Оқиғалар

"Дипломатияның күші – сабырда, мәні – тыныштықта" – дипломат қақтығыс аймағындағы азаматтарды құтқаруға қатысты пікірін айтты

Бірқатар қазақстандық азамат өздерін шетелдегі әскери қақтығыс аймағынан алып кетуді сұраған болатын.

Ырысқали Дәуренбек

ҚР Сыртқы істер министрлігі отандастарымызды елге қайтару бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл істің құқықтық және дипломатиялық күрделілігі, азаматтарды қорғау жолындағы келіссөздердің ерекшеліктері мен консулдық қызметтің көпшілік біле бермейтін қырлары туралы дипломатия ардагері, II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл Ырысқали Дәуренбек сұхбатында айтып берді. Оның пікірінше, күрделі мәселелерді шешуде ашық айқай-шудың, асығыстық пен эмоцияның пайдасынан гөрі зияны көп. Сондықтан ең дұрыс шешім – сабыр сақтау.

– Сіз дипломатиялық жолыңызды 1993 жылы, тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі енді қалыптасып жатқан кезде, Консулдық басқарманың референті ретінде бастадыңыз. Сол жылдары жас консулдық қызмет қандай қиындықтарға тап болды және бүгінгі қызметпен салыстырғанда не өзгерді?

Әрине, консулдық қызметтің бастаулары жайлы айтылатын естеліктер мол.

1991 жылдың желтоқсан айында еліміздің тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап Қазақстан халықаралық құқық субъектісі ретінде дүниежүзілік қатынастар аренасына шықты.

Шетелде бірде-бір дипломатиялық немесе консулдық өкілдігінің болмауына және білікті кадрлардың жеткіліксіздігі аса сезілгеніне қарамастан, жас мемлекетіміздің тәуелсіз сыртқы саясатын қалыптастыру жолына бел будық. Осы бағытта жаңадан құрылған министрліктің ішінде сыртқы саясатты жүзеге асыратын бөлімдер ашылды. Соның бірі консулдық қызметті қамтамасыз ететін консулдық басқарманы атап өтуге болады.

Мен бұл басқармаға 1993 жылдың тамыз айында келдім. Еліміздің тәуелсіздік алғанына екі жыл ғана болған кез. Сол жылдары консулдық саланың алғашқы іргетасы қаланып, өз қызметін қалыптастыра бастаған уақыт. Ұжымымызда – қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев айтып кеткеніндей: "көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар" ылғи жастар.

Осы кездегі ең басты қиындық – бәрін бір мезетте және алғаш рет жасау қажеттілігі болды. Еліміз қысқа мерзімде 1961 жылғы "Дипломатиялық қатынастар туралы" және 1963 жылғы "Консулдық қатынастар туралы" Вена конвенцияларына қосылды, алғашқы Консулдық жарғысын бекітті, түрлі нормативтік-құқықтық актілері қабылданып, халықаралық шарттарға қол қойды.

Сонымен қатар аталған жылдары азаматтарымыздың шетелге шығу белсенділігі түрлі бағыттар бойынша арта бастады. Алғашқыда елімізде бұрынғы КСРО-ның жалпыазаматтық шетелдiк паспорттары қолданылатын. Шет елдерге шығатын лауазымды тұлғалар мен дипломаттар да әлемнің саяси картасынан біржолата жоғалып кеткен мемлекеттің қызметтік және дипломатиялық паспорттарын қолдануға мәжбүр еді, кейбіреулері бұған намыстанатын да.

Меніңше, әрбір тәуелсіз мемлекеттің елтаңба, әнұран немесе ту сияқты қажетті атрибуттары (рәміздері) қатарына ұлттық паспорт пен виза да жатады. Оның себебі, біріншісі жол жүретін және халықаралық саяхат мақсатында қолданылатын құжат болса, екіншісі шетел азаматтарының өзге елге заңды түрде кіруі үшін арналған рұқсат қағаз.

Осыған байланысты 1994 жылы ұлттық, дипломатиялық және қызметтік паспорттардың дизайны әзірленіп, енгізілді. Мен осы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың авторының бірімін.

Қазіргі уақытта әлемнің жетпістен астам елінде Қазақстанның екі жүзге жуық консулдық мекемелері мен құрметті консулдықтары өз қызметін атқаруда. Сондай-ақ еліміздің консулдық қызметі өз жұмысын аталған жарғыға, консулдық-құқықтық мәселелерді реттейтін заңнамаларға, консулдық саладағы халықаралық конвенциялар мен шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырады. Барлық консулдық қызметтер, яғни консулдық есепке тұру, құжаттарды алу немесе қалпына келтіру, нотариат қызметтері цифрландырылған. Ең бастысы, бұл жетістіктерге осы консулдық қызмет саласына жауапты мамандардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Тағы бір атап өтетін жайт, Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетуге міндетті. Бұған дәлел – жақында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстанның азаматтарын Таяу Шығыстан эвакуациялау жұмыстарын сәтті ұйымдастырғаны үшін бір топ дипломаттар мен консулдар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұған дейін де ҚР Сыртқы істер министрлігі жүргізген түрлі гуманитарлық шаралар нәтижелерінде Ирак, Ауғанстан, Сирия және Украина елдерінен қазақ азаматтары, сондай-ақ осы қақтығыс аймақтарында еріксіз жүрген балалар елімізге аман-есен қайтарылды.

Міне, осы аталған және басқа да атқарылған көптеген істің артында сол елдердегі біздің кәсіби дипломаттар мен консулдардың да көзге көрінбейтін орасан зор еңбектері бар. Сондай-ақ бұл біздің негізгі міндеттеріміздің бірі деп есептеймін.

– Сіз Германия мен Швейцариядағы дипломатиялық өкілдіктерде, Омбыдағы Бас консулдықта және Бонндағы елшілік бөлімшесінде қызмет еттіңіз. Шетелдегі отандастарымыздың өмірін жақыннан көрген дипломат ретінде қай кезең сіздің есіңізде ерекше қалды? 

Менің шет елдерге барған әрбір іссапарым өзінше бір мектеп болды. Сондықтан да оның ішінен тек біреуін ғана бөліп айту қиын.

Германия – бұл шетелдегі қазақ диаспорасының ең ірі және ең ұйымшыл топтарының өмір сүріп жатқан жер. Сондай-ақ бұл елде тек жұмыс немесе оқу үшін барғандар ғана емес, 90-шы жылдары қоныс аударған, бірақ туған елімен байланысын үзбеген мыңдаған неміс отбасылары тұрады. Олармен араласқан кезде бір нәрсеге көзім жетті: адам шетелге көшіп кеткенімен, өз Отанымен байланысты үзбейді екен. Олар елмен туыстық қатынастарын үзбей, балаларын Қазақстанға оқуға жіберуге тырысады.

Швейцария – халықаралық ұйымдардың орталығы болғандықтан, мұнда дипломатия саласының көпжақты қыры ашылады.

Ал Омбы – Қазақстанмен географиялық және экономикалық тұрғыдан тікелей байланысы бар шекаралас өңір. Қазақстан мен Ресей шекарасында азаматтар мен көліктердің ағыны өте жоғары болғандықтан консулдық қызметтің қарапайым адамға деген тікелей жақын тұсын сол жерде ерекше сезесің.

– Омбыдағы Бас консул болған кезеңіңіз пандемияға тұспа-тұс келді. Шекаралар жабылып, көптеген қазақстандықтар шетелде қалып қойды. Сол кезде консулдық мекеме азаматтарды елге қайтару үшін қандай жұмыс атқарды және бұл тәжірибе өзіңізге қандай сабақ берді?

2020 жылдың наурызы – бұл бүкіл консулдық қызмет үшін сынақ болған кезең. Шекаралар бірнеше күн ішінде жабылып, көптеген Қазақстан азаматтары сыртта қалып қойды. Сол кезде Қытайдың Ухань қаласы мен Ресей аумағынан Қазақстанның мыңдаған азаматы эвакуацияланды және ол жерлердегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты адамдарды елге қайтару жұмысы өте күрделі болған еді.

Алғашқы күндерден бастап консулдық тәулік бойы жұмыс істеді, телефон тынбады. Бірінші кезекте біз азаматтардың тізімін жасап, кім, қайда, қандай жағдайда, қашан қайтуы керек туралы жоспарды құрдық. Содан кейін Ресейдің жергілікті билігімен, шекара және санитарлық қызметтермен әрбір топтың өтуін келісіп отырдық. Азаматтарымыз автобустармен шекараға дейін жеткізіліп, Қазақстан жағында олардың қабылдау мәселелерімен Сыртқы істер министрлігі мен облыс әкімдіктері айналысты. Әсіресе ауырып қалған адамдарды, жүкті әйелдерді, қәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды бірінші кезекте өткізуге тырыстық. Қаражаты жоқтарға уақытша баспана табуға көмектесіп, оларды тамақтандыру мәселелерін де шешуге тура келді.

Осы оқиғалардан бірнеше маңызды сабақ алдық деп айтуға болады. Біріншісі, консулдық есептің маңыздылығы. Есепте тұрған азаматтарды табуға оңайырақ болды. Сондықтан олар  хабарды да, көмекті де бірінші болып алып үлгерді. Ал есепке тұрмағандарды іздеп табуға  біраз уақыт кетті. Екіншісі, цифрлық байланыс арналарының қажеттілігі. Мессенджерлер, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратып, байланыс орнату дағдарыс кезінде аса тиімді болып шықты. Ал үшіншісі, ведомствоаралық үйлестірудің маңыздылығы. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" – демекші, азаматтарымызды елге қайтару мәселелерін шешу кезінде денсаулық сақтау, ішкі істер, көлік министрліктері мен өңірлік билік өкілдері де өз үлесін қосты.

– Сіз консулдық қызметте көп жыл еңбек етіп, бұл саланы ішінен жетік білесіз. Бүгінде шетелдегі қазақстандықтар консулдық мекемелерге ең жиі қандай мәселелермен жүгінеді? Мемлекеттің олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктері қаншалықты тиімді?

Келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі – құжаттарға қатысты мәселелер. Паспортты жоғалту немесе ұрлатып алу, құжаттың мерзімінің өтуі, елге қайтуға арналған куәлік алу, нотариалдық іс-әрекеттер, азаматтық мәселелері. Бұл – күнделікті, бірақ әр адам үшін өте маңызды жұмыс.   

Екінші топ – құқықтық мәселелер. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұсталғандар, жұмыс берушімен дау, жалақыны төлемеу, қылмыстық істер. Жалпы еңбек мигранттары арасында жұмыс берушінің құжатты "сақтауға" алып қоюы, келісімшартсыз жұмыс істету сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ студенттер де кей кезде оқу орнымен, тұрғын үймен, визаны ұзартумен байланысты қиындықтарға тап болады. Туристер негізінен құжаттарын жоғалтқан, қаражаттары таусылған немесе оқыс оқиғалар болған кезде хабарласады.

Үшінші топ – төтенше жағдайлар: ауру, жарақат, қайтыс болу, алаяқтықтың немесе адам саудасының құрбаны болу.

Мемлекет тетіктерінің тиімділігі туралы айтсақ, соңғы жылдары олар айтарлықтай нығайды. Елшіліктер желісі кеңейді, Сыртқы істер министрлігінде тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс желісі бар, көптеген елдермен құқықтық көмек туралы екіжақты келісімдер жасалған, консулдық қызметтер цифрланып жатыр. Бірақ бір шындықты ашық айту керек: консул қабылдаушы елдің заңнамасы шеңберінде ғана әрекет етеді. Ол адамды қамаудан босата алмайды, сот шешімін өзгерте алмайды және де айыппұлды жоя алмайды. Оның құралы – азаматтың құқықтарының сақталуын талап ету, жағдайды бақылауда ұстау, байланыс орнату, кеңес беру. Сондықтан мәселе туған сәтте неғұрлым ерте хабарлассаңыз, көмек көрсету мүмкіндігі соғұрлым кеңейеді.

– Консулдық тәжірибеңізде ең күрделі жағдайлар қандай болды: шетелде ұсталған немесе сотталған азаматтарға құқықтық көмек көрсету, адам саудасының құрбандарын елге қайтару, қайтыс болған азаматтардың сүйегін Отанға жеткізу? Мұндай жағдайларда консул қабылдаушы елдің заңнамасы шеңберінде азаматтың мүддесін қалай қорғайды?

Сіз атаған үш жағдайдың әрқайсысы консул үшін ең күрделі және ең жауапты істер қатарына жатады. Ұсталған немесе сотталған азаматтар туралы айтсақ, мұнда консулдың міндеті алдағыда айтқан Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында нақты белгіленген.  

Конвенцияның 36-бабына сәйкес қабылдаушы мемлекеттің уәкілетті органдары, егер бір азамат өтінген жағдайда, өз консулдық ауданында жіберуші мемлекеттің азаматы қамауға алынғаны, сот процесіне дейін қамауда ұсталғаны немесе басқа түрде ұсталғаны туралы кідіртпей жіберуші мемлекеттің консулдық мекемесіне хабар беруге міндетті.

Ал біз өз кезегімізде оған баруға, жағдайымен танысуға, оның адвокатқа, аудармашыға қол жеткізуін, туыстарымен байланысын қамтамасыз етуге құқылымыз. Біз ұстау орындарына барамыз, сот отырыстарына қатысамыз, қажет болса адвокат табуға көмектесеміз, қамау жағдайына шағым түссе, тиісті органдарға нота жолдаймыз. Бірақ істің мәні бойынша шешім қабылдау – сол елдің сотының құзыретіне жатады. Мұны азаматтар кейде түсінбей қалады және де олар не болса да елшілік бізді "босатып алады" деп үміттенеді. Алайда, елшіліктер мен консулдық мекемелер заңды өзгерте алмайды. Олар заңның әділ қолданылуын талап етуге ғана құқылы.

Адам саудасының құрбандары – ерекше санат. Мұндай жағдайға тап болған адамдар көбінесе құжатсыз, ақшасыз, кейде заңсыз жағдайда болуы мүмкін. Осындай кезде ең бастысы – адамды қауіпсіз жерге алып шығу, құжаттарын жедел қалпына келтіру, жергілікті құқық қорғау органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, елге қайтаруды ұйымдастыру.

Қайтыс болған адамның мәйітін елге жеткізу мәселесі адамгершілік тұрғысынан мен үшін ең ауыр жағдай. Туыстарына қайғылы хабар жеткізіп, олармен бірге қажетті құжаттарды рәсімдеу, жергілікті органдармен, әуе компанияларымен келісу, қаржылық мәселені шешуге көмектесу оңай шаруа емес. Мұнда әр күн маңызды, ал отбасы үшін консул – сол сәттегі жалғыз сүйеніші. Мен бұл жұмысты консулдық қызметтің аса жауапты сынағы деп санаймын.

– Шетелге оқуға, жұмысқа немесе саяхатқа шығатын азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз? Қиын жағдайға тап болған адам алдымен қайда жүгінуі керек және консулдық есепке тұрудың маңызы неде?

Бірнеше қарапайым, бірақ өте маңызды кеңес берер едім.

Біріншісі – барар елдің заңдары мен ережелерін алдын ала білу өте маңызды. Визалық режим, рұқсат етілген тұру мерзімі, дәрі-дәрмек әкелу ережелері, мінез-құлық нормалары. Бір елде қалыпты саналатын нәрсе екінші елде қылмыс болуы мүмкін.

Екіншісі – жұмыс берушіні, делдалды немесе оқу орнын мұқият тексеріңіз. Нарықтық деңгейден әлдеқайда жоғары жалақы беру уәде етілсе, бұл алаяқтықтың бірінші белгісі. Келісімшартсыз, жазбаша міндеттемесіз шетелге шығу – үлкен тәуекел.

Үшіншісі – құжаттарды ешкімге бермеу. Паспортыңызды "сақтауға" сұраған сәттен бастап Сіз қауіп аймағына кірдіңіз деп есептеңіз. Құжаттардың көшірмелерін сақтап, оларды жақындарыңызға да жолдаңыз.

Төртіншісі – медициналық сақтандыру полисін алыңыз. Шетелде емделу құны отбасыны бірнеше күнде қарызға батыруы мүмкін.

Бесіншісі – консулдық есепке тұрыңыз. Бұл бірнеше минут уақытыңызды алады, ал дағдарыс болған кезде дәл осы жазбаңыз елшілікке Сізді тауып алуға, көмек беруге, туыстарыңызға хабарлауға мүмкіндік береді. Алдағыда айтқанымдай пандемия кезінде есепте тұрғандар мен тұрмағандардың арасындағы айырмашылықты біз айқын көрдік.

Ең бастысы қиын жағдайға тап болсаңыз, туындаған мәселе өздігінен шешіледі деп үміттенбеңіз. Бірден біздің елшілікпен немесе консулдықпен хабарласыңыз. Барлық байланыс деректер Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында бар, сондай-ақ министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс желісі қызмет етеді.

– Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге барған әскери қимылдар аймағындағы азаматтарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстың басты қиындығы неде және туыстары хабарсыз кеткен отбасылар қайда және қалай жүгінуі тиіс?

Мұндай жағдайда консул үшін ең ауыр сәт – алғашқы қоңырау шалу және телефонның арғы жағындағы ана және сол ананың жан айқайы. Ананың қолындағы бар дерек – баласының "шетелге мал бағуға, болмаса құрылысқа немесе күзетші болып барамын" деген ақпарат, оның аты-жөні мен бір кезде қолданған телефон нөмірі. Міне, консулдың жұмысы осыдан басталады.

Ең үлкен қиындық пен ең ұзақ уақыт алатын жайт – адамның ізіне түсу және оны табу. Көші-қон базаларын тексеру, тараптың ішкі істер және қорғаныс ведомстволарына ресми сауал жолдау және басқа да іс-қимылдар – мұның бәріне бірнеше апта, кей кезде бірнеше ай кетеді. Заң тұрғысынан ең күрделісі – мәртебе мәселесі. Келісімшартқа қол қойған адам өзге мемлекеттің әскери тәртібіне бағынышты болуы тиіс. Сондықтан да бұл адамды бір нота ғана жолдап, босату мүмкін емес. Азаматты табу, онымен байланыс орнату, оны құжаттандыру, есептен шығару, шекарадан өткізу мәселелері сол елдің рұқсатын қажет етеді, ал мұндай нәтижеге ұзақ келіссөздер арқылы ғана жетуге болады.  

Қақтығыс болып жатқан аймақта сан түрлі тағдырлар тоғысады. Олардың қатарында жалған жұмыс берушілердің тұзағына түскендер, сондай-ақ Ресейде ұзақ уақыт тұрып, сол елдің азаматтығын алып, нәтижесінде сол елдегі әскери міндеттеменің ауқымына ілініп кеткендер де бар. Солармен қатар, алданбаған, керісінше, уәде етілген ақшаның мөлшерін көріп, келісімге өз қолымен қол қойғандар да аз емес. Ондай адамдардың кейбіреулері бір-екі айдан соң есін жиып, елшілікке "алып шығыңыздар" деп арызданады.

Қалай айтсақ та ең маңыздысы – бұлар еліміздің азаматтары. Осыған байланысты Қазақстан шет елде жүрген өз азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Сондай-ақ, шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу Қазақстан заңы бойынша қылмыс болып есептелетінін де ұмытпауымыз керек.

Жалпы, бұл жерде ең маңыздысы – ерте хабарласу. Балаңыз жоғалып, байланыс үзілген күннен бастап Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне, министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс желісіне немесе ҚР елшіліктеріне жазыңыз. Өтінішпен бірге барлық құжаттардың көшірмелерін, соңғы хат-хабарларды, жұмысқа кімнің шақырғаны, қай қалаға, қай мекемеге барғаны және соңғы хабарласқан күні мен орны туралы ақпаратты жолдаңыз. Бір скриншот немесе бір аударым түбіртегі – іздеудің "кілті" болуы мүмкін.

Тағы бір айтарым, дипломатия саласында "дипломатияның күші – сабырда, мәні – тыныштықта" деген ұғым бар және де халықаралық қатынастар мен саясат әлемінде жиі қолданылады. Яғни, маңызды келіссөздер мен күрделі мәселелерді шешуде ашық айқай-шудың, асығыстық пен эмоцияның зиян екендігін білдіретін тіркес. Сондықтан да балалардың тағдыры шешіліп жатқан кезде сабыр сақтау ең дұрыс және дана шешім болады деген пікірдемін.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз