Форум қарсаңында Украина дрондары Санкт-Петербургке шабуыл жасады
Петербург халықаралық экономикалық форумы (ПМЭФ) басталардан бірнеше сағат бұрын Санкт-Петербург пен Ленинград облысы жаппай дрон шабуылына ұшырады.
Ресей билігі әуе дабылын жариялап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін іске қосты. Ал Украина тарапы мұнай терминалы мен әскери нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, 3 маусымға қараған түні Ленинград облысында әуе дабылы жарияланған. Тұрғындарға дрон қаупі туралы SMS-хабарламалар жіберіліп, мобильді интернет жұмысының баяулауы мүмкін екені ескертілген.
Санкт-Петербург тұрғындары қаланың бірнеше ауданында, соның ішінде Лахта, Фин шығанағы маңы және оңтүстік бөлігінде жарылыстардың дыбысын естігендерін хабарлаған.
Украиналық БАҚ ресейлік дереккөздерге сілтеме жасап, шабуылдан кейін Санкт-Петербург мұнай терминалында өрт шыққанын жазды. Сонымен қатар Кронштадттағы әскери-теңіз базасы маңындағы нысандарға да шабуыл жасалған болуы мүмкін екені хабарланды.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко ондаған дронның атып түсірілгенін мәлімдеді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бір түн ішінде ел аумағында украиналық 354 дрон жойылған немесе ұсталған. Дрондар Мәскеу мен Ленинград облыстарынан бастап Белгород, Брянск, Курск, Ростов, Тула және басқа да өңірлердің үстінде атып түсірілген.
Кейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей аумағындағы маңызды нысандарға соққы жасалғанын растады.
– Біздің алыс қашықтықтағы операцияларымыз нәтижелі болды. Санкт-Петербург мұнай терминалына, Кронштадттағы әскери нысандарға және Тамбов облысындағы қару-жарақ өндіретін кәсіпорынға соққы берілді, – деді Зеленский.
Шабуыл Ресей үшін маңызды халықаралық іс-шаралардың бірі саналатын Петербург халықаралық экономикалық форумы ашылған күні болды.
Биыл форумға 130-дан астам ел мен аумақтың өкілдері қатысады деп күтілуде. Форумның негізгі оқиғасы ретінде 5 маусымда Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін пленарлық отырыс жоспарланған.
Соңғы жылдары ПМЭФ Кремльдің халықаралық экономикалық байланыстарын көрсетуге арналған басты алаңдардың бірі ретінде қарастырылып келеді.