"Көмек шынымен мұқтаж жандарға бұйырсын": Ауқатты қазақстандықтар өз еркімен жәрдемақыдан бас тартуда
Балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар кейбір қазақстандықтар әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарта бастады.
Олар мұндай шешімдерін әлеуметтік желілерде бөлісіп, бүгінде отбасыларын өз бетінше қамтамасыз ете алатындарын және мемлекеттік қолдау ең алдымен шынымен мұқтаж жандарға жеткені маңызды екенін атап өтті.
Алты баланың әкесі Әсен Жақсылықов қазіргі табысы отбасының негізгі шығындарын өтеуге жеткілікті екенін, соған байланысты жәрдемақыдан бас тартуды ұйғарғанын айтты.
"Мен қолдаудың ең алдымен аса мұқтаж жандарға жеткенін қалаймын", – деп жазды ол.
Ұқсас ұстанымды білдірген Нұрлан Мыңайдаров та отбасын өз бетінше қамтамасыз етудің және қоғамдағы өзара көмектің маңыздылығын атап өтті.
"Мен үшін балаларымды өз күшіммен асырап-бағу және мүмкіндігінше өзгелерге де көмектесу маңызды. Өзгелердің қиындығына бейжай қарамау мен бір-бірімізге демеу болу қоғамымызды нығайта түсетініне сенемін", – деді ол.
Өз кезегінде көпбалалы ана Зағипа Ахметжанова отбасы қазір бұл қолдаусыз-ақ күн көре алатын болғандықтан, мемлекеттік жәрдемақыдан бас тартуды шешкенін айтты.
"Егер менің отбасым бүгінде өз күнін өзі көре алатын болса, мен: "Рахмет, бірақ қазір бұл көмексіз де қатардан қалмаймыз" деп ашық айтқанды дұрыс көрдім", – деген ойымен бөлісті ол.
Сонымен бірге Зағипа Ахметжанова бұл шешімі жәрдемақы алатын басқа жандарды айыптау ретінде қабылданбауы тиіс екенін баса айтты.
"Мен жәрдемақы алатындарды айыптамаймын. Керісінше, егер отбасы мұқтаж болса – әрине, қарастырылған барлық қолдау шараларын пайдалану қажет", – деп түсіндірді ол.
Осындай көзқарасқа көпбалалы отбасы ретінде алып отырған жәрдемақысынан өз еркімен бас тартуды шешкен Әсемгүл Ермекова да қосылды. Оның айтуынша, егер материалдық жағдай отбасының қажеттіліктерін өз бетінше өтеуге мүмкіндік берсе, мемлекеттік көмектің кімге көбірек қажет екені туралы ойланған маңызды.
"Мен үшін бұл жоғалту емес, адал әрі әділ әрекет етудің мүмкіндігі", – деді ол.
Әсемгүл Ермекова мемлекеттік қолдау ең алдымен қиын материалдық жағдайға тап болғандарға көмектесуі тиіс екенін атап өтті.
"Мемлекеттік қолдау – бұл артықшылық емес, көмек. Егер сіз бұл көмексіз де күн көре алсаңыз, оны шынымен мұқтаж жандарға неге босатып бермеске?" – деп жазды ол.
Төрт азамат та төлемдерден бас тарту – әр отбасының қаржылық мүмкіндігіне негізделген жеке әрі өз еркімен қабылдаған шешімі екенін баса айтады. Олар басқаларды да осылай етуге шақырмайды. Өйткені көптеген ата-аналар үшін жәрдемақы балалардың тамағына, киіміне, білімі мен еміне жұмсалатын маңызды қаржы көзі болып қала береді.
Олардың ұстанымын ортақ идея біріктіреді: мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж жандарға қолжетімді болуы тиіс, ал өз отбасын өзі қамтамасыз етуге дайын болу және өзгелердің де қажеттіліктерін ескеру әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі бола алады.