Дулат Аймұханов: Өрттің алғашқы минуттарындағы дұрыс әрекеттер ауыр зардаптардың алдын алады
Әдетте төтенше жағдай дегенде әуелі ойымызға келетіні – өрт қауіпсіздігі. Себебі жаз мезгілінде ормандарда, қуаң далада өрт жиі болады.
Біз жайшылықта өрт қауіпсіздігін алдын алу жайында нұсқаулықтармен танысып жүреміз. Төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін білетін тәрізді боламыз. Ал өзге де төтенше жағдайлар туралы қаншалықты білеміз. Мысалы, су қауіпсіздігі, олардың алдын алу жөнінде қандай қауіпсіздіктерді сақтау керек? Бүгін осы және басқа да қауіпсіздіктер жайында құтқару қызметінің маманы Дулат Аймұхановпен пікірлестік.
– Дулат мырза, қазір су қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатса да, оқыс оқиғалар азаймай тұр. Осы ретте біздің техникалық базамыз жетілген бе? Мамандардың біліктілігі жайында не айтасыз?
– Негізі құтқару қызметінде жұмыс істейтіндер полиция қызметкерлерімен, әскери қызметкерлермен, еріктілермен бірлесіп жұмыс істейді. Су жағалауларында тұрақты рейдтер жүргіземіз. Халық көп демалатын орындарда кезекшіліктер ұйымдастырылады. Азаматтарға суға жүзу қауіпсіздіктерін түсіндіреміз. Тыйым салынған орындарда шомылуға болмайтынын айтамыз. Алайда біздің осындай құлаққағыс жасағанымызға мойынсұна бермейтін адамдар да бар. Осыдан соң төтенше жағдай орын алады. Әрине, «біздерге дер кезінде келмеді, дұрыс қызмет көрсетпеді» деп өкпе артатындар да кездеседі. Біз қандай жағдай болса да, дер кезінде табыламыз. Бұл ретте технологиялық базамыз да жеткілікті. Қазір заманауи технологиялармен, көліктермен, аппараттармен жабдықталып жатырмыз. Бұл тараптан министрлік қамтамасыз етуде. Сондай-ақ оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру, білікті мамандармен тәжірибе алмасу, жастардың біліктілігін арттыру секілді жұмыстар істеліп жатыр. Бірақ апат айтып келмейді ғой. Қандай жағдай болса да, қызметімізді көрсетуге әзірміз.
– Су жағалауларында тұрақты түрде рейд жүргізіледі дедіңіз. Талапты сақтамаған адамдарға қандай шара қолданасыздар?
– Алдымен демалушыларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері мен заңнама талаптары түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылады. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы негізінде ескерту жасалады. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, бірінші бап бойынша биылғы маусымда 392 адам жауапкершілікке тартылыпты. Екінші бап бойынша 45 адам жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, Бұқтырма су қоймасы аумағында кезекті рейд барысында 3 азамат ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Жалпы, су жағалауларында болған төтенше оқиға кезінде жедел әрекет ету үшін қандай қуатты жабдықтарды пайдаланасыздар?
– Су жағасында жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық және байланыс құралдарымен, сондай-ақ жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жабдықтармен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады. Суда моторлы қайықтар мен катерлердің қуаттылығы жоғары қозғалтқыштармен жабдықталған. Суға батып бара жатқан адамға санаулы минутта жетуге мүмкіндік беретін жылдам, жүрдек қайықтар өте ыңғайлы. Гидроциклдердің (Су мотоциклдері) – маневр жасау мүмкіндігі өте жоғары. Толық толқынды суларда құтқару шанасын тіркеп, зардап шегушіні жедел эвакуациялау үшін таптырмас құрал.
– Қазір сондай-ақ таулы аймақтарда туристерге арналған қор жәшіктерін құру жайы сөз болуда. Осыдан хабарыңыз бар ма? Мұны түсіндіре аласыз ба?
– Бұл негізі шетелдерде бар дүние. Біз енді қолға алғалы отырмыз. Қазір төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен биік таулы аймақтардағы «Қазселденқорғау» ММ бақылау бекеттерінің жаңа модульдік ғимараттарына туристерге арналған арнайы авариялық қор жәшіктері орнатылуда. Үш тілде белгіленген жәшіктер тауда бағдарынан адасып, ТЖМ бақылау бекетіне келген адамдарға арналған. Авариялық қор адамды уақытша қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге негізделген. Онда 10 литр ауыз су, бір бума отын, дәрі қобдишасы, екі тәуліктік тамақтану рационы, сондай-ақ азық-түліктің бірнеше түрі бар. Олардың қатарында – үш түрлі ботқа, екі түрлі бұқтырылған ет, кептірілген нан және тұз. Сонымен қатар жәшіктерге сіріңке мен консерві ашқыш салынған. Бұл өте жақсы бастама. Мұндай авариялық қорларды жасау – биік таулы аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шара. Күтпеген жағдай туындаған кезде турист көмек келгенге немесе жақындарымен байланыс қалпына келгенге дейін қажетті азық-түлік, су және жылыну құралдарын пайдалана алады. Өз басым, мұны құптаймын. Туристердің жағдайын жасау керек. Олар біздің мемлекетімізге, бюджетімізге қосымша түсім әкеледі. Сондықтан кез келген демалыс орындарында отандық болсын, шетелдік болсын, демалушыларға жағдай жасалауы керек.
