Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Forbes-2025: Желаяқ Турлов, Күн астындағы Дариға қыз, Көлтаусар Құлыбаевтар...

Дариға Назарбаева, Тимур Турлов, Құлыбаев
Фото: ашық дереккөз

Жақында Forbes Kazakhstan басылымы еліміздегі байлардың 2025 жылғы жаңартылған рейтингін жариялады.

Тізімге енгендердің арасында бұрынғы олигархтар ғана емес, алғаш рет миллиардер атанған жаңа есімдер де бар. Мәселен, Тимур Турлов биылғы тізімде жылдық байлық өсімі бойынша абсолют рекорд орнатты – оның дәулеті бір жыл ішінде 2,6 миллиард доллар қосып, 3,3 млрд-тан 5,8 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішпен ол Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елімізде миллиардерлер арасында екінші орынға көтерілді. Бірінші орында – Вячеслав Ким, оның да дәулеті 1,3 млрд долларға ұлғайып, 7,1 млрд долларға жеткен. Тізімде әдеттегідей Назарбаевтың отбасы да енген. Құлыбаевтар байлығын жылдағыдай 600 млн долларға арттырса, Нұрбол Назарбаев та көштен қалмай келеді. 

Қазақстандағы Forbes тізімі алғаш рет топ-75 ауқымына дейін кеңейіп, жаңа есімдер легі пайда болды. Бұдан бөлек, тізімге алғаш рет Андрей Лаврентьев (Qarmet), Нұрлан Артықбаев, Назарбаевтармен алысып, байлығын қайтарып алған Тұрсенғали Алагөзов, ABR мейрамханалар желісінің иесі – Асқар Байтасов, бокстан олимпиаданың күміс жүлдегері Серік Қонақбаев, «Олимп» лабораториялар желісінің иесі – Ерлан Сүлейменов және басқалар енген. 2025 жылғы рейтинг бойынша орташа капитал – 622 млн доллардан 767 млн долларға артқан. Жалпы, дәулеттілердің қоры 46,6 млрд доллардан 57,5 млрд долларға өскен. Біз келтіріп отырған мәліметтер тек сандар емес, ел экономикасындағы байлықтың шоғырлануы мен қозғалысының нақты көрінісі. Сонымен қатар Forbes тізіміне енбеген, бірақ қоғам назарында жүрген тұлғалар да бар. Олар келесі тізімде бола ма – уақыт көрсетеді. Ал әзірге – тізімдегілердің кейбірі байлығымен ғана емес, ықпалымен де, саясаттағы салмағымен де шешуші рөл атқаратынын ұмытпау керек. Енді рейтингке енген адамдардың кейбіріне аз-кем тоқталып өтейік.

Вячеслав Ким
Фото: ашық дереккөз

Банкті Назарбаевтардан мұраға алған – Вячеслав Ким

Ким Қазақстанның ең бай адамы ретінде еліміздегі Forbes тізімінде тағы да көш бастап тұр – байлығы 7,1 млрд доллар, ақшасы 2024 жылғы 5,8 млрд-қа 1,3 млрд қосқан. 2024 жылдың қаңтарында Kaspi.kz АҚШ нарығына орналаса сала Вячеслав Ким 334,4 млн долларға акцияларын сатты. Осылайша Kaspi.kz-тің нарықтық капитализациясы қазір 16,3 млрд долларды құрап отыр.

Қазақстандық финтех алпауыты Kaspi банкі бүгінде Nasdaq-та саудаға шыққан, әлемдік деңгейде мойындалған компанияға айналғаны рас. Бірақ оның артындағы байлық пен ықпалдың тарихы – толықтай ашық әрі әділ болды деу қиын. Вячеслав Ким бүгінде Kaspi-дің басты иесі әрі елдегі ең бай адам саналады. Бірақ оның бұл деңгейге қалай жеткенін көпшілік біле бермейді. Kaspi Bank-тің тарихы мен құрылтайшыларына көз жүгіртсек, оның тамыры экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен серіктестеріне барып тіреледі. Мысалы, Kaspi Bank-ке Қайрат Сатыбалдының 2015–2018 жылдары ресми түрде қатысы болғаны белгілі. 2018 жылы Сатыбалды өз үлесін Вячеслав Кимге сатып жіберді. Бейресми дерек бойынша бұл мәміле нарықтағы бағадан үш есе жоғары сомаға жасалған. Бұл факт Kaspi-дің «нарық заңы» емес, жоғарыдан келісілген саяси-экономикалық жоспар аясында дамығанын меңзейді. Kaspi-дегі үлесін арттырған Кимге қаражат қажет болғаны айтылып жүр. Дәл сол кезеңде, 2017 жылы Кеңес Рақышев – тағы бір Назарбаевтармен байланысы бар бизнесмен — Magnum супермаркеттер желісіндегі 35 пайыз үлесін Кимге сатады. Бірақ көп ұзамай Ким бұл үлесті Назарбаевтар әулетіне құпия түрде қайта өткізеді. Зерттеу нәтижесі бойынша Magnum-дағы бұл үлесті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ұлы – Нұрбол Назарбаев сатып алған. Сонда Вячеслав Ким кім болды? Жай ғана табысты инвестор ма? Әлде Назарбаевтар әулетінің сенімді адамы, «көлеңкелі серіктесі» ме? Kaspi-дің бүгінгі жетістігін мойындай отырып, оның негізінде кімдердің мүддесі жатқанын, кімдердің акцияларын құпия сатып, кімдердің атынан бизнес жасалғанын елемеу мүмкін емес. Kaspi – жаңа заманның заманауи технологиясы емес, ескі элитаның ескі үлгідегі байлық шоғырландыру механизмі болуы әбден мүмкін. Ал IPO, инвесторлар мен маркетинг есептері – тек «витрина» болып шықпасына кім кепіл?!

Тимур Турлов
Тимур Турлов. Фото: Сергей Александров

Турлов желаяқ па, алаяқ па?

Отандық Forbes басылымында Тимур Турловтың байлық көлемі 5,8 млрд доллар деп бағаланып, былтырғы 5-орыннан бірден 2-орынға бір-ақ шықты. Оның байлығы Freedom Holding Corp. компаниясының акциялары бағасының үш есеге жуық өсуіне байланысты артты. Турлов – Freedom Holding қаржы-инвестициялық корпорациясының негізін қалаушы. Компания Нью-Йоркте тіркелген. Оның активтеріне «Фридом Финанс» брокерлік үйі, Freedom Bank, Freedom Finance Insurance және Freedom Finance Life сақтандыру компаниялары, Arbuz.kz (онлайн-супермаркет), Freedom Travel сияқты агрегаторлар кіреді. Бұл топ Қазақстанда FinTech пен қаржы нарығының алдыңғы легінде тұр.

Тимур Турлов шетелде де белсенді: Freedom Holding-тің бірнеше елде филиалдары бар. Қосымша активтері қатарында Freedom Mobile ұялы байланыс дүкендері, автокөлік қызметі Freedom Drive, Tatler Kazakhstan журналы мен Chocofamily, Naimi.kz, Bilim Media Group және басқа медиа-сервистер бар. 2024 жылы ол Қарағанды облысындағы Сарыарқа әуежайының 60 пайызын сатып алды.

