Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:48, 08 Ақпан 2024

«Дикий Арманның» ел ішінде жасырынып жүрген серіктері ұсталды

Дикий Арман
Фото: из открытых источников

Елімізде ұзақ уақыт іздеуде жүрген, полициядан жасырынып жүрген "Дикий Арман" лақап атымен танымал Жұмагелдиевтің 2 серігі ұсталды, деп жазды Zhasalash.kz.

Алматы және Шымкент қалаларының аумағында ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері ұзақ уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып жүрген қаңтар оқиғасының 2 қатысушысын ұстады. Олар – Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері.

Ұсталғандардың бірі – Самат Әмірбаев 2022 жылы Шымкентте кісі өлтіруге және сол қаланың басқа тұрғынына қатысты өзінше билік етуге қатысы бар деген күдікке ілнді. Ол Түркістан облысының аумағында ұсталды. Оның кісі өлтіру фактісі бойынша сыбайластарының бірі 16 жылға сотталып, қазір бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеп жатыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтың екінші мүшесі Алматы әуежайында шекаралас елдің аумағынан келгеннен кейін ұсталды. Онда ол Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынған. Ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

«Дикий Арманның» тағы қандай сыбайластары ұсталды?

Еске сала кетсек, шілде айында ІІМ Арман Жұмагелдиевке қатысы бар Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталғанын хабарлады.

Арнайы операция барысында қылмыстық ортада «Нойс» деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің «оң қолы» басқаратын ҰҚТ-ның негізгі криминалдық буынын жою бойынша іс-шаралар жүргізілген. Сонымен бірге криминалдық ортада «Карась» лақап атымен белгілі «Дикий Арманның» тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылған.