Депутат Ермұрат Бәпи "Отағасы туралы" заң қабылдауды ұсынды
Депутат Ермұрат Бәпи әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң жобасын талқылау барысында «Отағасы туралы» заңды қабылдауды ұсынды.
– Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі «Әкең келсін, сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыда келгенде сіз қалай ойлайсыз? Ер азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?, – деді Бәпи.
Ал әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова бұл заңда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау көзделгенін, десе де "Отағасы" туралы заң шықса, оны бірінші қолдайтынын айтты.
– Әке– асқар тау. Қазақтың отбасы институтында әкенің орны ерекше. Әкемен бәрі байланысады. Бірақ бұл заңда бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелге жасалған озбырлыққа тосқауыл қоятын заңды көздеп отырмыз. Мен де ұлдарымыздың болашағы жайлы ойларым бар. Ел болашағын ұлдың болашағымен байланыстырған елміз. Бірақ Конститутяда ер мен әйел бөлінбейді. Қол шапалаққа байланысты бұл – бүкіл елдің сұрағы ғой. Жалпы әкелердің рөлін, отбасындағы жауапкершілігін, ерекше орнын белгілейтін заң қажет болса бірінші боып қабылдауға өзім де атсалысқым келеді, – дейді Сүлейменова.