Алайда Турловтың аты тек жетістік пен рейтингтермен шектелмейді. Соңғы уақытта оның басқарып отырған Freedom Finance компаниясы Қазақстанда бірқатар алаяқтық істеріне қатысты екені БАҚ беттерінде жазылып жатыр. Ондаған адам FFIN Brokerage Services Inc. арқылы ақшаларын жоғалтқандарын айтып шағымданған. Заңгерлердің айтуынша, клиенттер келісімшарттарға «Freedom Finance» кеңсесінде қол қойғанымен, олар шетелдік құрылым арқылы рәсімделіп, лицензиясыз инвестиция ұсынылған. Кей дерекке сай, 150 млн теңгеден астам қаражат компания топ-менеджерлерінің жеке шоттарына аударылған. Компания бастапқыда жауап беруден бас тартқанымен, кейін Световой есімді экс-директорды кінәлап, оны 2024 жылы ішкі тексерістен соң жұмыстан босатқанын хабарлады. Бірақ қоғам мұндай ауқымды алаяқтық әрекеттер басшылықсыз жүзеге асуы екіталай екенін айтып, күмәнданып жатыр. Ал Freedom Finance бұл оқиғаларды «ақпараттық шабуыл» деп сипаттап, өздерін де зардап шеккен тарап ретінде көрсетті. Алайда тергеу басталды, бірнеше қылмыстық іс қозғалды, жәбірленушілер арасында зейнеткерлер, кәсіпкерлер бар. Ең қайғылы жағдай – Петропавл қаласының 43 жастағы тұрғыны Рустам Қасымовтың оқиғасы. Ол компания қызметкерлерінің уәделеріне сеніп, ірі көлемде қаржы салған, алайда ақшасын қайтара алмай, өзіне-өзі қол жұмсаған. Жәбірленушілердің адвокаттары мұндай ауқымдағы алаяқтық әрекеттер Freedom компаниясының жоғарғы басшылығының, соның ішінде оның негізін қалаушы Тимур Турловтың хабарынсыз жүзеге асуы мүмкін емес екенін айтады.

Владимир Ким мен Эдуард Огай
Владимир Ким мен Эдуард Огай. Фото: ашық дереккөз

Назарбаевтың әмияны – Владимир Ким мен Эдуард Огай

Мыс империясының патшалары саналатын бұл екі бизнесмен Kazakhmys (мыс және көмір) және KAZ Minerals (мыс өндіру) компанияларындағы үлесі арқылы байыған. Forbes рейтингіне сай, В.Кимнің байлығы 5,7 млрд-қа өскен (2024 жылғы 3,6 млрд долларға 2,1 млрд қосылды). KAZ Minerals 2023 жылы бұрынғы шығындарын қайта бағалап, 2,156 млрд доллар таза пайда тапты. Өзге жылдары дивиденд бермеген компания 2023 жылы 1,406 млрд доллар аралық дивиденд төледі және оның 70 пайызын В.Ким иеленді (892,8 млн доллар).

Эдуард Огай – Қазақстандағы ең ірі мыс алпауыттарының бірі. Оның байлығы 761 миллион доллар деп бағаланады. Огай Kazakhmys Holding Limited компаниясының тең иесі ретінде «Казақмыс Коуэл» мен «Казақмыс Коппер» акционерлік қоғамдарындағы 30 пайыздық үлеске ие. Бұлар – құрамында «Қазақмыс корпорациясы» бар құрылым. Сонымен қатар ол екі баласымен бірге Абай облысындағы «Қаражыра» көмір кен орнын игеріп жатқан «Қаражыра» АҚ-ның 70 пайызына ие.

Енді бұл екі миллиардердің Назарбаевпен тікелей байланысы бар екені бұрыннан айтылып келеді. Владимир Ким 2018–2022 жылдар аралығында Назарбаев қорына 79,4 млрд теңге аударған. Ким мен Огайдың байлығы артқан сайын, шетелден жылжымайтын мүлік сатып алулары да көбейе түскен. Қаңтар оқиғасынан кейін Кимнің Лондоннан 39,5 млн долларға үш қабатты пәтер сатып алғаны белгілі болды. Ол бастапқыда АҚШ-қа көшуді жоспарлағанымен, визалық мәселелерге байланысты Лондонда қалған. Оның қызы да Еуропадан бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған. Ал серіктесі Огай Нью-Йорктегі Трамптың көршісі болып үлгерген. The Daily Beast ақпараты бойынша, ол 75 млн долларға Сауд сұлтанының пәтерін, тағы 40 млн долларға Беверли-Хиллзде хоккей жұлдызы Уэйн Грецкидің бұрынғы сарайын сатып алған. Бұл жылжымайтын мүліктердің басым бөлігі Demex атты америкалық компания арқылы алынған – дәл осы компания Жақияновтан Назарбаевтардың «Қаражыра» көмір кенін тартып алған кезде пайда болды. Jas Alash бұл туралы көлемді зерттеу мақаласын жариялаған еді.

Қысқаша айтқанда, елімізде бизнес тек ақшамен өлшенбейді. Оның артында саяси «өмір сүру рұқсаты» болмаса, Қазақстанда ірі байлықтың заңды жолмен қалыптасуы екіталай. Ким мен Огай – соның көрінісі. Назарбаевтармен байланысын жоққа шығарған сайын, олардың активтері мен ықпалы, керісінше, сол байланысты айғақтап тұр.

Тимур мен Динара Құлыбаев
Фото: kazenergy.com / foundation.kz

Құлыбаевтар «Жаңа Қазақстан» жағдайында

Экс-президенттің қызы мен күйеу баласы Halyk Bank және ірі мұнай өнімдер саудасы (Qazaq Oil жанармай станциялары желісі) арқылы байлығын еселеп отыр. Forbes бағалауынша, олардың жеке байлығы 5,3 млрд доллардан.

Құлыбаевтар Алмекc холдингі арқылы Халық банкінің 69,8 пайызын ұстап отыр. 2024 жылы банктің мүлкі 19,7 пайыз артып, таза табысы 30 пайызға – 965,8 млрд теңгеге артқан. Сонымен бірге, олардың кәсіпорындары құрамына «Кипрос» топтамасы – Viled, Emdeu, Қамқор Менеджмент, Бахус және PetroRetail (Qazaq Oil желісі) желілері бар. Коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында Mercury Properties арқылы миллион шаршы метрден астам кеңселерге иелік етеді.

Кезінде Қазақстан экономикасының «құлағын ұстаған» Тимур Құлыбаев қазір билікпен «мәміле үстелінде» отыр. Bloomberg дерегіне сүйеніп, экс-президенттің күйеу баласы үкіметпен 1 миллиард доллар көлемінде есеп айырысу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын бұған дейін де жаздық. Құлыбаевтың өкілі бұл соманы «кінәні мойындау» емес деп мәлімдегенімен, оның иелігіндегі бірнеше нысанның мемлекетке қайтарылғаны, миллиардтаған айыппұлдар, соттар мен тәркілеулер мүлдем басқа жайтты аңғартады. Назарбаев дәуірінде кедергісіз өскен бұл империя – мұнайдан банкингке, коммерциялық жылжымайтын мүліктен көмір мен қаржы секторына дейін барлық салада өзінің көлеңкесін қалдырды. Мәселен, тек «Халық банкі» арқылы 15 трлн теңгелік активті бақылауда ұстауы немесе Mercury Properties арқылы 37 ірі нысанды басқаруы, әл-Фараби даңғылының бойындағы ҚазҰУ жерін заңсыз меншіктенуі – бәрі де жүйелі ықпалдың айғағы. Енді соның аз ғана бөлігін, яғни 1 миллиард доллар көлемінде қаржыны қайтару арқылы Құлыбаевтар өмірін «ақ парақтан бастауды» қалайтын сияқты. Бұл бір жағынан «саяси ақталудың» жолы болуы мүмкін. Құлыбаевтың байлығы жылдан-жылға кеміп жатқан жоқ, керісінше, 2024 жылы оның пайдасы 700 млн долларға жеткен. Биыл 600 млн доллар пайда көріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, активтер қысқарса да, кіріс кемімеген. Бұл – саяси салмақтың бизнес үшін әлі де маңызды фактор екенін көрсетеді.

Байлығы қысқарды дейтініміз, Құлыбаевтардың бірнеше мүлкі мен компанияларына салық салу арқылы билік бірнеше миллиард теңге қайтарып алды. Мысалы, 2025 жылы Бас көлік прокуратурасы Құлыбаевтың бақылауындағы «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан 54 нысанды тәркілегенін мәлімдеді. Бұл тізімге отын қоймалары, багаж терминалдары, жер телімдері және қоймалар кіреді. Бұдан бөлек, мұнай және газ секторындағы заңсыздықтар үшін Joint Technologies – 2 миллиард теңге, Каспий Нефть – 13,6 млрд теңге, Silk Way Petroleum – 1,1 млн теңге және 382 млрд теңгені қайтару міндеті, PetroSun – 875 млн теңге айыппұл, тағы 2,2 млрд теңге өз еркімен төлеу міндеттелді. Бұл айыппұлдардың жалпы көлемі 400 миллиард теңгеден асады. Жылжымайтын мүліктер де Құлыбаевтардан алынып жатыр. Мәселен, ҚазҰУ-ға тиесілі жер телімі заңсыз берілген деп танылып, мемлекетке қайтарылды. Медеу ұлттық парк аумағындағы қонақүй кешені сот шешімімен бұзылды. ҚБТУ университетінің ғимараты да мемлекет меншігіне өтті.

Дариға Назарбаева
Фото: Kazakhstan's Presidential Press Service/AP

«Тақ мұрагері» атана жаздаған Дариға Назарбаеваның байлықтары

Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарына енген Дариға Назарбаева 2025 жылдың мамыр айындағы Forbes рейтингі бойынша 17-орынды иеленіп отыр. Оның жалпы байлығы – 571 миллион доллар. Ол ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Казахстан» және НТК телеарнасын иелік ететін «Независимый Телевизионный Канал» ЖШС-ға иелік етеді. Сонымен қатар DLS Group холдингтік компаниясы арқылы «Регион-Медиа», «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика Дала» секілді компанияларда үлесі бар. 2024 жылы жазда үш жұлдызды «Думан» қонақүйінің мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды. Астана қаласындағы бұл нысан 2014 жылы Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың атына жекешелендірілген болатын. Қазір бұл мүлік «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС балансына өткен. Электронды сауда алаңының мәліметінше, 2024 жылдың жазында мемлекет аталған қонақүйді аукцион арқылы екі рет сатуға тырысқан. Алғашқы аукцион 13,98 миллиард теңге бастапқы бағамен өткізілмек болғанымен, қатысушылардың болмауына байланысты өтпей қалған. Екінші аукцион бір айдан кейін өтуі тиіс еді, алайда ол да сауда басталмай жатып тоқтатылған. Былтырғы рейтингпен салыстырғанда Назарбаеваның байлығы біршама азайған. Былтыр тізімде оның байлығы 590 млн доллар болатын.

Елді 30 жыл басқарған кісінің тұңғыш қызы болу оңай емес. Саяси сахнада болсын, бизнесте болсын – бәрі дайын, бәрі жолға қойылған. Мұны шетелде Dynastic Capitalism («Мұрагерлік капитализм») деп сипаттайды. Бұл термин Қазақстанға дөп келетін анықтама. Осы тұста бір кездері тіпті «тақ мұрагері» атанып жүрген Дариға Назарбаеваның саяси карьерасына көз жүгіртіп көрейікші: Мәжіліс депутаты – болды. Премьер-министрдің орынбасары – болды. Сенат депутаты – болды. Ең ақырында, 2019 жылы «әкесі орнын өз еркімен босатқанда» бірден сенат төрағасы атанып, Конституция бойынша президент болуға бір-ақ қадам қалды. Бірақ 2020 жылы отставкаға жіберілді. 2021 жылы мәжіліске қайтып оралды. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін ел ішіндегі саяси аура күрт өзгергенде, «еңбек демалысына» кетіп, қайта оралмады.

Былтыр біз Назарбаеваның компаниялары 500 млн доллар байлыққа ие болатындай табыс таппайтынын жаздық. Ендеше, Дариға Назарбаева қалай 571 млн долларға иелік етіп отыр? Шетелдегі мүліктерін қандай ақшаға сатып алды? Шетел демекші, былтыр күзде The Times басылымы Лондондағы жылжымайтын мүліктер туралы үлкен зерттеу жариялады. Онда Дариға Назарбаеваның Лондонның Хайгейт ауданында 9,3 млн фунт стерлинг тұратын зәулім үйі, Челсидегі екі пәтерінің құны 31 миллион фунттан асатынын жазды. Аталған мүлік Панама офшорларына тіркелген Tropicana Assets Foundation және Villa Magna Foundation қорлары арқылы рәсімделген. Офшорлар мен лондондық сарайлар жайлы деректер әлі де толық емес. Бірақ бір нәрсе анық – Назарбаевтар әулетінің Лондонға деген махаббаты зор. Бұл қалада олар тек инвестиция ғана емес, «қашып кету жолын» да сақтандыру полисі секілді пайдаланғандай.

Әке жолын қуған – Нұрбол Назарбаевтың байлығы

2022 жылға дейін Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың есімі көпшілікке беймәлім еді. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен ол ақпарат құралдарының назарына ілінбей, назардан тыс қалып келді. Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін, әсіресе Болат Назарбаевтың денсаулығы сыр беріп, біртіндеп ел назарынан кеткен тұста, Нұрболдың есімі бизнес қауымдастығында жиі атала бастады. 2024 жылы Forbes Kazakhstan оны 170 миллион доллар байлығымен Қазақстанның ең ауқатты адамдарының қатарына қосты. Алайда осы байлықтың нақты қайдан келгені әлі де белгісіз. Биылғы байлығы сәл өсіп, 179 млн долларға жеткен.

Нұрбол Назарбаевтың аты кәсіпкер Қуат Ерментаевтың шағымы арқылы да жұрт назарына ілікті. Ерментаевтың айтуынша, 2019 жылы өзін «Нұрбол Назарбаевтың туыстарымыз» деп таныстырған топ бизнесінен үлес талап етіп, тіпті физикалық күш қолданамыз деп қорқытқан. Сол қысыммен Ерментаев Porus компаниясындағы 16 пайыз үлесін нотариус арқылы күшпен өткізіп берген. Кәсіпкер бұл әрекеттердің артында Нұрбол Назарбаевтың тұрғанын ашық мәлімдеді. Оның сөзінше, шабуыл жасағандар өздерін «нағашы» мен «бөле» деп таныстырған, ал бастамашы ретінде Нұрбол Назарбаев аталған. Қуат Ерментаевтың ісі – Нұрбол Назарбаевтың күмәнді жолмен байығанының жалғыз көрінісі емес. Болат Назарбаев тірі кезінде бірнеше ірі активтерді тікелей немесе жанама түрде баласына өткізіп үлгерген. Олардың ішінде мейрамханалар, қонақүйлер, көрікті аймақтардағы демалыс базалары, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Prime Capital Holding атты ірі холдинг бар. Бұл холдингтің құрамында бірқатар құрылыс, жалға берумен айналысатын компаниялар жұмыс істейді.

P.S. Құрметті оқырман, біз рейтингтегі кейбір байларға ғана тоқталып өттік. 2025 жылғы Forbes рейтингі – кімнің шынайы кәсіпкер екенін, ал кімнің ықпал арқылы байығанын көрсетуге жасалған бір қадам шығар. Кәсіп пен саясаттың бұл тоғысында байлық көбіне нарықта емес, кабинетте шешіліп жатыр. Кімнің жолы ашық, ал кімнің есеп-қисабы күмәнді – бұл сұрақтың жауабын тек ресми есеп емес, қоғамның сыни назары ғана бере алады.

Қаржысы көптің сөзі өтімді, ал сөзі өтімділердің есебі мүлде бөлек...

Тұрсынбек БАШАР