– Бұдан соң, өртке қарсы «Ауыл құтқарушылары» деген ерікті жасақтар құрылыпты. Кәсиби мамандардың істеуі тиіс жұмысын еріктілердің істеуі дұрыс па?
– Иә, мұндай жасақтар бар. Аймақтарда олар өз жұмыстарын істейді. Мысалы, жуырда Ақмола облысы Бурабай ауданының Златополье ауылында «Ауыл құтқарушылары» 237-ші ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті жалпы саны шамамен 1,5 мың тұрғыны бар екі елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл арада еріктілерді арнайы оқытады. Даярлықтан өткізеді. Бекет арнайы даярлықтан өткен жеке құраммен толық жасақталған және тәулік бойы кезекшілік атқаруға дайын. Жедел ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшеге өрт сөндіру автоцистернасын, қажетті жабдықтарды, арнайы киім-кешек пен байланыс құралдарын берді.
– Еріктілерді кімдер даярлайды?
– Еріктілерді даярлауды әр аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ұйымдастырады. Оқу барысында олар өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын пайдалану, өрт-техникалық жарақтар мен байланыс құралдарын қолдану, өртті сөндіру тактикасы және төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдар бойынша дайындықтан өтеді. Даярланған еріктілер оқиға орнына жедел жетіп, өртті бастапқы кезеңінде оқшаулауға және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік алады.
– Жалпы, өрт бірінші басталғанда нені ескеру керек? Қарапайым ғана әр мекемеде тұратын өртсөндіргіш құралдарын пайдалануды білмейтіндер бар ғой...
– Рас, айтып отырсыз. Өртсөндіргіш – бұл өртті бастапқы кезеңінде сөндіруге арналған алғашқы өрт сөндіру құралы. Өртсөндіргіштердің бірнеше негізгі түрлері бар: ұнтақты өртсөндіргіш – қатты заттардың, жанғыш сұйықтықтардың, газдардың және кернеу астындағы электр жабдықтарының жануын сөндіруге жарамды; көбікті өртсөндіргіш – қатты материалдар мен жанғыш сұйықтықтардың жануын сөндіруге арналған. Көмірқышқыл газды өртсөндіргіш электр жабдықтары, техника және электр қондырғылары жанған кезде қолданылады. Өздігінен іске қосылатын өртсөндіргіш температура көтерілген кезде автоматты түрде іске қосылады және ғимараттарды қорғау үшін пайдаланылады. Негізінде, өртсөндіргішті пайдалану қиын емес, ол үшін пломбаны үзіп, сақтандырғыш штифін суырып алыңыз, шүмекті өрт ошағына бағыттай отырып, ағынды бір жағынан екінші жағына баяу жылжыту керек. Ең бастысы, жалынды емес, жану ошағын сөндіру керектігін есте сақтау қажет. Өртсөндіргіш үйде, автокөлікте, жұмыс орнында, дүкенде немесе саяжайда қажет болуы мүмкін. Оны қолдану жөніндегі нұсқаулықпен алдын ала танысып шыққан дұрыс. Өрттің алғашқы минуттарындағы дұрыс әрекеттер ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі.
– Шетелдік тәжірибе жөнінде айта кетсеңіз?
– Жуырда төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен Мәскеу қаласында халықаралық семинар өтті. Семинарға Қазақстанның министрлік мамандары қатысты. Одан хабардармыз. Қазақстандық делегацияның қатысуы Ресей және Беларусь әріптестерімен практикалық тәжірибе алмасуға, өрт сөндіруді ұйымдастыру тәсілдерін салыстыруға және отандық тәжірибені одан әрі жетілдіруге жағдай жасады деп ойлаймын. Семинардың практикалық бөлімі Қазақстан ТЖМ қызметкерлеріне үш елде өрт сөндіру кезінде заманауи технологиялар мен арнайы техниканы қолдану тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, шектеулі кеңістікте жұмыс жүргізуге арналған шынжыр табанды платформадағы өздігінен жүретін биіктік техникасының, сондай-ақ металл есіктерді, кірпіш және бетон конструкцияларды ашуға арналған су-абразивті оқпандардың жұмысы көрсетілген. Ұсынылған шешімдер қазақстандық мамандарға жақсы таныс болғандықтан, негізгі назар оларды әртүрлі жағдайларда тиімді қолдану бойынша практикалық тәжірибе алмасуға аударылыпты.
Семинар барысында қазақстандық тарап өрт сөндіруді ұйымдастыру, заманауи технологияларды қолдану және өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің іс-қимыл тактикасын жетілдіру мәселелері бойынша кәсіби тәжірибе алмасқан. Мұндай формат әріптестердің озық тәжірибесін зерделеуге ғана емес, қазақстандық мамандардың өз практикалық тәжірибесімен бөлісуіне де жол ашты. Жалпы, біздің салада жетістіктер аз емес. Әрі қарай да қызметімізді істеп, біліктілігімізді арттырамыз деген ойдамын.
Әңгімелескен
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА