Қоғам

БҚО-да ер адам туысын өлтіріп, сегіз күн бойы оны іздеуге қатысқан

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында ер адам туысын өлтіріп, кейін оны іздеу жұмыстарына өзі де қатысқан.

қылмыс

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, оқиға 19 мамырда түнде туыстардың бас қосуы кезінде болған.

Сот мәліметінше, 26 жастағы ер адам 18 жастағы інісімен жанжалдасып, оған ас үй пышағымен бірнеше рет жарақат салған. Сонымен қатар марқұмды ұрып-соққан. Жас жігіт алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстан кейін сотталушы марқұмның денесін үйдің артындағы қоқыс шұңқырына көміп, ұйықтап қалған. Ал кейінгі сегіз күн бойы ол туыстарымен бірге жоғалып кеткен жігітті іздеген. Тіпті оның жоғалғаны туралы әлеуметтік желіге жазбалар жариялап, марқұмның отбасымен бірге жүрген.

Қылмыс куәгерлердің берген жауабы негізінде ашылған. Сот ер адамды адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді.

Сондай-ақ сотталушыны алкоголизм мен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу туралы шешім шығарылды. Бұдан бөлек, марқұмның отбасына 12 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қаза болған жігіттің анасы сот үкімімен келіспейтінін айтып, кемінде 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз