Газа секторында алты айда 100-ден астам журналист қаза тапты
Газа секторында соғыс басталған 2023 жылдың қазан айынан бері 100-ден астам журналист қаза тапқан.
Халықаралық журналистер федерациясының (IFJ) мәліметінше, 99 палестиналық журналист пен БАҚ қызметкері, төрт израильдік және үш ливандық журналист қаза таптыы, деп жазады BBC.
Журналистерді қорғау комитетінің (CSJ) есебіне сәйкес, Газадағы соғысты көрсету кезінде 16 журналист жараланып, төртеуі із-түссіз жоғалып, 25-і ұсталды. Газа секторынан хабар бермекші болған журналистер Израиль армиясына қосылып, олар қойған шарттарға келіссе ғана кіре алады.
АҚШ қаржыландыратын гуманитарлық қызметкерлердің қауіпсіздік деректер базасына сәйкес, қазан айынан бері Газада 196-дан астам гуманитарлық қызметкер қайтыс болған.
БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының мәліметі бойынша, соғыстың 175-ші күнінде кем дегенде 32 623 адам қаза тауып, 75 092-ден астам адам жарақат алды. Хамас басқаратын Газа секторының денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстың 178-ші күнінде кем дегенде 32 916 адам қаза тапты, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар, деп жазады басылым.
Фото: REUTERS