Сараптама

Еуропалық Одақ басшылары Ресеймен ықтимал келіссөздерге дайындалып жатыр

Еуропалық Одақ елдерінің басшылары Ресей президенті Владимир Путин мен өтуі мүмкін келіссөздерге дайындала бастады.

1

Бұл туралы Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта мәлімдеді, деп жазады The Financial Times.

Антониу Кошта Флоренциядағы Еуропалық университет институтында сөйлеген сөзінде ЕО-ға мүше 27 елдің көшбасшыларымен Ресеймен ықтимал диалог форматын талқылап жатқанын айтты.

«Мен 27 мүше елдің лидерлерімен біз қалай ұйымдасуымыз керек және тиісті сәт туған кезде Ресеймен нақты нені талқылауымыз қажет екенін анықтау үшін келіссөз жүргізіп жатырмын», — деді Кошта.

Оның айтуынша, Владимир Путин мен келіссөз жүргізуге «мүмкіндік бар», алайда әзірге Мәскеудің «маңызды әрі тиімді» келіссөздерге дайын екенін көрсететін нақты белгі байқалмаған.

Кошта сондай-ақ Еуроодақ АҚШ жүргізіп жатқан келіссөздерге кедергі келтірмейтінін айтты.

Ресеймен ықтимал диалогқа дайындық туралы айтқанда Кошта сәуір айының соңында Кипрде өткен ЕО саммитінде Владимир Зеленский Еуропа елдерін келіссөздерге «оң үлес қосуға дайын болуға» шақырғанын еске салды.

Украиналық жоғары лауазымды шенеунік те бұл ақпаратты растаған.

«Бізге еуропалық деңгейде тығыз үйлестіру қажет», — деді ол. Оның пікірінше, ЕО барлық еуропалықтардың атынан сөйлейтін «лидер» ретінде келіссөздерге қатыса алар еді.

Ресей мен ЕО арасындағы соңғы байланыс

Ресей мен Еуроодақ арасындағы соңғы маңызды байланыс 2026 жылдың ақпан айының басында болған. Сол кезде Франция президентінің кеңесшілері Эмманюэль Бонн мен Бертран Бухвальтер Мәскеуге барып, Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты бейбіт келіссөздерге ЕО қатысу мүмкіндігін талқылаған.

Алайда FT мәліметінше, француздардың ұсыныстарын Кремль қабылдамаған.

«Путиннің барлығына жолдаған негізгі сигналы мынадай: егер сіздер де дайын болсаңыздар, біз конструктивті диалогқа әзірміз. Ал егер жоқ болсаңыздар, онда бізге бұл қызық емес», — деді басылым дереккөзі.

Сонымен қатар наурыз айының ортасында FT Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков француз өкілдерімен әңгімеде бейәдеп сөздер қолданғанын жазған еді. Ал Кремль өкілі Дмитрий Песков француздардың «ешқандай оң сигнал әкелмегенін» айтқан.

АҚШ пен Украина келіссөздері қайта жалғасады

Жақын күндері АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров мен Майамиде кездеседі.

Бұл — АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталған 28 ақпаннан бергі алғашқы келіссөз болмақ.

Бұған дейін Украина мәселесімен айналысқан Уиткофф пен Джаред Кушнер кейін Тегеранмен келіссөздерге ауысқан. Ал Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі Ресей, АҚШ және Украина арасындағы жоспарланған үшжақты кездесуді кейінге қалдырған.

Сонымен қатар Украина делегациясының мүшесі, президент кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов Мәскеу мен Киев бейбіт келісімге жақындап қалғанын айтты.

Оның сөзінше, сәуір айының басына дейін Украина мен Ресей келіссөздерде «максималистік» ұстаным ұстанып келгенімен, енді тараптар ымыра іздеуге жақындай бастаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз