спорт

Елена Рыбакина денсаулығына байланысты WTA қорытынды турнирінен бас тартты

Бұл туралы Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) баспасөз қызметі хабарлады.

Рыбакина

Әлемдік рейтингтің көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты 2026 жылғы WTA қорытынды турнирінде өнер көрсетпейді.

Қазақстандық теннисші жанкүйерлеріне жолдаған мәлімдемесінде биылғы маусымның өзі үшін өте табысты болғанын, алайда денсаулығы жарысқа қатысуға мүмкіндік бермейтінін айтқан.

"Өкінішке қарай, биыл WTA қорытынды турниріне қатыса алмайтынымды жанкүйерлеріме және мені қолдап жүрген жандарға хабарлау маған өте қиын. Маусым мен үшін керемет өтті, бірақ ағзам әзірге жарысқа қатысуға дайын емес. Үйге барып, демалып, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындалуды жоспарлап отырмын. Бұл турнирдің мен үшін орны ерекше. Осы аптада бақ сынайтын спортшылардың барлығына сәттілік тілеймін. Наурыз айында Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтемін", – деді Рыбакина.

Қазақстандық спортшының орнына бірінші топта украиналық Марта Костюк өнер көрсетеді. Ол жексенбі күні турнирдегі алғашқы кездесуін чехиялық Линда Носковаға қарсы өткізеді. Кейін америкалық теннисшілер Кори Гауфф және Джессика Пегуламен кездеседі.

Рыбакина биылғы турнирге өткен жылғы чемпион ретінде қатысуы керек еді. Ол 2025 жылы Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен жарыста іріктеудің соңғы қатысушысы ретінде негізгі кезеңге өтіп, барлық кездесуінде жеңіске жеткен.

Биыл қазақстандық теннисші US Open турниріндегі жеңісінен кейін жыл соңындағы қорытынды жарысқа қатысу құқығын алғашқылардың бірі болып қамтамасыз етті. Осы жеңістен соң әлемдік рейтингте де бірінші орынға көтерілді.

Рыбакина 2026 жылғы маусымды 54 жеңіс және 14 жеңіліспен аяқтады. Жыл ішінде Australian Open мен US Open жарыстарында, сондай-ақ Штутгарт пен Нинбода өткен турнирлерде топ жарып, барлығы төрт чемпиондық атаққа қол жеткізді.

WTA қорытынды турнирінен бас тартқанына қарамастан, Рыбакина PIF ұсынған жыл соңындағы әлемдік рейтингте бірінші орнын сақтап қалды. Бұл жетістік Токиода өткен турнир кезінде ресми түрде расталған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз