Елдегі ақша айырбастау орындарында 1 доллар 530 теңгеден сатыла бастады
Қараша айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды.
Ал үкімет долларды 600 теңгеге дейін қымбаттайды деп болжап отырған жоқ. Бұл туралы брифинг барысында Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді
Байбазаров журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, қазақстандықтарды дүрбелеңге берілмеуді сұрады. Ол «әрбір азаматтың таңдауы – валютаны сатып алу немесе алмау» дейді.
Бұл ретте шенеунік үкіметтің А және В жоспарлары бар екенін айтты. Алайда олардың ешқайсысында 1 доллар 600 теңгеге дейін өспейді.
"Біз бір долларды базалық сценарий бойынша 470 деп есептедік. 500 теңгеге дейін деесептеулер бар. Біздің міндетіміз – жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар аясында шетел валютасындағы инвестицияны қамтамасыз ету, бұл инвестициялар біздің валюта нарығымыздан өтед", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин доллардың 500 теңгеден асуы бұл – жай ғана сан деген еді.
«Оған байланып қалудың қажеті жоқ. Доллар бүгін 500 теңге, ертең 600 теңге болуы мүмкін. Ол жай ғана сан», – дейді ол.
Ал сала мамандары Ұлттық банктің мұндай бейқамдығына таңғалып отыр. Олардың ойынша, доллардың бұлайша қымбаттауы экономикамыздың демігіп тұрғанын көрсетеді. Желтоқсанның 2-сі күні Қазақстанның ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 530 теңгеден сатылып жатыр.