Әлеумет

Эверестте гидтер туристерді улап, алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Непал полициясы Гималай туризмі тарихындағы ең ірі алаяқтықтардың бірін әшкереледі. Гидтер, тікұшақ операторлары мен медицина қызметкерлерінен құралған 32 адам шамамен 20 миллион доллар көлеміндегі сақтандыру төлемдерін алаяқтық жолмен алған деген айыпқа ілінді.

Эверест

Непалдың Орталық тергеу бюросының (CIB) мәліметінше, бұл схема 2022 жылдан 2025 жылға дейін Эверест бағытында және өзге де треккинг маршруттарында жұмыс істеген. Шамамен 4800 шетелдік турист зардап шеккен.

Схема қалай жұмыс істеген?

Гидтер мен туркомпаниялар сақтандыруы жақсы (тікұшақпен эвакуация қарастырылған) туристерді әдейі таңдаған. «Шұғыл эвакуация» жасауға сылтау табу үшін кейбір туристердің тағамына ас содасы қосылған немесе жоғары дозада дәрі берілген деген күдік бар. Бұл жүрек айну, іш өту және таудағы ауру белгілеріне ұқсас симптомдарды тудырған.

Одан кейін:

тікұшақ шақырылған (бір рейс бірнеше сақтандыру оқиғасы ретінде рәсімделген);

жалған медициналық анықтамалар дайындалған;

Катмандуда туристер негізсіз ауруханаға жатқызылған.

Мәселен, Mountain Rescue Service компаниясы ғана 171 жалған эвакуация ұйымдастырып, 10,3 миллион доллар көлемінде есеп ұсынған. Жалпы шығын 20 миллион доллардан асқаны айтылады.

Дегенмен, «уландыру» туралы мәлімдемелерге қарамастан, CIB ресми түрде улы заттардың қолданылғанына нақты дәлел әлі табылмағанын хабарлады. Тергеудің негізгі дәлелдері – қаржылық операциялар, жалған құжаттар мен куәгерлердің айғақтары.

Бұл жанжал Непал туризмінің беделіне ауыр соққы болды. Бірқатар халықаралық сақтандыру компаниялары аймақтағы туристерге арналған полистерін қайта қарастыра бастады. Полиция бұл істі «елдің абыройына нұқсан келтіретін ауыр қылмыс» деп бағалады.

Қазір 11 адам қамауға алынды, қалған күдіктілерге іздеу жарияланған. Тергеу жалғасып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз