«Эко такси» таза экологиялық жоба
Қызылорда тұрғындарына экологиялық «Эко такси» қызметі іске қосылды.
Электр қуатымен жұмыс істейтін экотаксилердің толық қуаты шамамен 500 шақырымға жетеді. Қазіргі таңда 52 экотакси азаматтарға өз қызметін көрсетуде. Жобаның басты мақсаты «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жаңаша жобаларды жүзеге асыру болып табылады.
- Қазіргі таңда қала тұрғындарына 52 экотакси қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге жетеді. Қаламызда осындай такси пайда болғанына өте қуаныштымыз. Өйткені, бұл экологиялық таза, үнемді және қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін жайлы көлік. Бұл қала экологиясына оң әсерін тигізері сөзсіз, – деді Қызылорда автобус паркінің директоры Абдуқадыр Маштаев.
Жергілікті әкімдіктің бастамасымен алынған экокөліктер Қызылорда автобус паркінің қарамағына берілген. Сонымен қатар, жуырда жергілікті билік аумақтарды абаттандыру мен тазалау жұмыстарын үздіксіз жүргізетін коммуналдық шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Қызылорда тазалығы», «Қызылорда су жүйесі», «Жасыл Қызылорда» мекемесіне 52 бірлік арнайы техника берді. Сондай-ақ, аймақтың тың жобасы саналатын «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздары деп танылған елді мекендерге 48 көлік берілді.
Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда