Саясат

Францияда "Сары жилеттер" қайта көтерілді: елде 700-ден астам наразылық акциясы жоспарланған

Францияда 24 қазанда "Сары жилеттер" қозғалысы, кәсіподақтар, студенттер мен мектеп оқушылары қатысатын жаңа ауқымды наразылық акциялары өтпек.

Франциядағы наразылық

Ел билігі тәртіпті қамтамасыз ету үшін 70 мың полиция қызметкері мен жандармды жұмылдырған. 

Наразылық ұйымдастырушылары ел аумағында 700-ден астам акция, оның ішінде 500-ге жуық шеру өткізудіжоспарлаған. Сондай-ақ 86 айналма жолда, 21 жанармай құю станциясында, екі мұнай базасында, 33 теміржол вокзалында және бірнеше порт пен көпірде түрлі қарсылық шаралары ұйымдастырылмақ.

Халықтың көшеге шығуына қымбатшылық, тұрғындардың сатып алу қабілетінің төмендеуі, жалақы мәселесі және мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты наразылық себеп болған. Демонстранттардың бір бөлігі президент Эмманюэль Макронның отставкаға кетуін де талап етіп отыр.

Бұл – 17 қазанда өткен жаппай шерулердің жалғасы. Сол күні биліктің ресми дерегі бойынша Францияда 550 мың адам наразылыққа қатысқан. Алайда кейбір қалаларда бейбіт шерулер тәртіпсіздікке ұласып, дүкендер тоналып, полициямен қақтығыстар болған.

Франция билігі жаңа тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ішкі істер министрі Лоран Нуньес полицияның арнайы жасақтары, әскери бөлімдер, тікұшақтар мен брондалған техникалар пайдаланылатынын мәлімдеді. Бірқатар қалаларда шерулерге шектеу қойылған.

Парижде де наразылық шеруінің бағытына байланысты дау туды. Бастапқыда ұйымдастырушылар Бастилия алаңынан шеру өткізуді жоспарлаған. Алайда полиция бұл бағытқа рұқсат бермеді. 24 қазанда әкімшілік сот биліктің шешімін күшінде қалдырды. Осыдан кейін кәсіподақтар шеруді Италия қақпасынан Венсен қақпасына дейінгі рұқсат етілген бағытпен өткізуге келісті.

Ал "Сары жилеттер" қозғалысының өкілдері 31 қазанда тағы бір наразылық акциясын өткізетінін жариялады. Бұған қоса, Францияның ірі кәсіподақтары 5 қарашада жалақыны көтеру, жұмыс орындарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің жағдайын жақсарту талабымен ереуіл ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Франциядағы бүгінгі наразылық акцияларына қатысушылардың жалпы саны әзірге жарияланған жоқ.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз