Экс-сенатор Геннадий Шиповских ҚТЖ-ға жұмысқа оралды
Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты Геннадий Шиповских «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жұмысқа оралғанын хабарлады.
Оның айтуынша, еңбек жолын кезінде теміржол саласынан бастаған. Парламентте бірнеше жыл қызмет атқарған Шиповских енді қайтадан ҚТЖ ұжымына қосылған.
«Алда „Қазақстан темір жолы“ ұлттық компаниясының мүддесін білдіре отырып, жаңа міндеттерге кірісемін. Жаңа жұмыс, жаңа жауапкершілік», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шиповских компанияда нақты қандай қызмет атқаратынын айтпаған. Әзірге ҚТЖ тарапынан да оның тағайындалғаны туралы ресми хабарлама жарияланған жоқ.
Геннадий Шиповских 1989 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын Қызылорда пайдалану локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастаған.
2016 жылы Мәжіліс депутаты болды. 2023 жылғы қаңтарда Сенат депутаты болып тағайындалып, онда Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамында жұмыс істеді.
Шиповскихтің депутаттық өкілеттігі 2026 жылы аяқталды.