Египетте жүздеген азамат көшеге шығып, әл-Сисидің отставкасын талап етті
Наразылықтар сирек болатын Египетте бірнеше қалада жүздеген азамат көшеге шығып, президент Әбдел Фаттах әл-Сисидің отставкаға кетуін талап етті.
Египеттің экономикалық және әлеуметтік құқықтар орталығы дерегінше, 21 қыркүйекте полиция ондаған адамды ұстаған. Олардың арасында екі журналист те болған. Зардап шеккендер жайлы ақпарат хабарланбады.
Көшеге шыққандардың көбіне полиция көзден жас ағызатын газ шашып, таратып жіберген.
Бұған дейін қазіргі билік оппоненті, жақында елден қашып кеткен қуғындағы бизнесмен Мұхаммед Әли интернет арқылы халыққа үндеу жолдап, үкімет пен әскерилерді "жемқор" деп айыптап, халықты көшеге шығуға шақырған. Ал әл-Сиси бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Бизнесменнің интернет үндеуінен кейін халық қатарынан екі күн бойы наразылыққа шығып, билікке талаптарын айтты. Бақылаушылар халық толқуына сонымен бірге әл-Сиси үкіметінің елде билікті сынаған белсенділерді қуғындауы да себеп болғанын айтады. Бұрынғы генерал, қазіргі президент Әбдел Фаттах әл-Сиси режимі тұсында елде мыңдаған белсенді түрмеге қамалған.
Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы 21 қыркүйекте Египет билігін азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын сақтауға шақырды.