Қоғам

Астанада ғылыми жобаға бөлінген 297 миллион теңгеден астам қаржат жымқырылған

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын иемдену схемасын әшкереледі.

ақша

Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал 297 миллион теңгеден асқан.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер "Ғылым қоры" АҚ-нан өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру жобасын жүзеге асыру үшін 350 миллион теңгеге дейінгі қаржыландыру көлемінде грант алған.

Алайда бөлінген ақша өндірісті іске қосуға жұмсалудың орнына, жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер мен басқа да тауарларға ақы төлеу деген желеумен кәсіпкердің бақылауындағы компаниялардың есепшоттарына аударылып отырған.

Жоба бойынша дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алынуға тиіс болған. Бірақ оның орнына техникалық талаптарға сай келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана алынған. Өндіріс іске қосылмаған: дайын өнім шығарылмаған әрі сатылмаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге төлем жасау деген сылтаумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған. Кейін ақшаның бір бөлігі жеке кәсіпкердің есепшотына қайтарылып, жобаға өзі салған қаражат ретінде көрсетілген. Қалған бөлігінің бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу кезінде бастапқы жарна төлеуге жұмсалған.

Бұдан бөлек, жобаның орындалуын бақылауға міндетті "Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" АҚ қызметкері 1,7 миллион теңге заңсыз сыйақы алған деген күдікке ілінді. Тергеу дерегінше, ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілеріне енгізбей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: бюджет Астана
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз