Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:05

Экрем Имамоғлуның соты жаз айына қалдырылды

Экрем Имамоғлу
Фото: Ekrem İmamoğlu / Х

Түркияның Стамбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлуна қатысты екі қылмыстық іс бойынша сот процесі 2025 жылдың жаз айларына қалдырылды.

 DW ақпаратынша, бұл істердің бірі – бас прокурор Оқын Гюрлекке қатысты «қорқыту» ісі, екіншісі – Бейлікдүзюдегі тендер манипуляциясы туралы іс. Алғашқы сот отырысы 16 маусымда, екіншісі 11 шілдеде өтеді.

Экрем Имамоғлу мен оның серіктестері 2025 жылдың 19 наурызында сыбайлас жемқорлық, парақорлық және пара беру бойынша айыпталып, тұтқындалды. Бұл оқиға Түркияда үлкен қоғамдық толқу тудырды. Мэр мен оның серіктестерінің тұтқындалуынан кейін Стамбұлда қоғамдық тәртіпсіздіктер мен наразылықтар өтті.

Наразылықтар басталмас бұрын, Стамбұлда көлік қозғалысы мен кейбір метро желілерінің жұмысы шектелді. Сонымен қатар, Түркия үкіметі қоғамдық тәртіпсіздіктердің алдын алу мақсатында қалада 4 күн бойы наразылықтар өткізуге тыйым салды. Кейінірек бүкіл елде үлкен көлемде наразылықтар басталды.

Экрем Имамоғлуның келесі президенттік сайлауға үміткер болуға ниетті екені белгілі. Бұл факт Түркияның қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанның оны саяси түрде тоқтатуға тырысатындығын айқындайды. Ердоғанның билігіне қарсы тұрып, халықтың қолдауына ие болған  Имамоғлу Түркиядағы оппозицияның алдыңғы қатарлы тұлғаларының біріне айналды. Сондықтан да, Ердоған оның саяси өрлеуіне кедергі келтіру үшін түрлі саяси қысымдар мен заңды қадамдарға баруы мүмкін.

 Имамоғлуның сот процесі мен оған қарсы күрестің одан әрі шиеленісуі Түркиядағы саяси ахуалды айқындайтын басты факторға айналды.