Дональд Трамп Иранға ультиматум қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп егер Иран Вашингтон ұсынған келісімге келіспесе, америкалық армия елдегі барлық электр станциялары мен көпірлерді істен шығаратынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Truth Social желісінде жазды.
«Енді “жақсы бала болу” жоқ! Олар (Иран) тез әрі оңай беріледі. Егер келісімді қабылдамаса, мен үшін соңғы 47 жылда өзге президенттер жасамаған, бірақ жасалуы тиіс істі орындау – үлкен мәртебе болмақ. Иранның “өлім машинасын” тоқтататын уақыт келді!» – деді ол.
Трамптың айтуынша, 18 сәуір күні Иран келісімді «дөрекі түрде бұзып», Ормуз бұғазы аумағында оқ атқан.
Сондай-ақ АҚШ президенті америкалық делегация келіссөз жүргізу үшін Исламабадқа жол тартқанын айтты.
Өз кезегінде, 18 сәуірде Иран Ормуз бұғазының қайта жабылғанын мәлімдеді. Әскери мәлімдемеге сәйкес, бұған АҚШ-тың уәдесіне қарамастан Иран порттарына келіп-кететін кемелерді бұғаттауды жалғастыруы себеп болған.