Сөз өнерінің алтын қазығы: "Әдебиет танытқышқа" – 100 жыл
Сөз өнерінің алтын қазығы: "Әдебиет танытқышқа" – 100 жыл.
Халқымыздың рухын оятып, санасына сәуле түсірген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымының іргетасын қалаған ғаламат еңбегі – "Әдебиет танытқыштың" жарық көргеніне тура бір ғасыр толды. Осыған орай, 2026 жылғы 8 қазанда Алатаудың баурайындағы асқақ Алматыда ұлт рухының қара шаңырағында маңызды басқосу өтті.
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі мен Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұйымдастыруымен өткен "Ұлт әдебиетінің негізін қалаушы" атты республикалық ғылыми семинар қазақ ғылымы мен руханияты үшін үлкен мерекеге айналды.
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді демекші, бұл күн – қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының басы тоғысқан айтулы сәт болды.
Жиында сөз тізгінін бастаған белгілі ғалым, академик Дандай Ысқақұлы Ахмет Байтұрсынұлының рухани әлемі туралы жүрекжарды ойларын ақтарыла айтты. Ғалым өз сөзінде Ахаңның қазақ әдебиеттану ғылымына салып кеткен сара жолы мен ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы ерен еңбегіне тоқталып, кемеңгердің өшпес мұрасын терең пайымдады. "Алаштың Ахаңы – қазақтың рухани қазығын шегелеп кеткен ұлы тұлға" деп түйіндеген ол, "Әдебиет танытқыштың" әрбір термині мен тұжырымы бүгінгі жас буын үшін де темірқазық болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Ғалымның көкіректен шыққан келелі ойлары мен толғаныстары жиналған қауымның рухын оятып, семинардың мазмұнын тіпті байыта түсті. Шараның негізгі мақсаты – Алаш арысының "Әдебиет танытқыш" еңбегінің қазақ әдебиеттануы мен әдебиет теориясының қалыптасуындағы тарихи-ғылыми маңызын кеңінен таныту. Сонымен қатар, ғалымның әдеби-теориялық мұрасын бүгінгі заман тұрғысынан зерделеп, оның ғылыми тұжырымдарының білім беру саласындағы сабақтастығын көрсету.Семинарда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрғалибекқызы Дәулетбекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Анаркүл Бекмырзақызы Салқынбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы ғалым Алмасбек Ахметұлы Әбсадық, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының директоры Ұлан Оралұлы Еркінбаев, филология ғылымдарының кандидаты Айсұлу Төрекұлқызы Орынбай, сондай-ақ филология ғылымдарының магистрі Жансая Сман баяндама жасады.
Баяндамаларда "Әдебиет танытқыш" еңбегінің ғылыми-теориялық сипаты, сөз өнерінің табиғаты, әдеби ұғымдар жүйесі және Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан үлесі секілді мәселелерді қамтуға мүмкіндік туды.
Тілімізге жан бітіріп, төл әліпбиімізді түзеген Ахаң 1926 жылы Қызылорда қаласында "Әдебиет танытқыш" атты іргелі ғылыми еңбегін жарыққа шығарды. Бұл – қазақ әдебиетінің теориялық негіздерін жүйелеп берген тұңғыш туынды еді. Ғалым бұл еңбегінде сөз өнерінің табиғатын, көркем шығарманың құрылымын, әдеби жанрлар мен түрлерді, өлең жүйесін және көркемдік тәсілдерді терең саралады. Осылайша, ұлттық терминологиялық және теориялық негізіміздің қазығын мықтап қақты.
Ұстаз өсиеті – ұрпаққа аманат
Тіл жанашыры Ахаңның мұрасын қазіргі жас ұрпаққа жеткізу – парыз. Кеш барысында еліміздің түкпір-түкпірінен филология және педагогика ғылымдарының докторлары мен профессорлары, әдебиеттанушылар, фольклортанушылар, ЖОО оқытушылары мен алаштанушы жас зерттеушілер баяндама жасады. Олар Ахмет Байтұрсынұлының әдеби-теориялық мұрасының әр қырын жан-жақты талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Мазмұнды басқосуды А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, белгілі түркітанушы Әділет Ахмет жоғары деңгейде жүргізіп, семинардың мәні мен маңызын тереңінен аша білді.
"Өткенін мақтан етпегеннің, болашағы баянды болмас". Алаш арыстарының салып кеткен сара жолы, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының "Әдебиет танытқыш" еңбегі – мәңгілік жасайтын рухани құндылығымыз. Ғасырлық белеске көтерілген бұл еңбек әлі де талай ұрпаққа темірқазық болып, қазақ сөз өнерінің көгінде жарық жұлдыздай сөнбесі анық.
Қалиханова Гүлай Әділханқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультетінің 2-курс магистранты