Экологтар Балқаштағы саяжайлардағы қоқыс полигондарына рейд жүргізді
8 сәуірде республика бойынша «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы басталды. Акция бес аптаға созылады, оның әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналады.
Бұл науқаннан Қарағанды облысы да шет қалған жоқ. Жақында Балқаштық экологтар, әкімдік және полиция қызметкерлері полигондарға жалпы рейд жүргізді. Бұл жолы экологтар Рембаза ауылы ауданындағы саяжайларды, бірінші су сорғышты, Ақ тасты, сондай-ақ тас жол бойындағы аумақтарды тексерген. Нәтижесінде рұқсат етілмеген үш қоқыс полигоны мен қоқысқа толы бір контейнер орны анықталған.

Оқиға орнына саяжай қоғамының төрағасы шақырылды.
"ПБС-1 с/о төрағасы қалдықтарды контейнер алаңынан жинауды және шығаруды орнында ұйымдастырды. Жазғы маусым басталмай тұрып, сәуір айында қызмет көрсететін ұйымдармен қоқыс шығару шартын жасау қажеттігі туралы түсіндірмелер берілді. Құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерде сақтағаны үшін қоқыс иесі ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды және 10 күн ішінде қоқысты жою міндеттелді", - деп хабарлады ведомстводан.
Ақ тас ауданында қоқыс былтырғы жазғы демалыстан кейін пайда болғаны белгілі болды. Сынған әр түрлі заттар мен матрацтар үйіліп жатыр. Бірінші су сорғыш пен Ақ тас аймағындағы рұқсат етілмеген екі полигонды жою үшін Экология департаменті әкімдікке хат жолдады.

"Рұқсат етілмеген полигондардың көбеюіне байланысты Экология департаменті кәсіпорындар мен қала тұрғындарын Балқаш әкімдігімен қала аумақтарын және оның маңындағы аумақтарды тазарту бойынша өткізілетін экологиялық іс-шараларға қатысуды сұрайды", - деп хабарлады Экология департаменті.
Айта кетейік, "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясының сәуірдің 13-іне дейін жалғасатын алғашқы апталығы "Таза өлке" деп аталады – осы жеті күндік кезеңде елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
Ал, 20 сәуірге дейінгі апталық "Киелі мекен" деп аталады және ол тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Сәуір айының 27-сіне дейін "Жасыл аймақ" тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
4 мамырға дейінгі кезең "Өнегелі ұрпақ" деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналған.
"Мөлдір бұлақ" деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы – өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.
Фото Қарағанды облысы бойынша экология департаменті