Газдан уланып қалды (видео)
Бүгін тал түсте, Қарағанды қаласындағы Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданының Тәттімбет көшесінде он қабатты үйдің 10 тұрғыны иіс тиіп тұншығып қалды.
Тілсіз жаудың шығуына жертөледе сақталған заттар мен қоқыстың тұтанып жануы себеп болған. Қарағанды облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметкері Жанна Дәуренбекованың бізге мәлімдеуінше, тұрғындар кіреберістегі қою түтіннен тараған улы газдан уланған. Оқиғаға орынына жеделдетіп жеткен төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары зардап шеккендерді кейінгі кезде қолданысқа енген әдіспен құтқарды. Өрт сөндірушілер қатерге тап болғандарды баспалдақ қадамы арқылы құтқару қалпақтарын пайдалана отырып аман алып қалды. Түтінді газдан уланған екі бала сегіз ересек қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт 25 минутта сөндірілді. Ажал аузынан қалғандардың барлығына жедел-жәрдем станциясының дәрігерлері дер кезінде көмек көрсеткен. Олардың арасында ауруханаға жеткізуді қажет еткен мұқтаж жандар болмаған.