спорт

Жәнібек Әлімханұлы – Хамза Шираз жекпе-жегі Лондонда өтуі мүмкін

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру құқығына өткен промоутерлік саудада британдық боксшының командасы жеңіске жетті.

Әлімханұлы мен Шираз

 Бұл туралы The Ring басылымы хабарлады. 

Шираздың промоутері Queensberry Promotions жекпе-жекті өткізу құқығы үшін 1 001 809 доллар ұсынған. Ал Әлімханұлының мүддесін қорғайтын Top Rank компаниясының ұсынысы 820 мың доллар болған.

Алдын ала жоспар бойынша, кездесу 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін. Жекпе-жекті қабылдайтын ықтимал қалалар ретінде Лондон мен Нью-Йорк аталып отыр. Queensberry саудада жеңгендіктен, Шираз жекпе-жекке келіссе, кездесу Лондонда өтуі ықтимал. 

Алайда жекпе-жектің өтетіні әзірге түпкілікті бекітілген жоқ. Бұған дейін WBO Ширазға чемпиондық белбеуін міндетті үміткер Әлімханұлына қарсы қорғауды тапсырған. Екі тарап белгіленген мерзімде келісімге келе алмаған соң, WBO промоутерлік сауда өткізу туралы шешім қабылдады. 

Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) биыл шілдеде орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысып, кейін WBO шешімімен Шираздың міндетті қарсыласы атанды. Ал 27 жастағы Хамза Шираз (24-0-1, 19 КО) мамырда Алем Бегичті екінші раундта жеңіп, WBO чемпиондық белбеуін иеленді. Шілдеде Симон Захенхуберді төрешілердің басым шешімімен жеңіп, атағын қорғады. 

Әлімханұлы рингке соңғы рет 2025 жылдың сәуірінде шығып, Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңген. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз