыр болуы ықтимал. Сондықтан фармацевтикалық нарықтағы бақылаудың тиімділігі тек анықталған заң бұзушылықтар мен салынған айыппұлдардың көлемімен өлшенбейді. Ең басты көрсеткіш – халықтың қауіпсіз әрі сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізуі және дәрілік заттардың заңсыз айналымының алдын алу. Алайда елімізде дәрі-дәрмекті рецептсіз сату, тіркелмеген препараттарды өткізу, сақтау талаптарын бұзу және мемлекет есебінен тегін берілуге тиіс дәрілерді коммерциялық айналымға шығару мәселелері әлі де өзекті. Мұндай заңсыздықтар фармацевтикалық қызметті реттеудегі олқылықтарды, дәрілік заттардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Шымкент қаласында жүргізілген тексерулер де фармацевтикалық нарықтағы бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Айгүл Садықованың мәліметінше, бүгінде қалада фармацевтикалық қызметпен айналысатын 868 нысан бар. Оның 650-і – дәріхана. Яғни қаладағы фармацевтикалық нысандардың шамамен 75 пайызын дәріханалар құрайды. Бұл көрсеткіш дәрі-дәрмек саудасының ауқымын аңғартады. Сонымен бірге осыншама нысанның қызметін тұрақты қадағалау, олардың лицензиялық талаптарды сақтауын, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуін бақылау құзырлы органдарға едәуір жауапкершілік жүктейді.
"2026 жылдың тоғыз айында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 73 заң бұзушылық анықталды. Олардың 34-і бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сондай-ақ 53 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 15,7 млн теңгеден асты. Мамандардың айтуынша, фармацевтикалық нарықтағы жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында тиісті рұқсатсыз қызмет көрсету, дәрілік заттарды рецептсіз сату, сондай-ақ Қазақстанда тіркелмеген препараттарды сақтау және өткізу бар. Бір қарағанда, мұндай әрекеттер сауда тәртібін бұзудың жекелеген көріністері сияқты қабылдануы мүмкін. Алайда олардың әрқайсысының артында қоғамдық денсаулыққа төнетін нақты қауіп жатыр. Мәселен, дәрілік заттарды рецептсіз босату мәселесі әсіресе антибиотиктер, гормоналды препараттар және дәрігердің бақылауын қажет ететін өзге де дәрілерге қатысты өзекті. Дәрігердің тағайындауынсыз қабылданған препарат аурудың белгілерін уақытша бәсеңдеткенімен, оның негізгі себебін анықтауды кешіктіруі немесе науқастың жағдайын асқындыруы мүмкін. Бұған қоса дәрілердің өзара әсерлесуі, қарсы көрсетілімдері мен жанама әсерлері ескерілмеген жағдайда емнің пайдасынан зияны басым түсу қаупі бар", – деді Айгүл Садықова.
Бұл мәселенің тағы бір маңызды қыры – антибиотиктерге қарсы иммунитеттің қалыптасуы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы микробтарға қарсы препараттарға төзімділікті жаһандық денсаулық сақтау жүйесіне төнетін елеулі қатерлердің бірі ретінде қарастырады. Антибиотиктерді орынсыз пайдалану бактериялардың дәріге төзімділігін күшейтетін факторлардың қатарына жатады. Соның салдарынан бұрын емдеуге болатын инфекцияларды емдеу қиындап, медициналық көмектің құны мен ұзақтығы артуы мүмкін. Демек, дәріханалардың рецептілік талаптарды сақтауы тек әкімшілік тәртіп мәселесі емес, инфекциялық аурулардың алдын алу және емдеу тиімділігін сақтау тұрғысынан да маңызды. Фармацевтикалық бақылауда ерекше назар аударуды қажет ететін келесі мәселе – тіркелмеген дәрілік препараттардың айналымы. Дәрілік затты мемлекеттік тіркеу оның сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ұсынылған мәліметтерді белгіленген тәртіппен бағалауға мүмкіндік береді. Ал тиісті тіркеуден өтпеген препараттардың нарыққа заңсыз шығарылуы мұндай бақылау тетіктерін айналып өту қаупін туғызады. Бұл ретте тіркелмеген дәрінің барлығы міндетті түрде сапасыз немесе жалған деген тұжырым жасау дұрыс емес. Дегенмен заңда көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, тіркеусіз айналымға жіберілген препараттың Қазақстандағы міндетті талаптарға сәйкестігі тиісті тәртіппен расталмаған болады. Сондықтан мұндай өнімдердің шығу тегі, тасымалдану жағдайы, сақталу тәртібі және түпнұсқалығы қосымша күмән тудыруы мүмкін. Дәрілік заттардың қауіпсіздігі олардың өндірілген сәттегі сапасына ғана байланысты емес. Препараттың өндірушіден көтерме жеткізушіге, одан дәріханаға, ақырында тұтынушыға дейінгі қозғалысының әр кезеңінде белгіленген талаптар сақталуы қажет. Әсіресе температураға сезімтал дәрілер, вакциналар, биологиялық препараттар мен кейбір инъекциялық ерітінділер үшін сақтау жағдайының маңызы зор. Температуралық режимнің бұзылуы препараттың тұрақтылығына және тиімділігіне әсер етуі мүмкін. Мұндай өзгерістерді дәрінің сыртқы түріне қарап анықтау әрдайым мүмкін емес.
