Давид Дегтярев Қазақстан қоржынына алтын медаль салды
Жазғы Паралимпия ойындарының 4 қыркүйек, жетінші жарыс күнінің қорытындысы жарияланды.
Нәтижесінде, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Пара пауэрлифтинг: Ерлер арасында 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Бұл – Парижде ұлттық құрама қоржынына түскен алғашқы алтын медаль.
Әйелдер бәсекесінде 45 кг салмақта өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл 95 кг нәтижемен 6-орыннан көрінді.
Пара жеңіл атлетика: Ядро лақтырудан F36 санатында бақ сынаған Дастан Мұқашбеков қола медаль жеңіп алды. Оның нәтижесі – 16 метр. Бұл – Азия құрлығының жаңа рекорды.
Пара жүзу: Зүлфия Ғабидуллина 50 метрге брасс әдісімен жүзуде 10-орынға тұрақтады. Оның уақыт көрсеткіші – 1:12.07 секунд.
Волейболды отырып ойнау: Қазақстан құрамасы Бразилия спортшыларынан 3:0 есебімен басым түсіп, XVII жазғы Паралимпия ойындарын 5-орынмен аяқтады.
Паралимпиаданың жетінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде бар.