Экономика

Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарына қатысты түсінік берді

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдіктің алынып тасталуына қатысты түсініктеме берді.

зейнетақы

Ведомствоның мәліметінше, бастапқыда бұл кепілдік азаматтардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына өз бетінше ықпал ету мүмкіндігі болмағандықтан енгізілген. Ол кезде инвестициялық саясатты мемлекет айқындап, салымшылардың қаражатын басқару құқығы шектеулі болған.

Сол себепті мемлекет инвестициялық табыстылық инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда айырмашылықты өтеу міндетін өз мойнына алған.

Алайда қазіргі таңда салымшыларға зейнетақы активтерін басқаратын компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілген. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдіктің құқықтық әрі экономикалық негізі өзектілігін жоғалтты.

Министрліктің түсіндіруінше, енді салымшы басқарушы компанияны өзі таңдағандықтан, инвестициялық шешімнің тәуекелі мен күтілетін табысына да өзі жауап береді. Сондықтан мұндай жағдайда мемлекет есебінен инвестициялық шығындарды өтеу әділ мемлекеттік ресурс бөлу қағидаттарына сәйкес келмейді.

Сонымен қатар ведомство мемлекеттік кепілдік бір реттік өтемақы түрінде ғана төленетінін және оның ұзақ мерзімді зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етпейтінін атап өтті.

Министрлік мемлекеттік кепілдіктің алынып тасталуы азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет бақылауы тоқтайды дегенді білдірмейтінін жеткізді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылау аясында жұмысын жалғастырады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз