Әлеумет

Хуситтер Сауд Арабиясының мұнай танкерлеріне шабуыл жасады

Иран қолдайтын Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде Сауд Арабиясына тиесілі мұнай танкерлеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді.

1

Бұл олардың Саудияға теңіз блокадасын жариялағаннан кейінгі алғашқы шабуылы болды. Осы уақытта АҚШ әскері Иран аумағына 12-түн қатарынан әуе соққыларын жалғастырды.

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари Қызыл теңіздегі Encelia және Layla танкерлеріне зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасалғанын айтты. Саудияның SPA агенттігі Encelia танкерінің тұмсық бөлігінде өрт шыққанын растады. Ұлыбританияның теңіз саудасын бақылау басқармасы (UKMTO) шабуылдан зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Ал Layla танкеріне жасалған шабуыл әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Шабуылдан кейін әлемдік мұнай бағасы 4,2 пайызға өсіп, бір баррельдің құны 98 долларға жетті. Бұл – маусым айының басынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Reuters мәліметінше, хуситтердің әрекеті Иранның АҚШ-қа қысым көрсету стратегиясының бір бөлігі болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, Тегеран Ормуз бұғазымен қатар Қызыл теңіз бағытында да қысым жасап, әлемдік мұнай тасымалының тағы бір маңызды дәлізін бақылауға алуға тырысып отыр.

Осыған дейін Иран Ормуз бұғазындағы шектеулерді қайта енгізсе, енді Қызыл теңіздегі қауіптің күшеюі Саудия мұнайының тасымалына қосымша қауіп төндіріп отыр.

Сонымен қатар, АҚШ Орталық қолбасшылығы Ирандағы зымыран қоймаларына, дрон базаларына, әуе қорғаныс жүйелеріне және жағалаудағы әскери нысандарға кезекті соққылар жасалғанын мәлімдеді. АҚШ пен Иран арасындағы өзара шабуылдар 12-түн қатарынан жалғасуда.

Бұл ретте Катардың арағайындығымен АҚШ, Иран және Оман өкілдері Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру және әскери қимылдарды тоқтату жөнінде келіссөздерді жалғастырып жатыр. Алайда Axios дерегінше, Тегеран әзірге ұсынылған соңғы келісім жобасын қабылдамаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз