Еурокомиссия: Украина өз аумағынан тыс жерде соққы беруге «құқығы бар»
Украина өзін-өзі қорғау үшін өз аумағынан тыс нысандарға соққы беруге құқылы. Еурокомиссия өкілі Питер Стано үш күннен бері Курск аймағында Ресей армиясы мен украин әскерлері арасында жалғасып жатқан шайқастарға осылайша түсініктеме берді, деп жазады Euronews басылымы.
Біз Украинаның заңсыз агрессияға қарсы заңды қорғаныс соғысын жүргізіп жатқанына сенеміз. Өзін-өзі қорғаудың осы заңды құқығы аясында Украина жауға қажет деп тапқан жерде: өз аумағында, сондай-ақ жаудың аумағында соққы беруге құқылы, деді Питер Стано.
Бір күн бұрын Владимир Путин бұл шабуылды «кең ауқымды арандатушылық» деп бағалады. Ресей президенті қорғаныс және қауіпсіздік қызметкерлерімен кездесіп, «азаматтық ғимараттарды, тұрғын үйлерді және жедел жәрдем көліктерін әртүрлі қару түрлерімен нысанаға алуды» талқылады.
Ол министрлер кабинетіне Курск облысының тұрғындарына көмек көрсетуді үйлестіруді тапсырды. Ұрыс Мәскеуден 500 шақырым жерде жүріп жатыр, дейді бақылаушылар. Путин шабуылдың «Батыс қаруын қолдану арқылы» жасалғанын айтты.
Біздің ұстанымымыз 2022 жылдың ақпан айынан бері өзгерген жоқ. Бұл Украинаның агрессиядан заңды түрде өзін-өзі қорғауын толық қолдау болып табылады. Ал біздің қолдауымыз саяси, қаржылық, гуманитарлық, дипломатиялық және әскери көмекті қамтиды. Бұл мәселе бойынша ештеңе өзгермейді, деді Еуропалық комиссияның өкілі Стано.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі өкілі Джон Кирби операция туралы түсініктеме беруден бас тартты және Джо Байден әкімшілігі түсіндірме алу үшін украин тарапына хабарласқанын айтты.