Фармацевтикалық нарықтағы заңсыздықтардың әлеуметтік тұрғыдан ең алаңдатарлық көріністерінің бірі – мемлекет есебінен халыққа тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектерді сату. Айгүл Садықованың айтуынша, қазіргі уақытта мұндай әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл мәселенің маңызы тек қаржылық заң бұзушылықпен шектелмейді. Өйткені тегін дәрілік қамтамасыз ету жүйесі белгілі бір аурулары бар азаматтардың, соның ішінде ұзақ мерзімді ем қабылдайтын науқастардың қажеттілігін өтеуге бағытталған. Егер осы мақсатқа бөлінген препараттар заңсыз коммерциялық айналымға түссе, мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына күмән туып қана қоймай, дәріні шын мәнінде қажет ететін азаматтардың уақытылы ем алу мүмкіндігіне де қауіп төнеді. Осы тұрғыдан дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесінің маңызы артып отыр. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек айналымын бақылауда ISMET.KZ таңбалау жүйесі пайдаланылатыны айтылды. Мұндай жүйелердің негізгі міндеті – дәрілік өнімнің айналымдағы қозғалысын тіркеу және оның заңды жеткізу тізбегі арқылы өткенін қадағалауға мүмкіндік жасау. Цифрлық таңбалау дәрілік заттардың көлеңкелі айналымын азайтуға, заңсыз жеткізу арналары мен күмәнді операцияларды анықтауға көмектесе алады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауда да цифрлық құралдардың мүмкіндігі кеңейіп келеді. Мәселен, NAQTY ONYM мобильді қосымшасы арқылы дәрілік зат туралы мәліметтерді және оның белгіленген шекті бағасын тексеруге болады. Әсіресе дәрі-дәрмек бағасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда мұндай құралдардың практикалық маңызы бар.
Дегенмен тұтынушылардың барлығы бірдей дәрілік заттарды таңбалау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін немесе бағаны қайдан тексеруге болатынын біле бермейді. Сондықтан цифрлық бақылау тетіктерін енгізумен қатар, оларды пайдалану тәртібін халыққа түсіндіру де маңызды. Қарапайым азамат дәрінің тіркелу мәртебесін, жарамдылық мерзімін, сақтау талаптарын және шекті бағасын тексеру жолдарын білген жағдайда заңсыз саудаға қарсы қоғамдық бақылаудың мүмкіндігі де кеңейеді. Бұған дейін елімізде жарамдылық мерзімі өткен дәрілерді сатуға қатысты 7,5 мың жағдай тіркелгені туралы ақпарат тараған еді. Фармацевтикалық нарықтағы заңсыздықтардың алдын алу тек бақылаушы органның міндеті емес. Тұтынушылардың да дәрі-дәрмек сатып алу кезінде сақтық танытуы маңызды. Препараттың қаптамасына, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына және дәріхананың заңды қызмет көрсетуіне назар аудару ықтимал тәуекелдерді азайтады. Ал дәрілік заттың бағасына, сапасына немесе сатылу тәртібіне қатысты күмән туындаса, азаматтар "Е-өтініш" жүйесі арқылы құзырлы органдарға шағым жолдай алады.
Сәруар Бақберген
Шымкент қаласы