Грузия парламенті жаппай наразылыққа қарамастан «Шетел агенті» туралы заңды қабылдады
Грузия парламенті жаппай наразылықтарға қарамастан «шетел агенттері» туралы заңды үшінші оқылымда қабылдады.
Бұл туралы «Формула» телеарнасының тілшісі парламент отырысының тікелей эфирінде хабарлады. Заң жобасына 84 депутат дауыс берді.
Бүгінгі отырыста биліктегі «Грузин арманы» партиясының депутаты Дито Самхарадзе мен оппозиция өкілдері арасында қақтығыс болды. Таңертеңнен бері парламент ғимаратының алдында наразылық шеруі өтіп жатыр.
Заңға қарсы наразылық білдірушілер парламент аумағына басып кіруге тырысуда.
RusNews телеграм-арнасы жариялаған кадрларда наразылық білдірушілердің темір тосқауылдарды ломмен қалай бұзып өтпек болғаны көрсетілген. Кейбір наразылық білдірушілер қалқандардың үстіне шығуға тырысып жатқаны көрінеді.
Грузия парламенті үшінші және соңғы оқылымда қабылдаған «Шетел агенті» туралы заңға бір ай бойы он мыңдаған адам наразылық білдірді.
Фото: Reuters/Scanpix/LETA