Франция президенті Макрон украиналық режиссер Сенцовпен кездесті
Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей түрмесінде бес жыл отырып, Украина мен Ресей арасындағы"тұтқындар алмасу" операциясынан кейін жақында босап шыққан украиналық режиссер Олег Сенцовпен кездесті.
Кездесу Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы (ПАСЕ) отырысы болған Страсбург қаласында өтті.
Украиналық "Перший" арнасы кездесуден видео жариялады. Видеода Макронның әуелі Сенцовтан шығармашылық жоспары туралы сұрағаны көрінеді. Режиссер кино саласына оралып, кітап жазбақ ойы бар екенін, бірақ қазір бұл жоспарының "кейінге шегерілгенін" айтады.
AFP жазуынша, Сенцов Макронға түрмеде отырған кезде жағдайына алаңдап, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан. Кездесуде Ресей түрмесінде қалған украиналықтардың жағдайы да сөз болған.
Франция билігі мен азаматтық қоғамы өткен жылы Ресей түрмесінде украиналық тұтқындарды босатуды талап етіп, бірнеше ай аштық ұстаған Сенцовты қолдаған. Оған сол кезде Париждің құрметті азаматы атағы берілді. Еуропарламенттің шешімімен Сахаров атындағы сыйлыққа ие болды.
Сенцовпен кездесуден кейін Макрон Еуропа кеңесінің парламенттік ассемблеясы отырысына қатысқан. Макрон жиында Сенцовты "өзге азаматтардың бостандығын өз бостандығынан кем көрмейтін" "ұлы еуропалық" деп атаған.
Бұған қоса, Макрон Еуропа тұтастығын сақтау үшін Мәскеумен де диалог орнатудың маңыздылығын атап өткен. Ресейлік делегацияның ПАСЕ жиынына қатысуын шектейтін шараны алып тастауды қолдаған. Франция президенті Мәскеуде шерушілерге күш қолдану мәселесіне де алаңдаған.
Олег Сенцов — Ресейдің Қырымды жаулап алуына қарсы шыққан Украина азаматы. Ресей билігі оны теракт ұйымдастырмақ болды деп айыптап, 20 жылға соттаған. Сенцов тағылған айыпты мойындамады.