Германияның жаңа әскери стратегиясы: Ресей – басты қауіп
Германия Қарулы күштері – Бундесвер ел тарихындағы алғашқы толыққанды әскери стратегияға ие болды. Құжатта Ресей Еуропа қауіпсіздігіне төнген негізгі қауіп ретінде аталып, ал Бундесверді құрлықтағы ең қуатты армиялардың біріне айналдыру көзделіп отыр.
Бұл туралы DW жазды.
Германия қорғаныс министрі Борис Писториус 22 сәуір күні Берлинде қауіпсіздік жағдайының өзгеруіне байланысты елдің әскери қорғаныс тұжырымдамасын таныстырды. Құжатта алғаш рет Германияның әскери стратегиясы мен қарулы күштерді дамыту жоспары қамтылған. Дегенмен оның нақты мазмұны құпия сақталған.
Министрдің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин басқаратын ел НАТО-мен әскери текетіреске дайындалып жатыр.
«Ресей қайта қарулану арқылы НАТО-мен қақтығысқа әзірленіп отыр және әскери күшті өз мүддесін ілгерілетудің заңды құралы ретінде қарастырады», – деді Писториус.
Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, Германия кемінде 460 мың әскери қызметкерді одақтастарымен бірге ықтимал қауіпке қарсы қоюға қабілетті болуы тиіс.
Ресейге қарсы стратегия
Құжаттың негізгі бағыты – Ресейден келетін қауіп-қатерге қарсы тұру. Стратегияда Мәскеу «НАТО елдеріне қарсы әскери шабуылға алғышарттар қалыптастырып жатыр» деп көрсетілген. Сонымен қатар, Ресей қазірдің өзінде Батыс елдеріне, оның ішінде Германияға қарсы гибридтік операциялар жүргізуде делінген.
Писториустың айтуынша, Ресей Батысты түбегейлі қарсылас ретінде қабылдайды. Ол НАТО-ның бірлігін әлсіретуді, АҚШ-ты Еуропадан алыстатуды және өз ықпал аймағын кеңейтуді көздейді.
Министр шпионаж, диверсия, кибершабуылдар мен ақпараттық манипуляциялар енді сирек құбылыс емес, тұрақты қауіпке айналғанын атап өтті.
Болашақ армиясы
«Біз Бундесверді Еуропадағы ең қуатты дәстүрлі армияға айналдырамыз. Қысқа мерзімде қорғаныс қабілетін арттырамыз, орта мерзімде әлеуетімізді едәуір күшейтеміз, ал ұзақ мерзімде технологиялық басымдыққа қол жеткіземіз», – деді Писториус.
Стратегия авторлары болашақ соғыстың нәтижесін ақпараттық үстемдік шешеді деп есептейді. Мәліметтер қаруға айналып, жасанды интеллект адам мүмкіндігін кеңейтетін негізгі құралдардың бірі болады.
Бундесвер қарсыластан ақпараттық артықшылықты тартып алып, оны өз пайдасына пайдалануды мақсат етеді. Бұл үшін ғарыш пен киберкеңістіктегі қорғаныс және шабуыл әлеуеті күшейтіледі.
Соғыс сипаты өзгереді
Құжатта болашақ соғыс бір мезгілде өткеннің де, болашақтың да құралдарымен жүргізіледі деп көрсетілген. Яғни, кванттық есептеулер мен робототехника секілді жоғары технологиялар арзан әрі жаппай қолданылатын дрондармен қатар пайдаланылады.