Ердоған Ресей мен Украина келіссөздерін қайта жандандыруға ниетті
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған елінің Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді қайта бастау бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Анкарадан Зеленский мен Путин кездесуін ұйымдастыруға көмек сұраған еді.
Түркия 28 ақпаннан бері, яғни АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғаннан кейін тоқтап қалған Ресей–Украина келіссөздерін қайта жандандыруға күш салып жатыр. Бұл туралы Ердоған 22 сәуір, сәрсенбі күні Анкарада НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесуде айтты. Кездесу мазмұны туралы Reuters агенттігі Түркия президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
«Ердоған Түркия Ресей мен Украина арасындағы соғыстың бейбіт жолмен аяқталуына мүдделі екенін, сондай-ақ келіссөздерді қайта бастау және диалогты мемлекет басшылары деңгейінде жандандыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты», – делінген мәлімдемеде.
Кейін Ердоғанның баспасөз қызметі Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен телефон арқылы сөйлескені туралы да хабарлады. Әңгіме барысында Түркия басшысы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы «Еуропаны да әлсірете бастағанын» атап өтті. Сонымен қатар Украинадағы соғысқа тоқталып:
«Президент Ердоған Түркия, Иран мәселесіндегідей, Ресей мен Украина арасындағы соғысты берік бейбіт келісіммен аяқтау және қақтығысты келіссөздер арқылы тоқтату үшін күш салып жатқанын айтты», – делінген хабарламада.
Анкараға үміт артқан Киев
Жақында Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига 17-19 сәуір күндері өткен Анталия дипломатиялық форумына қатысып, «Укринформ» агенттігіне берген сұхбатында Киев Анкарадан Владимир Зеленский мен Владимир Путин кездесуін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды сұрағанын айтты.
Оның сөзінше, мұндай кездесу өтсе, оған Түркия президенті Ердоған мен АҚШ президенті Дональд Трамп та қатысуы мүмкін.
«Біз бұл соғысқа нүкте қойғымыз келеді. Бізде нақты ұсыныстар бар. Түркияның рөліне үміт артамыз, өйткені ол бейбіт процесті жеделдете алады», – деді Сибига.
Мәскеудің ұстанымы
Сибиганың мәлімдемесінен кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Зеленский мен Путиннің кездесуі тек «қорытынды келісімдерді бекіту үшін ғана мүмкін» екенін айтты.
Ол мұндай позицияны бұған дейін де бірнеше рет, соның ішінде 2025 жылдың мамыры мен шілдесінде де білдірген болатын.