Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығатын қазақстандықтарға хантавирустан сақтану жолдарын түсіндірді
Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға хантавирус инфекциясының алдын алу үшін сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес берді.
Министрліктің мәліметінше, хантавирустық инфекция – кеміргіштерден немесе олардың бөлінділері (зәр, нәжіс, сілекей) арқылы жұғатын қауіпті вирустық ауру.
Вирус адам ағзасына шаң-тозаң, ластанған азық-түлік пен су арқылы немесе кеміргіш тістеген жағдайда енуі мүмкін. Сол себепті ведомство азаматтарға шетелде жүрген кезде кеміргіштерден және олардың тіршілік іздерінен аулақ болуға, күмәнді тағамдар мен суды пайдаланбауға, көшедегі бейберекет сауда орындарында тамақтанбауға кеңес берді. Сондай-ақ азық-түлікті жабық ыдыста сақтау, жабық бөлмелерді алдын ала желдету, тазалық жүргізу кезінде қолғап пен маска қолдану ұсынылады.
Министрлік адамдар көп жиналатын орындарда жеке гигиена талаптарын сақтап, қажет болған жағдайда маска мен антисептик пайдалануға назар аударды. Егер шетелден оралғаннан кейін бір аптадан сегіз аптаға дейін дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бұлшықет ауруы, жөтел немесе ентігу пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Бұл ретте медициналық қызметкерлерге шетелде болғаныңызды міндетті түрде хабарлау керек. Денсаулық сақтау министрлігі хантавирустық инфекция ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін атап өтіп, азаматтарды санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.