Депутат Сайыров олигархтарды спорттан қуып жіберуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров олигархтар мен олардың туыстары, достары әртүрлі федерацияларды ашып, Қазақстанның бюджетінің тоз-тозын шығарғанын айтып, олигархтарды спорттан қууды ұсынды, деп жазды Zhasalash.kz.
«Қазақстан спортынан олигархтардың барлық байланысын алып тастауымыз керек. Олар Қазақстан спортына керсінше зиянын тигізіп жатыр. Бұл мәселені қалай шеше аламыз? Құзырлы министрліктің олигархтарды спорттан қуып жіберуге күш-жігері бола ма? Олигархтар, олардың айналасындағы туыстары, достары елімізде әртүрлі федерация ашып, Қазақстан бюджетінің қаржысын тоз-тозын шығарды», - деді депутат.
Оның дерегінше, соңғы 4 жылдың ішінде еліміздің жоғары жетістік спорты көршілес елдерден қалып барады.
«Неге? Қазақстан спортқа жалпы 1 млрд доллар бөледі. Ал Орта Азиядағы басқа елдер мұндай соманы түсінде де көрмеген. Бірақ, олардың жетістігі жоғары. Яғни, 1 млрд доллар елімізде талан-таражға түсіп отыр. Сондықтан ең алдымен спортты дамытқан кезде олимпиадалық спорт түрлеріне ғана бюдет қаражатын бөлу керек. Екіншіден, ұлттық спорт түрлеріне беру қажет. Басқа федерациялар жұмыс істегісі келсе, онда бюджеттен тыс көздерден қаржы тартып, жұмыс істей берсін. Оларға ешкім қой демейді», - деді Ерлан Сайыров.