Еуроодақ Ресейден келетін барлық қазба отыннан толықтай бас тартуға ниетті

Екі апта ішінде Еуропалық комиссия Ресейден қазба отын импортына толық тыйым салу жөніндегі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жол картасын таныстырмақ.
Бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Лондонда өткен энергетикалық форумда мәлімдеді. Форумды Ұлыбритания үкіметі мен Халықаралық энергетикалық агенттік ұйымдастырған.
Еуроодақ 2027 жылға дейін Ресейден келетін көмірсутек импортына толық тоқтау салуға уәде еткен. Бұл шешім 2022 жылы басталған Ресейдің Украинаға қарсы соғыс әрекеттеріне жауап ретінде қабылданған.
Газ импорты күрт азайды
Фон дер Ляйеннің айтуынша, соңғы жылдары Еуроодақтың Ресейден тасымалданатын газға тәуелділігі айтарлықтай азайған. 2021 жылы бұл көрсеткіш шамамен 45%-ды құраса, қазіргі уақытта ол 18%-ға дейін төмендеген.
«Алда әлі де көп жұмыс күтіп тұр», — деді фон дер Ляйен. Ол АҚШ-тан келетін сұйытылған табиғи газ (СТГ) көлемінің артқанын және Норвегиядан импорттың ұлғайғанын атап өтті.
АҚШ-пен әріптестік маңызды
Еурокомиссия төрайымы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде халықаралық әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-пен арадағы энергетикалық әріптестік — соның ішінде СТГ жеткізу — Еуроодақ үшін стратегиялық мәнге ие.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропаға америкалық газ экспортының көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізген болатын. ЕО бұл үрдісті сауда тарифтері бойынша келіссөздерде ықпал ету тетігі ретінде де қарастырып отыр.
Жаңа жоспардың құқықтық тетіктері
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Еуропалық комиссия жаңа жоспар аясында бірқатар құқықтық шешімдерді де қарастыруда. Олардың қатарында:
- Еуропалық компанияларға ресейлік газ жеткізушілерімен жаңа келісімшарттарға отыруға тыйым салу;
- Қолданыстағы келісімдерді ешқандай айыппұлсыз бұзу үшін заңдық негіз жасау ұсыныстары бар.
Жаңа энергетикалық стратегия Еуроодақтың Ресейден энергетикалық тәуелділіктен толық арылуына бағытталған ауқымды қадам болмақ. Еуропа қазіргі уақытта балама жеткізушілермен ынтымақтастықты нығайта отырып, экологиялық таза энергия көздерін дамытуға да ден қойып отыр.