Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:19, 27 Ақпан 2024

Депутаттарды «әкеңді танытам» деп тәрбиелей ме?

Мұқаев
Фото: из открытых источников

Осы біздің мәжіліс депутаттарын «от басы, ошақ қасынан аттап шығушы болма, әкеңді танытам» деп қорқытып ұстап отырған біреу бар сияқты. Мінберден айтқан сөздеріне қараңызшы, отағасы туралы заң, ер адамдардың құқығы туралы алаң, оюлы шапан туралы ұсыныс...

Былтыр наурызда сайлау болып, мәжіліске 6 партия өтті және бірмандатты округтан депутаттар сайланды. Бірақ жаңа құрамнан жаңаша ештеңе байқамадық. Бұл жолы да депутаттар бұрынғыдай «қалғып-мүлгіп» отырып бір жылға жуық уақытты өткізіп жіберді. Жұмыс істеп жатқандай көріну үшін ұсақ-түйекті сөз етіп, ақылға қонбайтын ұсыныстар айтып қоятынды шығарды.

Парламент мәжілісі – елдегі басты заң шығарушы орган. Онда білімді, кәсіби тұрғыда білікті, әділ адамдар отырса жарасады. Ал біздің елде айтыскер, спортшы, блогерлер депутат болады. Олар саяси және экономикалық мәселелерді бір шетке сырып қойып, «жастардың тәрбиесімен айналысады». Өткенде бір депутат «жастар шетелдік әншіге іш киім лақтырды» деп күңіренген еді, жақында тағы біреуі «ұлттық киімді ұлықтайық» деп ұран тастапты. Енді бірі «отағасы туралы» заң шығаруды ұсынып отыр.

Өткен апта мәжіліс әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігі туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл заң 2020 жылдан бері талқыланып келді. Талқылау барысында түрлі тосын пікір айтылды. Мысалы, депутат Анас Баққожаев «Жанжал әйелдің тілінің ұзындығынан туындайды» деп, бәлеге қалған.

Отағасы туралы заң

Әйелдер мен балалардың құқығы туралы заң бекітіліп жатқан тұста депутат Ермұрат Бапи әйелдермен қатар ерлердің де құқығын қорғау керек деп, біраз жұртқа әңгіме тауып берді. «Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі «Әкең келсін, сазайыңды береді» деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыда келгенде сіз қалай ойлайсыз? Ер азаматтың рөлін көтеру үшін, бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?» деді депутат мәжіліс отырысында.

Залда отырған депутаттарға бұл ұсыныс ұнаған сияқты, қол шапалақтап, қолдау көрсетті. Жалпы, ер адамдардың да құқығы тапталатыны қазақ қоғамында әзілге сүйеніп айтылып жүретін. Бірақ дәл осы мәселе мәжіліс қабырғасында айтылады және оны Бапи айтады деп ешкім күтпеген. Артынша, «Аманаттық» депутат Аманжол Әлтай да заңда әйелдердің ғана емес, ер-азаматтардың құқығын қорғайтын нормалар болу керек деп шықты. Сонда ғана мұның әзіл емес екенін, мәжілісмендердің шындап кіріскенін ұққандай болдық. «Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, қазір қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып отыр. Солардың санатында ер азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден қысым көрген еркектер де баршылық» дейді Әлтай.

Депутаттардың бірі атып, бірі қағып, ұрандағанына қарап, елде ер азаматтар жаппай жақынынан жапа шегіп жатыр ма деген ой туады. Иә, бірен-саран ондай оқиғалар болуы мүмкін. Бірақ ол арнайы заң қабылдауға негіз бола ма? Заң жобасын таныстырған депутат Жұлдыз Сүлейменова жаңа заңдағы денсаулығына қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу бабы барлық азаматтың құқығына қатысты екенін айтты. Демек, айтыскер Әлтаев айтқан «әйелінен қысым көретін еркектер» осы заңға сүйеніп, өзін қорғаса болады.

Қазақстанда ғана емес, тұтас әлемде әлі де патриархат түзім үстемдік құрып тұрғаны белгілі. Соған қарамастан, арагідік «ерлер құқығы», «әкелер құқығы» деген сөздер айтылып қалады. Мысалы, ерлер құқығын қорғайтын MGTOW, «Männer» ассоциациясы сияқты қозғалыстар бар. Бірақ мұндай ұйымдардың саны аз әрі елеусіз жұмыс істейді. Ал ерлерге қатысты арнайы заң ешбір елде жоқ. Егер Қазақстан «отағасы туралы» заң қабылдаса, маскулизмге мас болған әлемдегі алғашқы ел атануы мүмкін.

Бізді халық қалаулылары елдегі әр адамның құқығын конституция аясында қорғалатынын ескермей отыр ма деген ой келеді. Конституциядағы азаматтардың ұлтына, ұлысына, жынысына қарамай, тең құқыққа ие болатыны жайлы бап қайда қалады?

Десі жоқ депутаттар

Өзге ел парламенті қашан да қып-қызыл дау, депутаттар заң тармақтарын талқылағанда бір-бірінің бет-жүзіне қарамай, тартысады да жатады. Ал біздің мәжілісте қашан да өлі тыныштық. Өзгеше ойлап, өз пікірін айта алатын депутат аз. Бәрі «көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деген ұстанымда. Кез келген заң жобасына қарсылық танытпайды, «қосылам» деп қол көтеріп, отыра береді. Тіпті «төрт аяқтап» (бұрынғы мәжіліс депутатының сөзі) қолдайтындар да бар.

Былтыр мәжілістен мандат алған партиялар жайлы бірнеше мақала жаздық. Сонда билік басындағы «Аманаттан» тартып, «оппозициялық» ЖСДП-ға дейін «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүретінін байқадық. Ешқайсысы жоғары жақтың шамына тиетін шетін сөз айтпайды, жолдаған депутаттық сауалдарының бәрі бас жарып, көз шығармайтын бейбіт тақырыптар.

Мәжілісте партиялардан бөлек бірмандатты округтан сайланған депутаттар да отыр. Қағаз жүзінде олар еш партияда жоқ, тәуелсіз. Үкіметтің «жағасынан алып», ақырып, теңдік сұрайтын-ақ адамдар. Бірақ іс жүзінде олар да биліктің сөзін сөйлеуден әрі аса алған жоқ. Айтқан ұсыныстары жеңіл-желпі немесе орынсыз, кейбірі тіпті күлкілі әңгіме айтып жүр.

Өткенде Алматыда жер сілкінісі болып, биліктің біраз кемшілігі су бетіне шықты. Көпшілік дер кезінде әрекет ете алмаған әкімдікті, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаған төтенше жағдайлар министрлігін сынап жатты. Ал Алматы облысынан сайланған депутат Ардақ Назаров әлеуметтік желіде «Талайды тәубесіне келтірген күн. Осы түн соңғы түніміз болғанда не істер едік? Бұл Алланың кішігірім ескертуі. ...үлкен ескерту келмес бұрын кіші ескерту, үлкен азап келмес бұрын кіші азап келеді. Адамдар шарасызбыз, қолымыздан түк келмейді, сөйте тұра тәкаппармыз. Ойлан, тәубеңе кел» деп жазды.

Елдің басты заң шығарушы органында отырған адам халықты заң аясында қорғаудың орнына, «тәубеңе кел» деп діни уағыз айтып отыр. Назаров халықты Құдаймен қорқытпай, үкіметті ұйқысынан оятып, жұмыс істеуге шақырса жарасар еді. Алматыдағы үйлердің сапасы, ақысы төленсе де әлі іске қосылмаған жер сілкінісін анықтайтын аспап, төтенше жағдайға дайын емес билік. Назаров айтам десе, Алматыда мәселе жеткілікті еді...

Алматы қаласынан сайланған Ермұрат Бапидың ұсынысы жайлы жоғарыда жаздық. Елді демократияға бастауы керек депутат ерлерге «теңдік» сұрап жүр. Ал астаналық депутат Дәулет Мұқаев өзге мәселенің бәрін қайырып қойып, ұлттық киімді насихаттауға көшті. Жұртқа тұрғын үй алуды үйретіп аты шыққан «Дәулеттен» мәжіліске барған соң мақсатын өзгерткен сияқты. Халықты баспанамен қамтуға емес, «ұлттық киім күнін» белгілеуге бел шеше кірісті. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, Қырғыз Республикасында айыр қалпақ күні бар екенін айтыпты. «Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек, бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды» дейді ол.

Біздің ойымызша, Мұқаев үлгі ететін елден де, сөз ететін мәселеден де шатасты. Халық қамын ойлаған депутат болса, қырғыздың айыр қалпағын емес, Финляндияның тұрғын үй бағдарламасын айтсын. Ол елде ипотекалық несиесінің жылдық өсімі 1,1% ғана екен. Тұрғындар 50 жылдық ипотека үшін 28% ғана артық төлем жасайды. Ал біздің елдегі тұрғын үй бағдарламаларының артық төлемі 100%-ға дейін жетеді. Міне, үй алу бойынша консультант Мұқаев көтеретін мәселе осы еді. Мәжілісте отырып, аспандаған пайыздың жерге түсуіне әсер етсе, «Дәулеттеннен» жақсы депутат болмас еді.

«Біздің елде саяси мәдениет басқаша. Өз елімізді кемсіте қараймыз. «Егемен ел болғанымыз кеше ғана», «тәуелсіздікке 30 жыл ғана болды» деген сөздерді жиі айтамыз. Осы сөздердің өзі мемлекеттің кемшілігін айтып, сынауға кедергі болады. Көп азамат осы сөзден аса алмай, тек мақтанға сүйеніп отыр. Қазіргі депутаттар да осындай кедергіден аса алмауы мүмкін. Ал «ұлттық киім күні» жайлы айтсақ, бұл биік мінберден көтеретіндей күрделі мәселе емес. Ұлттық киім киюге заң бойынша тыйым салынбаған. Демек, өзіне ұнаса, жарасса, кім болса да кие берсін.

Елімізде біршама экономикалық реформалар жүріп жатыр, мұндай реформалар бұрын да болған. Бұл жағынан алып қарағанда, көршілес мемлекеттерден кішкене алда келе жатырмыз. Ал саяси реформа жайлы бұлай айта алмаймыз. Елде қоғамдық саяси өзгеріс болмаса, басқа жұмыстардың оң нәтижесін көру қиын. Депутаттардың қолын байлап тұрған да осы мәселе деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

«Соғыстан кейін батырлар, сайлаудан кейін уәделер жерленеді» деген сөз бар. Бұл сөзді біздің партиялар мен депутаттар талай дәлелдеген. Олардың сайлауалды бағдарламасы мінсіз болғанымен, мәжілістегі жұмысы құнсыз болып жатқанын көріп отырмыз. Билік «демократияның шыңы» деп бағалаған бірмандатты жүйе жемісін бермей жатыр. «Тәуелсіз депутаттар» парламентке «отағасы туралы» заң шығарып, «ұлттық киім күнін» белгілеу үшін барған сияқты.

Қуаныш Қаппас