Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты
Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың бас бостандығынан айыру жазасын өтеу мерзімі аяқталды.
Ол 2018 жылы ұсталып, 9 жыл қамауда отырды. Ертаев 2020 жылы Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқырды деген айыппен кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталған. Кейін жаза мерзімі тоғыз жылға дейін қысқартылған. Осылайша, оның қылмыстық іс бойынша белгіленген жазасы толық өтелді.
Бұған дейін, 2025 жылдың күзінде, Ертаев мерзімінен бұрын босап шығуға әрекет жасаған. Алатау қаласының соты оның амнистияға ілігу туралы өтінішін қанағаттандырып, колония әкімшілігі де сотталған азаматтың тәртібіне оң баға берген. Алайда бұл шешім құқық қорғаушылардың наразылығын туғызды. Кейін сот амнистия туралы шешімнің күшін жойып, Ертаев қайтадан колонияға жіберілді.
Бұл жолы оның босатылуына кедергі болатын қосымша сот шешімі қажет емес, өйткені белгіленген жаза мерзімі толық аяқталды.
Bank RBK ісі Қазақстандағы ең ірі қаржылық қылмыстардың бірі ретінде қаралды. Қылмыстық іс бойынша Ертаевпен бірге тағы 35 адам сотталған. Іс материалдары 700 томнан тұрып, 46 эпизодты қамтыған.
Сот үкімімен Ертаев пен іс бойынша тағы бір сотталған Бақыт Ибрагимнің жалпы құны шамамен 3 млрд теңге болатын мүлкі тәркіленген. Олардың қатарында пәтерлер, үйлер, Lexus және Audi маркалы көліктер, жер учаскелері, өндірістік база және құны 740 мың доллар тұратын Richard Mille сағаты болған.