Аймақ

Домбыра үні – балалар шығармашылығын дамытудың тиімді жолы

Ұлттық домбыра күніне орай кітапханада «Dombra vibe» атты мәдени-танымдық кездесу ұйымдастырылды.

1

 Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру, қазақтың күйшілік дәстүрін дәріптеу және домбыраның халық өміріндегі тарихи-рухани орнын кеңінен таныстыру болды.

Кездесудің құрметті қонағы ретінде белгілі домбыра шебері Жанарбек Қазезұлы қатысып, оқырмандармен ұлттық аспаптың жасалу ерекшеліктері жөнінде әңгімелесті. Ол домбыраның қазақ халқы үшін музыкалық аспап қана емес, ұлттың тарихы мен дүниетанымын, рухани сабақтастығын сақтап келе жатқан қастерлі мұра екенін атап өтті. Шебер домбыра жасау барысында қолданылатын ағаш түрлерінің ерекшеліктеріне тоқталып, әрбір аспаптың үні мен сапасы табиғи материалдың қасиетіне байланысты қалыптасатынын түсіндірді.

Кездесу барысында жас қатысушылар ұлттық аспаптың дайындалу кезеңдерімен танысып, шеберден өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Мұндай еркін форматтағы пікір алмасу балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын тереңірек тануына мүмкіндік берді.

Мәдени кеш аясында өңірдің белгілі домбырашылары қазақтың күй өнерінен туындылар орындап, күйшілік дәстүрдің ерекшеліктері туралы ой бөлісті. Әсіресе қазақ күйлерін жоғары шеберлікпен орындаған музыкант Галина Григорьеваның өнері көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Ұлттық музыкалық мұраны насихаттауға қосқан үлесі үшін оған кітапхана атынан алғыс білдірілді.

Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңызын талқылап, мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізудің жолдары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған тақырыптар қозғалып, қоғамның рухани дамуы мен ел бірлігінің негізін құрайтын құндылықтарға назар аударылды.

Бүгінде ұлттық өнерді дәріптеуге арналған мұндай кездесулердің маңызы артып келеді. Олар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға, төл мәдениетке деген құрметін нығайтуға және дәстүрлі өнердің өміршеңдігін сақтауға ықпал етеді. Домбыраның үнін жас ұрпақтың жүрегіне жеткізу арқылы ұлттық болмыс пен рухани сабақтастықты жалғастыруға мүмкіндік туады.

«Dombra vibe» жобасы да осы мақсатқа қызмет етіп, домбыраны қазақ халқының мәдени коды ретінде танытуға, күй өнерін кеңінен насихаттауға және балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мазмұнды мәдени бастамаға айналды.

Тегтер: домбыра күні
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз