Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:12

Индонезияда блогерге шабуыл жасады деген күдікке ілінген қазақстандық модель елге оралды

 Гүлсезім Алтайбекова
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық модель Гүлсезім Алтайбекова, Индонезияның Бали аралында ресейлік блогер Карина Фадееваға шабуыл жасады деген күдікке ілінгеннен кейін, елге оралды.

Бұл туралы ол өзінің TikTok парақшасында мәлімдеді.

Гүлсезім Алтайбекова Бали аралындағы түрмеде болғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, жағдай тараптардың татуласуымен аяқталған.

«Менің түрмеде болғаным туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен жазасын өтеген жоқпын және сотталған емеспін. Қақтығыс реттелді, тараптар бітімге келді», – деп жазды ол.

Zakon.kz басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Алтайбекованың елге оралғанын растады. Ведомство мәліметінше, Индонезия полициясы тараптар арасындағы татуласу келісіміне байланысты істі тоқтатқан.

Алайда 5 ақпанда ресейлік блогер Карина Фадеева өзінің Telegram-арнасында Бали соты Гүлсезім Алтайбековаға айыппұл салып, төрт аптаға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарғанын жазған.

«Іс жабылды, жаза өтемақы және төрт апта түрме түрінде белгіленді. Мен кешіремін, бірақ егер адам сабақ алмаса, өмір бәрібір өз орнына қояды», – деген Фадеева.

Ол сондай-ақ болашақта Алтайбекова тарапынан өзіне немесе басқа біреуге қатысты заңға қайшы әрекеттер жасалса, бұл жаңа істің қозғалуына негіз болатынын айтқан.

Еске салайық, екі тарап арасындағы жанжал 10 қаңтарға қараған түні Бали аралындағы Бадунг ауданындағы барлардың бірінде болған. Карина Фадеева басынан соққы алғанын, есінен танып қалғанын, басы мен ернінен жарақат алғанын, сондай-ақ ішінара есту қабілетін жоғалтқанын мәлімдеген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Фадееваға жанжал кезінде Алтайбекова лақтырған металл шам тиіп, жарақат алған.

Бұған дейін қазақстандық модель Индонезия құқық қорғау органдары тарапынан ұсталып, елден шығуға тыйым салынғаны және сотты күту кезеңінде қамауда болғаны хабарланған.

Фадеева оқиғадан кейін Алтайбекова тарапынан сотқа дейін татуласу және өтемақы төлеу ұсынылғанын, бірақ ұсынылған сома келтірілген зиянды өтемейтінін айтып, одан бас тартқанын мәлімдеген.

Жанжал болған бар әкімшілігі қақтығыс тараптардың өзара наразылығынан басталғанын және бастамашы Фадееваның құрбылары мен Алтайбекова компаниясы арасындағы түсініспеушілік болуы мүмкін екенін айтқан. Бұл нұсқа ресми түрде расталмаған.

Бұған дейін Ulysmedia басылымы жанжал украин музыкасы мен саяси пікірлерге байланысты туындауы мүмкін екенін жазған. Мәліметке сәйкес, Фадеева украин музыкасына байланысты ескерту жасаған, ал жауап ретінде «Слава Украине» деген ұран айтылған. Алайда бұл нұсқаны тараптардың ешқайсысы ресми түрде растаған жоқ.